Спорт • Кеше

Айтулы додалар күтіп тұр

10 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өткен жылан жылы да тарих жылнамасына қатталды. Биылғы жылқы жылында да тартысқа толы сайыстардың дүбірі жиі естілетіні анық. Спортшыларымыз-дың сыналар сәті таяп келеді. Ақпанның алғашқы аптасында қысқы Олимпиада додасы басталады. Одан кейін жазғы Азия ойындарының да жаңғырығы жақындай түседі.

Айтулы додалар күтіп тұр

Қысқы Олимпиада жүлдесінен үміттіміз...

Биылғы жылдың басты аламаны – Италия елі ұйымдастыратын қысқы Олимпиада. 6-22 ақпан аралығын дүбірге бөлейтін төрт жылдықтың басты додасы Милан мен Кортина-д’Ампеццо қала­ларында өтеді. Туризм және спорт министрлігі ұлт­тық команданы ХХV қысқы Олимпиадаға дайындаудың кешенді жоспарын әзірлеп, кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді.

Болжамға сүйеніп бағамдасақ, Олимпиадаға елімізден шамамен 35 спортшы барады. Отандық атлеттер қысқы Олимпиаданың 10 түрінде бақ сынауды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, биатло­н, конькимен жүгіру спорты, мә­нерлеп сырғанау, шорт-трек, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы спорты, фристайл-могул және фристайл-акробатика бар.

Қанжығамызға бөктерген лицензия саны әзірге аздау. Софья Самоделкина мен Михаил Шай­доров мәнерлеп сырғанаудан 2 жеке ресми лицензияны былтыр әлем чемпионатында еншіледі. Сонымен қатар спортшыларымыз шорт-тректен 9, конькимен жүгіруден 12 лицензия жеңіп алды. Команданың түпкілікті құрамы спортшылардың халықаралық жарыс­тардағы нәтижелеріне қарай айқындалады. Олимпиада квота­ларының нақты саны биылғы қаңтар айының соңына қарай белгілі болады. Кешенді жоспарды іске асыру аясында министрлік республикалық спорт федерацияларымен, өңірдегі әкімдіктерімен бірлесіп жаттығу үдерісін қам­тамасыз етуді күшейтіп, жүйелі жұмыс жүргізді. Атап айтқанда, қысқы спорт түрлерінен ұлттық құрамалар 178 оқу-жаттығу жиы­нын өткізіп, 125 халықаралық жарысқа қатысты. 

Жаттықтырушылар құра­мына әлем чемпионаттары мен Олимпиадада тәжірибесі бар жоғары деңгейдегі мамандар тар­тылған. Олардың Германия, Нидерланд, Испания, Словения, Польша, Ресей, Беларусь елдерінен мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, шорт-трек, биатлон сайысынан білікті 13 шетелдік жаттықтырушы-кеңесші спортшыларымыздың сапалы дайындығына тартылды.

Сонымен қатар конькимен жүгіруден қысқы Олимпиадаға қатысатын ұлттық құраманың тізімі бекітілді. Спортшылар был­­тыр 14 қараша мен 14 жел­тоқсан аралығында АҚШ, Ка­нада, Нидерланд, Нор­вегияда өткен Әлем кубогі ке­зеңдерінің қорытындысында 12 лицензия олжалаған еді. Ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабының шешімімен Италиядағы ақ Олим­пиада конькимен жүгіруден Евгений Кошкин, Кристина Си­лаева, Елизавета Голубева, На­дежда Моро­зова, Арина Илья­щенко додаға түседі.

спорт

Отандық шорт-трекшілер ел қоржынына 9 жолдама салды. Бап­керлер құрамының шешімімен Миланда Денис Никиша, Абзал Әжіғалиев, Ольга Тихонова, Яна Хан бақ сынайды. 

Ұлттық құраманың капитаны Денис Никиша – елдегі ең танымал спортшының бірі. 15 жылдан бері шорт-трек спортымен кәсіби шұғылданады. Бұған дейін ол 2014 жылы Сочи (Ресей), 2018 жылы Пхёнчхан (Оңтүстік Корея), 2022 жылы Бейжің (Қытай) қа­лаларында өткен қысқы Олимпия ойындарына қатысқан. Қазақ спор­тының тарихында шорт-тректен әлем чемпионатында жүлде алған тұңғыш спортшы. Қысқы Азия ойындарының чемпионы. Сондай-ақ Әлем кубогі кезеңдерінде бірнеше рет топ жарды, күміс, қола жүлдесін де иеленді. Шорт-тректен Қазақстанның Құр­метті спорт шебері атағын алған алғашқы спортшы.

Абзал Әжіғалиев те халықаралық дәреже­дегі спорт шебері, ұлт­тық құраманың спринт­тік сайыстардағы көшбас­шылардың бірі. 23 жылдан бері шорт-трекпен шұғылданады. Бұған дейін үш рет қысқы Олим­пиадаға қа­тысты. 2022 жылы Бейжің қысқы Олимпиадасында жүлдеге сынық сүйем жетпей, 4-орын алды. Әлем кубогі ке­зең­дерінде бірнеше рет жеңіске жетті. 

Ольга Тихонова – халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Бейжің Олимпиадасына қатысып, аралас командалық эстафетада 5-орын алған. Шорт-тректе 15 жылдан астам тәжірибесі бар. Былтыр Харбиндегі қысқы Азия ойындарында 2 күміс медаль олжалады. 2024 жылы Бейжіңдегі Әлем кубогінің эстафеталық сайысында (3000 м), сондай-ақ Канаданың Лаваль қаласында өткен төрт құрлық чемпионатында қола жүлде еншіледі.

