Президент • 01 Қаңтар, 2026

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларына Үндеуі

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Құрметті әріптестер!

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Еуразиялық эконо­ми­калық одақ органдарына төрағалық етеді. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларына Үндеуі

Сурет: liter.kz

Биыл Еуразиялық экономикалық одақ үшін мерейтойлық жыл болды. Біз интеграциялық бірлестігімізді дамытудың екінші онжылдығына нық сеніммен қадам бастық. Соңғы жылдардағы жаһандық дүрбелеңдерге қарамастан мемлекет­теріміздің экономикасы оң қарқын алды.

Алдағы ортақ міндетіміз – ЕАЭО-ның әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін нығайту, интеграциялық тиімділігін күшейту. 2026 жылы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі экономикалық процестерді одан әрі дамыту туралы 2030 жылға дейінгі және 2045 жылға дейінгі кезеңге арналған «Еуразиялық экономикалық жол» декларациясы жүзеге асырыла бастайды. Осы стра­тегиялық құжатта белгіленген мақсаттар мен міндеттерге баса назар аударылады.

Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалығы барысында Қазақстан Республикасы келесі негізгі бағыттарға ден қоюды ұсынады.

  1. Жасанды интеллект – экономикалық интеграцияны дамытудың тың құралы.

Әлемде бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктерге жол ашатын тарихи дәуір басталды. Алайда технологиялық теңсіздіктің артуымен бірге жаңа қатерлер де пайда болады. Сарапшылардың бағалауынша, кейінгі жылдары жасанды интеллектіні дамытуға құйылған жаһандық инвестиция көлемі 1 трлн доллардан асты. Ал ЖИ-дің әлем экономикасына қосатын үлесі алдағы онжылдықта 10 трлн доллардан асуы ықтимал.

Біздің міндетіміз – жаңа технологияларды халықтарымыздың игілігіне бағыттап, еуразиялық экономикалық интеграцияның басты факторына айналдыру. Қазірдің өзінде жасанды интеллект технологиялары сауда ағынын болжауға қатысты мәселелерді оң шешіп, кедендік түсімдер мен сауда келісімдерінің мемлекет экономикасын өркендетуге ықпалын дәл бағалай алады.

Қазақстан Республикасы алдағы уақытта толық цифрлық мемлекетке айналу жөнінде стратегиялық мақсат қойды. Астанадағы Alem.ai орталығы, Алатау­дағы CryptoCity пилоттық аумағы секілді мемле­кеттік бастамалар цифрлық экожүйені белсенді дамытуға дайын екенімізді көрсетеді. Қазақстан ЕАЭО аясындағы серіктестерімен жасанды интеллект, цифрлық реттеу және экономиканы трансформациялау салаларында білім мен тәжірибе алмасуға әзір. Бірлескен күш-жігер арқылы технологиялық жаңашылдықтарға оңай бейімделе аламыз.

2026 жылы Астанада өтетін Еуразиялық экономи­калық форум алаңында ЕАЭО шеңберінде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдемеге қол қоюды ұсынамыз. Аталған құжат елдеріміздің цифрлық трансформация саласындағы ынтымақтастығының жаңа бағытын айқындайды.

  1. Еуразияның логистикалық хабы: әлеуеттен – көшбасшылыққа.

Еуразиялық экономикалық одақ, бұл – Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы геосаяси көпір. Елдеріміздің территориялары арқылы негізгі көлік бағыттары өтеді. Осы орайда біз ортақ мақсатқа ден қойып, құрлықтағы жетекші логистикалық хабқа айналуға тиіспіз. Бұл үшін көлік-логистикалық және кедендік инфрақұрылымды жетілдіру, халықаралық көлік дәліздері мен мультимодальдық тасымалды ілгерілету бойынша шұғыл шаралар қабылдап, ЕАЭО мен үшінші елдердің ірі логистикалық компаниялары арасында тығыз ықпалдастық орнату қажет.

Интеллектуалды жүйені енгізу және үлкен деректерді пайдалану біртұтас логистика құруға мүм­кіндік береді. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер аумағы­мен өтетін жүк барынша тез, кедергісіз әрі бюро­кратиялық әуре-сарсаңсыз тасымалдануы керек. Қазақстан бұл бағытта белсенді жұмыс атқа­рып келеді. Smart Cargo қанатқақты жобасы іске қосыл­ды. Құжаттандыру ісі электронды форматқа ауысты­рылуда. Бұл платформаны ЕАЭО елдеріндегі серік­тес­теріміздің жүйелерімен интеграциялауға әзірміз.

