Аймақтар • Бүгін, 09:55

Жұмыс орны және өңірлік карта

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мұнайлы Атырауда өңірлік жұмыспен қамту картасы бар. Мақсаты – еңбек нарығын дамыту, тұрғындарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмысты жүйелі жүргізу. Биыл облыста аталған карта аясында 25 781 жұмыс орны ашылды.

Жұмыс орны және өңірлік карта

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Әбілқасымовтың айтуынша, жаңа жұмыс орнының 15 мыңға жуығы – тұрақты, қалғаны – уақытша жұмыс орындары. Сондай-ақ ұлттық жобалар мен даму тұжырымдамаларына сәйкес «Интеграциялық жұмыс орындарын құру» ақпараттық жүйесінде 82 жоба іске асырылып отыр. Бұл жобаның шеңберінде 2 342 адам жұмыспен қамтылған.

«Жыл басынан бері 18 мыңнан астам тұрғын жұмысқа орналасты. Оның ішінде 4 мыңнан астамы қоғамдық жұмысқа тартылды. 1 900-ден астам жас «Жастар практикасы» жобасымен қамтылды. «Күміс жас» жобасы арқылы 1 500-ге жуық егде жастағы жұмыссыз еңбекке тартылып, зейнетақы жарнасын төлеуге мүмкіндік жасалды. Әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға да қолдау көрсетілді. Олардың арасынан 291 адам өз ісін бастауға қайтарымсыз грантқа ие болды», дейді ол.

Басқарманың бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиева ұсынған дерекке сүйенсек, жыл басынан бері 7 121 жас жұмыспен қамтылды. Таратып айтқанда, тұрақты жұмысқа 4 мыңға жуығы, субсидияланатын орындарға 3 154 жас орналасқан.

«Маусым айынан бері 33 жас қысқа мерзімді курсқа жіберілді. «Оnline skills» платформасы арқылы оқуға 729 жас тартылып, 550-і сертификат алды. «Бастау-бизнес» жобасымен 862 жас кәсіпкерлік негіздерін меңгеру оқуларына қатысты. Оның ішінде 500-ге жуығы сертификат алып, 71 жас жұмысқа орналасты. 43 жасқа мемлекеттік грант берілді», дейді Г.Аманғалиева.

Оның мәліметінше, тұрмысы тө­мен топтағы 114 жас жеке кәсібін бас­тау мақсатында 400 АЕК көлемінде қай­тарымсыз грант қаржысын алған. Сондай-ақ 13 500 жасқа кәсіби бағдарлау қызметі көрсетілген.

Өңірде «Ауыл аманаты» бағдарлама­сы­мен кәсібін кеңейткендер аз емес. Соның қатарында Құрманғазы ауданында жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүрген Серік Сужиков те бар. Ол аталған бағдарламамен 8 млн 600 мың тең­геге стоматологияға арналған зама­науи құрал-жабдықтар сатып алған. Сөйтіп, ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуді жандандырып отыр.

«Бағдарлама арқылы стоматология кабинетін жаңартып, заманауи жабдықтар алуыма мүмкіндік туды. Бұл – ауыл тұрғындарына сапалы, қолжетімді қызмет көрсетуге жасалған үлкен қолдау», дейді С.Сужиков.

Махамбет ауданындағы «Ислам-Али» шаруа қожалығының жетекшісі Оразалы Талпанов та «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысыпты. Оған аталған бағдарламамен 8 млн 540 мың теңге көлеміндегі қаржы берілген. Қожалық жетекшісі бұл қаржыға Қамбар ата төлін сатып алып, мал санын көбейтіпті.

«Бағдарлама біз секілді ауыл кәсіп­кер­­леріне тың серпін берді. Өзім шаруа­шы­лығымды кеңейтуді ойлап жүр едім. Осы мақсатта мемлекеттік бағдарлама арқылы 17 бие мен 1 айғыр сатып алып, жұ­мы­сымды жүйелі жүргізе бастадым», дейді О.Талпанов.

Ал Сәуле Асанғалиеваның нан-тоқаш өнімдерін пісіретін шағын наубай­ха­насы бар. Ол да «Ауыл аманаты» бағ­дар­ла­ма­сының игілігін көріп отыр.

«Мақсатым – тұрғындарды күнделікті сапалы нан-тоқаш өнімдерімен қамту. Тұты­нушы сапалы өнімді қалайды. Сол тұрғыда наубайхана жабдықтарын жаңар­ту қажет еді. Бағдарлама арқылы же­ңіл­детілген несиеге қол жеткізіп, нау­бай­ханаға қажетті құрал-жабдықтар сатып алдым. Енді тұтынушыға сапалы әрі дәмді өнім ұсынамыз», дейді С.Асанғалиева.

 

Атырау облысы 

Соңғы жаңалықтар

Елден кіндігін үзбеген…

Қоғам • Бүгін, 12:12

Перу дәрігерлері сиам егіздерін ажыратты

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 11:30