Оңалту орталығы шамамен 2 гектарға жуық жерді алып жатыр. Ақ қайыңы, қыз қарағайы аралас қалың ағаш арасында тұрған кешен аумағында жеті ғимарат бар. Оның екеуі 2002 жылы, төртеуі 2004–2008 жылдар аралығында Президент жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің жалпы отырысын өткізуге дайындық шаралары барысында салынған.
Балалар орталығының ашылу рәсіміне облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен ғимараттарды қайта жөндеуден өткізіп, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге қыруар қаржы бөлген «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева қатысты. Облыс әкімінің айтуынша, бұған дейін өңірде балаларға арналған жалғыз оңалту орталығы болған.
– Ол жылына 400 балаға дейін қабылдайды. Ал жаңадан ашылып отырған орталықтың қызмет көрсету аясы одан екі есе жоғары. Жаңа орталық жоғары деңгейдегі заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. Тиісті даярлықтан өткен білікті мамандар жұмыс істейді. Бізге «Қазақстан халқына» қоры зор көмек көрсетті. 1 млрд теңгеден астам қаржы бөліп, оған бұрын-соңды болмаған заманауи құрал-жабдықтар орнатып берді. Бұрын мұндай технология Астана мен Алматыда ғана болғандықтан, ата-аналар сол қалаларға қатынауға мәжбүр еді. Енді алысқа сабылмай-ақ, өзімізде де оңалту шараларынан өтуге мүмкіндік пайда болып отыр, – деді Қ.Ақсақалов.
Л.Шыңғысбаева «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қостанай облысына 21 млрд теңгеге жуық қаржы бөліп, әлеуметтік саланы дамытатын іргелі жобаларды іске асырып жатқанын айтты. Соның айқын бір дәлелі – осы орталық.

– Бұл – «Алтын стандарт» негізінде жасалған орталық. Неге біз елімізде жоқ жабдықтарды әкелдік? Өйткені әлеуметтік салада өте маңызды стандарттарды көтеруіміз керек. Сол арқылы қызмет сапасы артуы қажет. Бүгін өздеріңіз көріп отырған құрал-жабдықтарға 700 млн теңге жұмсалды. Қалғандары келісім-шарттар аясында Жапония, Швейцария, АҚШ, Аустралия сияқты елдерден келе жатыр. Әлемдік брендтер тапсырыспен арнайы жасалады. Дегенмен қолда бар техникалар жұмысты толық бастай беруге мүмкіндік береді. Мұндағы қамтылым жерге қонған ғарышкерді оңалтуға қажетті жабдықтардан еш кем емес, – деді Л.Шыңғысбаева.
Жалпы, өңірде психоневрологиялық ауытқуға ұшыраған, тірек-қимыл қозғалысына зақым келген екі мыңға жуық бала бар. Орталық жыл сайын 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі 900 баланы емдеп, реабилитациялық қолдау көрсетеді. Орталық аумағындағы жеті ғимараттың әрқайсысы әртүрлі сауықтыру қызметін атқарады. Барлығы компьютерлендірілген, роботтандырылған құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Баланы диагнозына сай дамытуға, оңалтуға қолайлы жағдай жасалған. Тірек-қимыл аппаратын, психоневрология жүйесін жетілдіретін техниканың да сан түрі, еден-қабырғасы тұтастай сенсорланған интерактив бөлмесі, шунгит бөлмелері, бассейн, физиотерапия, басқа да бөлімдері бар.
Қостанай облысы