Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Бүгінде екінші деңгейлі банктерде балаларға арналған жинақтаушы шоттар ашуға мүмкіндік бар. Ата-аналар осы бойынша тиісті банктерден немесе Қаржы орталығынан кеңес ала алады. Жинақтау үдерісі бала 18 жасқа толғанға дейін жүргізіледі, ең бастысы – ата-ана мен банк арасында жасалатын типтік шарт талаптарын сақтау. Осы мерзім ішінде қажетті қаражат жиналып, ол кейін баланың білім алуына бағытталады. Бағдарламаның басты артықшылығы – егер ата-аналар шарт талаптарын бұзбай қаражат жинаса, бұл қаржыға «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында жиналған қаражатты қосуға мүмкіндік бар. Осылайша, екі көзден жиналған қаражатты біріктіріп, білім алуға толық пайдалануға болады.
Мемлекет тарапынан түрлі балама мүмкіндік те қарастырылған. Егер бала мемлекеттік білім беру грантына толықтай ие болса, жинақталған қаражатты бауырына немесе отбасының өзге мүшесіне білім алу үшін аударуға болады, не болмаса жинақты әрі қарай сақтап қалуға мүмкіндік бар. Ал жоғары білім туралы диплом алғаннан кейін бұл қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану тетігі де көзделген. Қазіргі таңда еліміз бойынша балаларға арналған осындай жинақтаушы шоттардың саны 64 мыңға жеткен.
Жоғары білім алудың тағы бір маңызды қаржылық құралы – жеңілдетілген білім беру несиесі. Бұл тетік қанатқақты редімде енгізіліп, ата-аналар тарапынан айтарлықтай қызығушылық тудырған. Жылдық мөлшерлемесі 2–3 пайызды құрайтын мұндай несие арқылы студенттер жоғары білім алуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, дифференциалды грант жүйесі де іске асырылып жатыр. Бұл жағдайда гранттың бір бөлігін мемлекет өтейді, ал қалған бөлігін ата-аналар немесе демеушілер қаржыландыра алады. Аталған жоба сынақ ретінде енгізілген кезде ата-аналардан 31 мыңнан астам өтінім түскен. Бұл ата-аналардың баласының болашағы үшін білімге қаржы салуға дайын екенін көрсетеді.