Фото: ашық дереккөз
Жобаның инвесторы – Кока-Кола Алматы Боттлерс бірлескен кәсіпорны. Өндірістік кешенге салынатын инвестиция көлемі 41,9 млрд теңгені құрайды. Жаңа зауыттың жобалық қуаттылығы жылына 280 млн литр алкогольсіз сусын өндіруге жетеді.
Ресми ақпаратқа сәйкес, кәсіпорын халықаралық стандарттарға сай экологиялық таза технологиялармен жабдықталады. Өндіріс барысында қалдықтарды басқарудың тиімді жүйелері енгізіледі. Бұл зауыттың еліміздегі тұрақты өнеркәсіптік экожүйеге толық кірігуіне мүмкіндік береді.
Жобаны іске асырудың әлеуметтік әсері де бар. Зауыт пайдалануға берілгеннен кейін өңірде 120-дан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Ал құрылыс жұмыстары 2026 жылы басталады деп жоспарланған.
Айта кетейік, «Кока-Кола Алматы Боттлерс» компаниясы нидерландтық Си-Си-Ай Интернешнл Голланд және түркиялық Кока-Кола Ичеджек Аноним компанияларына тиесілі. Аталған кәсіпорын Coca-Cola Icecek халықаралық компаниялар тобының құрамына кіреді.