Саясат • Кеше

Еліміз «ЕАЭО+» серіктестігін кеңейтпек

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Осы жылы еліміз Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық етеді. Қазір одақ елдері арасында мәселе көп. Қазақстан тізгінді алған соң, алдымен шекарадағы жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегін жоюы қажет. Сондай-ақ ортақ игі істерге негізделген бастамаларды алға тартуы керек. Одақ елдері үшін қандай салалар басым болады? Жалпы, еліміздің төрағалығынан әлем не күтеді?

Еліміз «ЕАЭО+» серіктестігін кеңейтпек

Сурет: primeminister.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург қаласында өт­кен Жоғары Еуразиялық экономика­­лық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысын­­да уақыт ағымынан қалмай, заманауи технологияларды ЕАЭО-ға мүше елдер эко­но­микасының барлық саласына енгізу қа­жет екенін айтып, жасанды интеллект технологиясын ЕАЭО қызметіне ен­гізе ­бастауды ұсынды. «Атап айтқанда, мұн­дай жүйелерді сауда ағынын жоспарлау мен кедендік баж салығының ықпалын бағалауға қазірдің өзінде пайдалануға болады. Келесі жылы Қазақстан ұйымға төрағалығы аясында дәстүрлі Еуразия экономикалық форумын өткізеді. Осы жиында Экономикалық одақ кеңістігінде Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану туралы бірлескен мәлімдеме қабылдауға болар еді», деді Президент.

Осы орайда еліміздің Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалығын Sputnik Қазақстан мультимедиялық баспасөз орталығында отандық және ресейлік сарапшылар талқылады. «TALAP» қолданбалы зерттеулер орта­лығының директоры, экономист Рахым Ошақбаевтың айтуынша, осы күнге де­йін Еуразиялық экономикалық одақ оған мүше елдерде тұрақты экономикалық даму құралы ретінде өзінің тиімділігін дәлелдеді. Енді одақ елдеріне Каспий порттары мен Трансауған дәлізін дамыту маңызды.

«Негізі стратегиялық құжаттарда, оның ішінде «2030 жылға дейінгі Еура­зиялық экономикалық жол» бағдар­ла­масында Қазақстанның басымдықтары көрсетілген. Онда еліміз цифрлан­дыру мен жасанды интеллектіге баса назар аудару қажет делінген. Жалпы алдағы уақытта сыртқы қысым сақталады. Көп нәрсе Украина келіссөздерінің нәтижесіне байланысты болады. Әрине, санкциялар алынып, жаңа аймақтарға жол ашылатын бейбіт келісімге қол жеткізілсе, бұл бір жағынан ЕАЭО кеңеюіне серпін беретін еді. Ал шиеленіс одан әрі орын алатын болса, ЕАЭО қазіргі дағдарысқа қарсы режімде жұмыс істеуін жалғастырып, бар келеңсіздіктерді бәсеңдетуге ден қояды», деді Р.Ошақбаев.

Ал Новосібір мемлекеттік экономика және басқару университетінің «Ресей – Орталық Азия» аймақтық салыстырмалы зерттеулер орталығының жетекшісі Денис Борисов Қазақстан 2026 жылы «ЕАЭО+» серіктестігін кеңейтуі әбден мүмкін екенін айтады. Әсіресе одақтың Парсы шығанағы елдерімен еркін сауда жасауына жол ашылмақ. Сарапшының айтуынша, Қазақстан өзінің бірегей халықаралық позициясын пайдаланып, Батыспен де, Шығыспен де, Оңтүстікпен де тұрақты өзара іс-қимыл жасап келеді.

«Қазіргі ең маңызды міндет – ең ірі мұсылман елі Индонезиямен келісімді аяқтап, оны шегелеп алу қажет болып отыр. Осы кезде ЕАЭО мүшелерінің жұмыс істейтін операциялық кеңістіктері айтарлықтай кеңеймек. Менің ойымша, Қазақстанның төрағалығы ЕАЭО жұмысын осы салаға жұмылдыру қажет, әрі оның табысты болатынына сенім­дімін», деді сарапшы.

Сондай-ақ сарапшының айтуынша, ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды. Өйткені бұл сала Қазақстан мен Ресей арасындағы қуатты серіктестіктің арқа­сында көптеген артықшылыққа ие.

