Денсаулық • 31 Желтоқсан, 2025

2025 жылы жедел жәрдем қызметі 7,4 млн-нан астам шақыртуға қызмет көрсетті

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2025 жылдың 11 айында Қазақстанда жедел медициналық жәрдем қызметі 7 467 926 шақыртуға қызмет көрсетті. Оның 1 375 401-і емханалар жанындағы мобильді бригадалар арқылы атқарылса, қалғаны жедел жәрдем қызметінің үлесіне тиесілі. Бұл туралы Egemen.kz Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

2025 жылы жедел жәрдем қызметі 7,4 млн-нан астам шақыртуға қызмет көрсетті

Ең көп шақырту Алматы қаласында, Түркістан облысында және Астанада тіркелген.

Шақыртулардың негізгі үлесі мына ауру түрлеріне тиесілі болды:

– Тыныс алу жүйесі аурулары – 1 778 189 (23,8%);
– Жүрек-қан тамырлары аурулары – 1 434 483 (19,2%);
– Өзге аурулар – 1 249 223 (16,7%);
– Жарақаттар, уланулар және жазатайым оқиғалар – 735 183 (9,8%), оның ішінде жол-көлік оқиғалары – 40 972;
– Жүйке жүйесі аурулары – 714 915 (9,6%).

Есепті кезең қорытындысы бойынша сәтті реанимация көрсеткіші 8,2%-ға өсіп, 60,3%-ды құрады. Жедел санаттағы шақыртуды бригадаға беру уақыты орта есеппен 1,7 минут, ал бірінші шұғыл санаты бойынша жету уақыты 8,8 минут болды.

Жарақаттарға байланысты 685 503 шақырту, соның ішінде 40 972-сі жол-көлік оқиғалары бойынша тіркелген. ЖКО салдарынан 52 097 адам зардап шеккен, олардың 64,3%-ы ауруханаға жеткізілген. Қаза тапқандардың үлесі зардап шеккендердің 2,4%-ын құрады. ЖКО кезінде жедел жәрдемнің орташа жету уақыты – 8 минут.

Жедел миокард инфарктісі бойынша 27 378 шақыртуға қызмет көрсетіліп, көрсетілім болған жағдайлардың 89,9%-ында тромболитикалық терапия жүргізілген. Инсульт бойынша 52 207 шақырту тіркелді. Науқастарды инсульт орталықтарына белгіленген мерзімде жеткізу көрсеткіші қалада 97,9%, ауылдық жерлерде 88,5% болды.

Қазіргі таңда ел бойынша бір ауысымда 1 618 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Оның 258-і дәрігерлік, 1 360-ы фельдшерлік бригадалар. Жедел жәрдем қызметінің кадрмен қамтылу деңгейі 86,8%, оның ішінде дәрігерлермен – 74,8%, орта буын медицина қызметкерлерімен – 88,1%.

Соңғы жаңалықтар