Экономика • 30 Желтоқсан, 2025

Қазақстандағы мыс жобасына ірі инвестиция тартылды

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Astana Hub қатысушысы, Сингапурда тіркелген қазақстандық Investbanq компаниясы капиталды басқаруға арналған AI-платформасымен танылғанымен, бұл жолы өзін нақты ірі мәміленің қаржылық әрі инвестициялық кеңесшісі ретінде көрсетті. Компания Қазақстандағы мыс жобасына қытайлық Lygend Resources & Technology Co., Ltd. корпорациясын стратегиялық инвестор ретінде тартып, Verum Mining-пен бірге бірлескен кәсіпорын құруға және қазақстандық тараптың үлесін сақтай отырып инвестициялық құрылымды қалыптастыруға атсалысты. Алғашқы кезеңі 125 млн АҚШ долларына бағаланған келісім жергілікті бастама мен жаһандық капиталдың тоғысқанын ғана емес, қазақстандық бизнестің бақылау мен стратегиялық ұстанымды сақтай отырып халықаралық инвестицияны тарта алатынын да аңғартты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандағы мыс жобасына ірі инвестиция тартылды

Фото: ашық дереккөз

Investbanq Қазақстандағы мыс саласындағы мәміледе қаржылық және инвестициялық кеңесші ретінде қызмет атқарды. Келісімге қазақстандық Verum Mining компаниясы мен қытайлық Lygend Resources & Technology Co., Ltd. корпорациясы қатысты. Мәміле аясында стратегиялық инвестор тартылып, бірлескен кәсіпорын құрылды және қазақстандық тараптың үлесін сақтай отырып, инвестициялық құрылым қалыптастырылды. Мәміленің алғашқы кезеңі 125 млн АҚШ долларына бағаланды.

Қазақстанға ірі инвестиция тарту жайында сөз қозғалғанда, әдетте, халықаралық корпорациялар мен шикізат алпауыттары еске түседі. Алайда мұндай мәмілелердің артында жергілікті бастаманы жаһандық капиталмен ұштастыра алатын адамдар мен компаниялар тұрады.

Айғазы Құсайыновтың қытайлық Lygend Resources & Technology Co., Ltd. корпорациясымен серіктестігі қазақстандық бизнестің шетелдік инвестицияларды тарта отырып, бақылау мен стратегиялық бастаманы сақтай алатынының айқын мысалы.

Екі жыл бұрын Айғазы Құсайынов мәміленің ашық құрылымын қалыптастырып, даму стратегиясын айқындауға көмектесетін сенімді инвестициялық кеңесші іздеді. Бұл міндетті Investbanq командасы өз мойнына алды.

«Қазақстанға тек технологиялар емес, капитал мен сенім қалыптастыратын жүйелер қажет екенін әрдайым түсіндік. Ол үшін инвесторлармен бір тілде сөйлеп, онжылдықтарға арналған келешекті көрсете білу аса маңызды. Investbanq тек әлемдік деңгейдегі жоғары кәсіби компания ғана емес, осы философияны толық бөлісетін серіктес», деді Айғазы Құсайынов.

Азия аймағындағы кеңінен танылған тәжірибесінің арқасында Investbanq қытайлық миллиардер әрі никель саласының ірі ойыншысы Цай Цзяньюн басқаратын Lygend Resources компаниясымен байланыс орнатты. Никель мен мысты өндіру және өңдеуге маманданған компания үшін Қазақстан Орталық Азия нарығына шығудың тиімді нүктесіне айналды.

Келіссөздер нәтижесінде Lygend Resources Verum Mining компаниясының бір бөлімшесіне инвестиция құйды, сондай-ақ Silk Road бірлескен кәсіпорны құрылды. Бұл осы саладағы соңғы жылдар аясындағы ең ірі әрі маңызды мәмілелердің біріне жатады.

Мәміленің алғашқы кезеңі 125 млн долларға бағаланды. Қытайлық тарап бақылаушы үлеске ие болса, қазақстандық тарап сингапурлық Verum Group холдингі арқылы 48,5 пайыз үлесін сақтап қалды.

 «Бастапқыда Investbanq қаржылық кеңесші ретінде қатысқанымен, кейін мәміленің толыққанды архитекторы деңгейіне көтерілді. Команда инвестициялық модель әзірлеп, қаржыландыру сценарийлерін есептеді және Қазақстан мен Қытайдағы бизнес жүргізу тәсілдерінің мәдени ерекшеліктерін ескере отырып, серіктестікті құрылымдауға, құқықтық ашықтықты қамтамасыз етуге және тараптар арасындағы сенімді нығайтуға атсалысты. «Бұл Оңтүстік-Шығыс Азия мен Орталық Азияда бизнес жүргізудегі көпжылдық тәжірибенің арқасында мүмкін болды. Мұндай мәмілелерде әртарапты әрі ауқымды тәжірибе де ерекше рөл атқарады», деді Investbanq компаниясының СОО-сы Талғат Қантаев.

«Қытайлық инвесторлар үшін басты құндылық – сенім мен стратегиялық болашақ. Сондықтан бұл мәміледе негізін қалаушы мен команданың сенімділігіне және активтің өсу әлеуетіне баса мән бердік. Бүгінде Investbanq – тек цифрлық шешімдер ұсынатын платформа ғана емес, бизнес пен инвесторлардың мүдделері тоғысатын орта. Мұндай мәмілелер Investbanq алдағы уақытта қалыптастыра алатын бірегей экожүйелік мүмкіндіктердің бастамасы ғана», дейді Investbanq бас директоры Олжас Жиенқұл.

Осы мәміле Investbanq үшін бір ғана жоба емес, компания дамытып жатқан экожүйелік бағыттың нақты нәтижеге айналғанын көрсетеді. Astana Hub қатысушысы ретінде Investbanq отбасылық кеңселерге, банктер мен басқарушы компанияларға арналған ЖИ-негізді SaaS-шешімдер арқылы инвестициялық процестерді автоматтандырып, деректер талдауы мен клиентпен жұмысты бір цифрлық ортаға біріктіреді. Ендігі мақсат – Оңтүстік-Шығыс Азия, MENA және Орталық Азия арасындағы капитал ағымын жүйелі арнаға түсіріп, қазақстандық бастамалардың халықаралық инвесторлармен тиімді әрі ашық форматта тоғысуына жол ашу.

Соңғы жаңалықтар