«Ресей өнеркәсіп, өндіріс, техноло­гия елі болса, Қазақстан – ядролық отынды өндіру мен қайта өңдеуде көш­басшы мемлекет. Бұған ЕАЭО, Иран, Вьетнам, Парсы шығанағы елдері мен Индонезияның институционалдық не­гіз­дерін қосқанда, бізде жұмыс істеп, ар­тық­шылықтарымызды дамытатын ма­ңызды экономикалық сегмент бар», деп қосты Д.Борисов.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петер­бург қаласында өткен Жоғары Еура­зия­лық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысында сауда-эко­но­ми­ка­лық ынтымақтастық аясын кеңей­ту­ді белсенді қолға алған дұрыс екенін айт­қан еді. Президенттің айтуынша, биыл Моңғолиямен Еркін сауда аймағы туралы келісімге, Біріккен Араб Әмірліктері­мен Экономикалық серіктестік туралы келісімге қол қойылған. «Таяу келешек­те ЕАЭО-ның Жаһандық Оңтүстік, Араб елдерімен, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка мемлекеттерімен ықпалдасты­ғын кеңейту маңызды деп санаймыз. Соны­мен қатар ШЫҰ, АСЕАН секілді басқа да маңызды ұйымдармен ынтымақтас­тық­қа айрықша көңіл бөлу керек», деді Президент.

Сарапшылардың пікірінше, өзара тиімді ынтымақтастықтың тағы бір ­перспективалы бағыты – туризм. Көп­те­ген елде бұл сала ІЖӨ-нің 10 пайызына дейін үлес қосады.

«Бұл саланы дамытуға айтарлықтай әлеует бар. Мысалы, Армения – Ресей­дің ең танымал туристік бағыттарының бірі, ал Қазақстан көлік және логистика жағынан қолжетімді», дейді ресейлік саясаттанушы, Орталық Азия бойынша сарапшы Дарья Рекеда.

Одақтың құрылу тарихына көз жү­гіртсек, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) құру туралы шарт 2014 жыл­дың 29 мамырында Астанада жасалды. Оған Қазақстан, Ресей мен Беларусь президенттері қатысты. Кейінірек одақ­қа Армения мен Қырғызстан қосылды. Бүгінгіде Молдова, Өзбекстан мен Куба – ЕАЭО-ның бақылаушы мемлекеттері.

ЕАЭО ұлттық экономикаларды жан-жақты жаңғырту, кооперация мен бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақ­сатында құрылды, ал одақтың жұмысы оған мүше елдер азаматтарының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі міндеттерді шешуге бағытталған. Айта кету керек, ЕАЭО – саяси бірлестік емес, одақ туралы шарт жасалған кезде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер оны саясиландырудан бас тартты. ЕАЭО аясында тек экономикалық ынтымақтастық, сондай-ақ егемендік, теңдік қағидаттарын қамтамасыз ету және оған мүше елдердің ұлттық мүдделерін есепке алу мәселелері қаралады. ЕАЭО – Кеден одағы мен Бірыңғай экономика­лық кеңістік аясында мемлекеттер қол жеткізген уағдаластықтарға негізделген өңірлік экономикалық интеграцияны қамтамасыз ететін халықаралық ұйым.

ЕАЭО органдары – Жоғары Еуразия­лық экономикалық кеңес (мүше елдер басшылары), Еуразиялық үкіметаралық кеңес (мүше елдердің үкімет басшылары), Еуразиялық экономикалық комис­сия және ЕАЭО Соты.

Айта кетсек, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы 28–29 мамырда Астанада өтеді.

Сондай-ақ биыл елімізде «Орталық Азия – Жапония» саммиті өтеді. Бұл форматтағы төрағалық Қазақстан тарапына өтті. Еліміз Күншығыс елімен бірыңғай туристік маршрут әзірлеу, виза рәсімдерін жеңілдету секілді туризм саласындағы ықпалдастығын нығайтпақ.

«Орталық Азия елдерінің тарихы мен мәдени мұрасы бай, табиғаты әсем. Бұл жапон туристерін қызықтырары сөзсіз. Қазақстан Жапониямен туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңей­туге ниетті. Жапониялық туристерге Орталық Азияның бірыңғай туристік маршрутын әзірлеген жөн деп есептей­мін. Сондай-ақ Орталық Азия елдері­нің хал­қына визалық рәсімдерді жеңілдет­кен дұрыс. Бұл жапондық туристердің ­бір сапарда бірнеше елді аралап шығуы­на мүмкіндік береді. Ал біздің азамат­тарымыз Күншығыс елімен етене таныса алады», деді Мемлекет басшысы Жапония­ға жасаған сапарында. 

Соңғы жаңалықтар

Зейнетақыны алу тәртібі өзгеруі мүмкін

Экономика • 31 Желтоқсан, 2025