Digital • Бүгін, 08:07

Технологияны тегін меңгереді

0 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада еліміздегі алғашқы креативті технологиялар орталығы – «TUMO Astana» өз жұмысын бастайды. Бұл орталықта 12–18 жас аралығындағы жасөспірімдер жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды тегін меңгереді. Айта кетерлігі, жеткіншектер оқуға түсу үшін емтихан тапсырмайды және жарысқа түспейді.

Технологияны тегін меңгереді

Елордада ашылатын бұл орталықтың ерекшелігі – жасөспірімге «технологияны тұтыну» деңгейінен «технологияны жасау» деңгейіне өтуге жол ашуын­да. Бүгінде балалардың көбі телефон мен әлеуметтік желіні еркін меңгергенімен, оның ар жағындағы алгоритм, жасанды интеллект қалай жұмыс істеп тұрғанын, ойын неге дәл солай құрастырылғанын, бейне мен дыбыстың қалай өңделетінін біле бермейді.

Қазір қаланың өзінде сапалы IT-курстардың бағасы әр отбасыға бірдей қол­жетімді емес. Ал тестілеуі бар бағдар­ла­маларда кей оқушы «ірік­теуден өтпей қалармын» деп тай­сақтайды. «TUMO Astana» емтихансыз қабылдау арқылы жасөспірімнің ынтасын бірінші орынға қояды, яғни қызығушылық болса – есік ашық.

Оның үстіне «TUMO» форматы мектептегі дәстүрлі «тыңда да жатта» үлгісін қайталамайды. Мұнда әр бала өз қарқынымен іл­герілеп, нақты жобалар жасап, нә­тижесін цифрлық портфолиоға айналдырады. Бірі алғашқы сайтын құрастырып шығуы мүмкін, «енді бірі робот құрастырып, оны қозғалтуды үйренеді, ал үшіншісі генеративті жасанды интеллект көмегімен иллюстрация жасап, моушн-графикаға дейін барады. Мұндай тәжірибе жасөспірімге «мен істей аламын» деген сенім береді әрі уақыт өте келе жай қызығушылық кәсіби дағдыға, тіпті болашақ мамандыққа ұласуы бек мүмкін.

«TUMO Astana» «alem.ai» халық­аралық жасанды интеллект орта­лығында орналасып, әлемнің ондаған елінде жұмыс істеп тұрған «TUMO» жаһандық желісінің бір бөлігіне айналмақ.

Бұл орталықта жас­өспірім­дер 11 бағыт бо­йынша тегін білім алады. Олардың қата­рында генеративті жасанды интеллект, робот­техника, бағдарламалау, гра­фикалық дизайн, анимация, кино­өндіріс, цифрлық музыка, 3D-мо­дельдеу, веб-әзірлеу, ойын жасау және моушн-графика бар. Оқыту офлайн форматта, тәжірибеге сүйеніп ұйымдастырылады. Қатысушылар нақты жобалармен жұмыс істейді, оқу қарқынын өздігінше айқындап, тәлімгерлердің қол­дауына ие болады.

Бұл модельдің тиімділігін «Dalberg» кон­салтингтік компаниясының халықаралық зерт­теуі де дәлелдеген. Техникалық дағды­лар­мен қатар, «TUMO» командалық жұмыс, бастамашылдық, эмпатия, коммуникация және уақытты басқару сияқты әмбебап құзыреттерді дамытады. Білім беру жеке оқу траекториясына негізделген «TUMO Path» жүйесі арқылы жүзеге асады, сондай-ақ әр елден келген сарапшылар қатысатын практикалық воркшоптар мен зертханаларды қамтиды.

Жобаны «Alem.ai Foundation» қоры іске асырады. Аталған қор елі-мізде технология­ны игерген креа­тивті таланттардың жаңа буынын қалыптастыруды көздейді.

«Біз елорда жасөспірімдеріне іріктеу мен емтихансыз өз дағдыларын шыңдауға болатын алаң ұсынғымыз келеді. Ол үшін технологияға деген сүйіспеншілік пен қызығушылық болса жеткілікті. «TUMO» тәжірибе жасауға, қателесуге, жаңа дүние­лерді жасауға және дара жолды табуға мүмкіндік береді», деді «Alem.ai Foundation» қорының бас директоры Адина Маратқызы.

Айта кетейік, «Alem.ai Foundation» – елімізде жасанды интеллект пен ақпарат­тық технологиялар сала­сындағы иннова­ция­лық білім беру бастамаларын дамыта­тын ком­мер­циялық емес корпоративтік қор. Қордың негізгі жобаларының қата­рында «Tomorrow School» жасанды интел­лект мектебі мен «TUMO Astana» бар. Қор цифрлық экономикадағы жаңа буын ЖИ-көшбасшыларына қолдау көрсетіп, олардың дағдыларын дамытуды мақсат етеді.

«TUMO Astana»-ға қабылдау ашық форматта жүргізіледі. Мұнда емтихан, тестілеу немесе басқа да байқау жоқ. Бағдарлама технологиямен енді танысып жүрген жасөспірімдерге де, өз дағдыларын жүйелі түрде дамытып, жеке цифрлық портфолио қалыптастыруды көздейтін қатысушылар үшін де қызықты болатыны сөзсіз. Түйіндеп айтсақ, «TUMO Astana» – жай ғана үйірме немесе қысқа курс емес, жасөспірімнің қабілетін ерте танып, оны нақты өнімге айналдыруға мүмкіндік беретін орта. Мұнда алған білім баланың ертеңгі кәсіби таңдауын айқындап қана қоймай, еліміздің креативті индустриясы мен цифрлық экономикасына жаңа тыныс әкелетін кадрлық әлеуетті күшейтпек. Бастысы – бұл бастама жас буынға «технология сен үшін жабық әлем емес, оны меңгеруге де, жасауға да болады» деген сенім ұялатады.

Соңғы жаңалықтар