Ведомствоның мәліметінше, 1 қаңтарға қараған түні Сарайшық ауданындағы тұрғын үйлердің бірінде жүк-жолаушылар лифті үшінші қабаттан күрт төмен түсіп, бірінші және екінші қабаттардың арасында тоқтап қалған. Соның салдарынан лифт ішіндегі адамдар сыртқа шыға алмай қалған.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар арнайы лифт кілтінің көмегімен есікті ашып, адамдарды қауіпсіз түрде сыртқа шығарған.
«Құтқару жұмыстары барысында зардап шеккендер жоқ, медициналық көмек қажет болмады», деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.
Еске сала кетейік, бұған дейін, 13 қараша күні Астанадағы «Арыстан» тұрғын үй кешенінде жөндеу жұмыстары кезінде лифт үзіліп кеткен еді. Салдарынан бір қызметкер қаза тауып, тағы екі адам жарақат алған. Аталған дерек бойынша полиция еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу бабымен қылмыстық іс қозғаған.