Яна Хан да халықаралық дең­гейдегі спорт шебері, Бейжің Олимпиадасының қатысушысы, аралас командалық эстафетада 5-орын алған. Шорт-тректе 13 жылдан астам тәжірибесі бар. Былтыр Харбиндегі қысқы Азия ойындарынан 2 күміс жүлдемен оралды. 2024 жылы Бейжіңдегі Әлем кубогінің қола жүлдегері. 

Әзірге ел құрамасының қоржы­нында спорттың үш түрінен 23 лицензия бар. Италия елі өткізетін қысқы Олимпиада додасына әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады.

Қазақ спортының жылнама­сында қысқы Олимпиаданың тұңғыш жүлдесін әрі алғашқы алтын медалін шаңғы жарысынан 1994 жылы Владимир Смирнов олжалады. Норвегияның Лилле­хаммер қаласында өткен Олим­пиадада ол үш бірдей медаль иеленді. Алдымен 15, 10 шақы­рымдық қашықтықта сайысқа түсіп, екі күміс медаль олжалады. Содан соң 50 шақырымға жүйткуде қарсыластарын шаң қаптырып, Олимпиада чемпио­ны атанды. 1998 жылы қысқы Олимпиаданы Жапония елі На­гано қаласында өткізді. Шаңғы жарысынан Владимир Смирнов қола жүлдені қанағат тұтты. Людмила Прокашева да конькимен жүгіруде 5 мың метрден қола медальды еншіледі.

Өкінішке қарай, 2022 жылы Солт-Лейк-Ситиде (АҚШ), 2006 жылы Туринде (Италия) өткен қысқы Олимпиадада спортшыларымыз жүл­деге маңайлай алмай құралақан қайтты. 2010 жылы Кана­да­ның Ванкувер қа­ла­сында жалауы желбіреген қысқы Олимпиада аламанында Елена Хрусталева биатлон­нан күміс медаль ие­ленді. 2014 жылы Со­чиде (Ресей) Денис Тен мәнерлеп сырғанаудан қола медаль олжалады. 2018 жылы Пхёнчхан Юлия Галышеваға фристайл-мо­гул­­дан қола медаль бұйырды. 2022 жылы Бей­жіңдегі қысқы Олимпиада додасынан спортшыларымыз жүл­десіз қайтты.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Италияда өтетін қысқы Олимпиада додасынан кемінде бір медаль еншілеуді межелеп отырғанын жеткізді. Қысқы спортты өрістетіп өркендетуге еліміздің табиғаты өте қолайлы. Жұмыстың қаншалықты жүйелі жүргізілгені алдағы аламанда айқындалады.

 

Жазғы Азия ойындарына әзірлікті күшейту қажет

Жылқы жылының күзі де дүбірлі аламандарға толы бол­мақшы. Ұлттық спорт түрлерінен Қырғызстанда Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтеді. Қыр­ғызстанда этно спорт сайысы 31 тамыз – 6 қыркүйек аралығында ұйымдастырылады.

Одан кейін Жапонияда жазғы Азия ойындарының түңлігін түреді. 19 қыркүйекте бәйгесі басталатын Азия құрлығының төртжылдық сайысы Айти, Нагоя қалаларында өтеді. Жазғы Азия ойындарының бағдарламасында 41 спорт түрі енгі­зілді. Қатысушы спортшылар 460 медаль жиын­тығы үшін тартысқа түседі.

Еліміздің спортшылары 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойын­дарынан 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль еншілеп, жалпы есепте 11-сатыға тұрақтаған еді. Азия құрлығында ондыққа ене алмағанымыз ел спортының деңгейін безбендеп берген еді. 10 алтын медальды біз стенд атудан, нысанаға оқ атудан, каноэде ескек есуден, велоспорттан, джиу-джитсу, каратэ сайысынан олжаладық. Балуандық өнер бабамыздан дарыған деп күпінгенде алы қарыс айыл бауымызды үзіп жіберердей шіренеміз. Күрес түрлерінен соңғы Азия ойындарында алтын медаль бұйырған жоқ. Боксшыларымыз да Қытайдан алтынсыз қайтты. Ендеше, спортшыларды қамшылайтын мезет келді. Жазғы Азия ойындарына 1994 жылдан бері тұрақты қатысып келе жатқан спортшыларымыз бұған дейін жалпы нәтижеде бестікке енетін. Сол межеге жету спортшыларымызға серт болмақ.

Биыл жазда әлемдік футбол мерекесі өтеді. АҚШ, Канада, Мек­сика елдері ұйымдастыратын әлем кубогінің ауқымы кеңейіп, алғаш рет 48 құрама қатысады. 11 маусымда басталып, 19 шілдеде мәресіне жететін аламанда Орталық Азия елдерінен алғаш болып Өзбекстан ұлттық құрамасы бақ сынайды.

Жылдың басты додалары осы. Бұдан сырт, жекелеген спорт түрлерінен Азия чемпио­наты, әлем кубогінің кезеңдері де өтеді.

Соңғы жаңалықтар

Зейнетақыны алу тәртібі өзгеруі мүмкін

Экономика • 31 Желтоқсан, 2025