Фото: Virginia Mayo
Мәлімдемеде одақтың ұстанымы айқын көрсетілген. Ол Николас Мадуроны демократиялық жолмен сайланған заңды президент деп мойындамайды. Сонымен қатар Брюссель Венесуэлада демократияға көшу процесі бейбіт сипатта өтуі және оны венесуэлалықтардың өзі жүзеге асыруы қажет деп есептейді. Бұл ретте елдің егемендігі мен тәуелсіздігі толық сақталуы тиіс екені атап өтілген.
Кая Калластың айтуынша, қазіргі дағдарыстан шығудың жалғыз жолы – Венесуэла халқының ерік-жігерін құрметтеу. Ол халықаралық құқық қағидаттары кез келген жағдайда сақталуы қажет екенін айтып, бұл мәселеде АҚШ-тың ерекше жауапкершілігі барын еске салды. Себебі Вашингтон БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі саналады.
ЕО құжатында трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа және есірткі трафигіне қарсы күрестің маңыздылығы да сөз болады. Алайда мұндай әрекеттер тек Венесуэланың аумақтық тұтастығы мен егемендігі толық сақталған жағдайда ғана жүргізілуі тиіс деп көрсетілген.
Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Венесуэланың уақытша президенті деп аталған Делси Родригеске қатысты мәлімдеме жасап, Вашингтон талаптары орындалмаса, салдары болатынын айтқан еді. Оның сөзінше, АҚШ Венесуэла билігінің ынтымақтастықтан бас тартуына шыдамайды.
БҰҰ қауіпсіздік кеңесі Венесуэладағы жағдайға байланысты шұғыл отырыс өткізеді