ЕАЭО аясында жасанды интеллект базасы арқылы кіріктірілген жүк ағынын басқару жүйесін құруды ұсынамыз. Мұндай платформа жеткізу мерзімі мен қаржылық кешіктірулерді азайтуға, еуразиялық дәліздердің бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал етеді. Жаһандық тасымал тізбегіне қосыла алатын бірыңғай көлік құрылымын қалыптастыру үшін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерді күш жұмылдыруға шақырамыз.

  1. Технологиялық серпіліс: өндіріс пен агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру.

Өндіріс пен агроөнеркәсіп кешені ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экономикалық негізін құрайды. Әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті өнім шығару мақсатында кооперацияны кеңейту әрі тереңдету – біздің ортақ міндетіміз. Еуразиялық экономикалық одақта қазірдің өзінде өндіріс пен агроөнеркәсіп кешенінің кооперациялық жобаларын қаржыландыру тетіктері бар. Ең алдымен, қаржыны серпінді инновациялық жобаларға бағыттауымыз қажет.

Әрбір кәсіпорын мен ферманың цифрлық шешімдерді, жасанды интеллектіні пайдалануға ниет танытуы маңызды. Бұл ретте компаниялардың әлеуетімен танысуға арналған алаңдар құру, сондай-ақ автоматтандыру саласындағы стартаптар мен құзырет орталықтарын дамытқан жөн.

Еуразиялық экономикалық комиссия серпінді бастамаларға белсенді түрде қолдау көрсетуге тиіс.

  1. ЕАЭО шеңберінде сауда-саттыққа ешқашан кедергі болмауы қажет.

Әкімшілік кедергілердің барлығын жою керек. Сауда-саттық пен басқа да жекелеген салалар­дың дамуын тежейтін, азаматтардың барыс-келісін шектеп, шекаралардағы жүк көліктерінің кезегін туындататын қолдан жасалған кедергілер өткеннің еншісінде қалуы қажет. Кедендік реттеу және мемлекеттік бақылаудың басқа да шаралары (көліктік, санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер үкіметтеріне қысым жасаудың құралына айналмауға тиіс.

ЕАЭО-да кедергісіз орта қалыптастыруды көздей­­тін көптеген құжат қабылданды. Тиісті жауапкер­шіліктерді мүлтіксіз орындау, белгіленген тәртіпті бұзуға жол бермеу – өте өзекті. Бұл – Еуразиялық экономикалық комиссияның міндеті.

Ықтимал кедергілерді жедел анықтау үшін Ұйымға мүше мемлекеттердің заңнамалық бастамаларын мониторингтеу ісіне жасанды интеллект технологияларын қосуды ұсынамыз.

  1. Сауданың жаңа географиясы: жаһандық диалог.

ЕАЭО сыртқы серіктестерімен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі жандандыра түсуге тиіс.

2025 жылы Моңғолия және Индонезиямен Еркін сауда аймағы туралы келісімге, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерімен Экономикалық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Бұл – Ұйымға мүше мем­лекеттер мен Комиссияның бірлескен жұмы­сының нақты нәтижесі.

Таяу келешекте ЕАЭО-ның Жаһандық Оңтүстік, Араб елдерімен, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка мемлекеттерімен, сондай-ақ аймақтағы беделді бірлестіктермен ықпалдастығын кеңейткен дұрыс.

*  *  *

Экономикалық интеграция – ЕАЭО аясындағы ынтымақтастықтың нәтижелерін сезінуге, яғни жаңа өндіріс және жұмыс орындарын ашуға, алдыңғы қатарлы технологияларды енгізуге, еркін сауда ортасын қалыптастыруға септігін тигізетін маңызды тетік.

Қазақстан Республикасы Ұйымға төрағалығы кезінде күн тәртібіне енген тапсырмаларды барынша орындауға ниетті.

Бірлескен күш-жігер арқылы ғана көздеген мақсатқа қол жеткізіп, ЕАЭО-ға мүше мемлекет­тердің экономикасын қарқынды дамытып, интеграциялық бірлестігіміздің ортақ әлеуетін нығайта алатынымызға сенімдімін. 

Соңғы жаңалықтар