Құқық • Бүгін, 09:38

Авторлық құқыққа цифрлық платформа жәрдемдеседі

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде зияткерлік меншікті қорғау мақсатында та­уар белгісін жедел тіркеу тәртібі енгізілмек. Бұны Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Әділет министрінің орынбасары Ботагөз Жақселекова мәлімдеді. Сондай-ақ ол «Зияткерлік меншік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдағы өзгерістер мен жаңашылдықтарға да тоқталды.

Авторлық құқыққа цифрлық платформа жәрдемдеседі

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Б.Жақселекованың айтуын­ша, түзетулердің мақсаты – зият­­керлік еңбектің нәтижелері нақты экономикалық активке айна­латын құқықтық орта қалып­тас­тыру.

«Бүгінде онлайн сауда, маркетплейстер белсенді дамып келеді. Олар сатушылардан тір­келген тауар белгісінің болуын талап етеді. Алайда өтініштерді қарау мерзімі – 7 ай. Бұл бизнес сұранысын қанағаттандырмайды. Мысалы, стартап немесе шағын кәсіпкер үшін нарыққа шығу, көбіне брендті тіркеу мерзіміне тәуелді. Осыған байланысты заңда өтініш берушінің қалауы бойынша тауар белгісін 3 ай ішінде жедел тіркеу тетігін енгізу жөніндегі түзетулер көзделген», деді вице-министр.

Сонымен қатар тауар белгі­ле­рі иелерінің құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында тауар белгісі ретінде тіркеуге ұсынылған белгілерге қарсылық біл­діру мерзімі 2 айға дейін ұзар­тылды. Енді бизнес пен кәсіби қауым­дастықтың мәлімделген бел­­гілерді талдауға, өз құ­қық­тарын қорғауға көбірек уақы­ты болады.

«Патенттік сенім білдірілген өкілдердің қызмет сапасын қамтамасыз ету үшін олардың дараландыру құралдары мен патенттеу объектілері бойынша қыз­меті ажыратылды. Нақты айт­қанда, мамандану енгізіледі. Бұл кеңес беру сапасын арттыруға және өтінімдерді сүйемелдеу ке­зінде қате жіберу қаупін азай­туға мүмкіндік береді», деп түсіндірді Б.Жақселекова.

Спикер бұл түзетулер АҚШ, Канада, Ұлыбританияның тәжірибесі негізінде әзірленгенін атап өтті. Осылайша, министрлік бұл модельдердің озық элемент­терін ұлттық жағдайға бейімдеді.

Енді бұдан былай елімізде авторлық құқықтарды ұжымдық басқару саласы цифрландырылады. Яғни авторлық қоғамдар жұмысының ашықтығын, сондай-ақ жиналған сыйақыны әділ бөлу мен төлеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық платформа құру жос­парланып отыр.

Әділет вице-министрі Б.Жақ­селекова платформаның енгізілуі авторлық қоғамдар қыз­метінің ашықтығын қам­та­ма­сыз ететінін, барлық тараптың ақпаратқа қолжетімділігін арттыратынын, құ­қық­тарды ұжымдық бас­қару жүйесіне деген сенімді күшей­те­тінін атап өтті.

«Платформа шарттар жасасудан бастап авторларға сыйақы төлеуге дейінгі барлық үде­рісті қамтиды. Сонымен қа­тар цифрлық платформаны құру орындалатын туындыларды есепке алу мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Қазір телевидение мен радио арналарын автоматты түрде тану, шы­ғар­маларды есепке алу жүйесіне қосу жұмыстары жүріп жатыр. Мысалы, музыкалық шығарма телеарна немесе радиода орындалса, бұл ақпарат цифрлық жүйеде тіркеледі, ал авторға сыйақы бел­гіленген ережелерге сәйкес авто­матты түрде есептеледі. Қан­дай шығарма, қанша рет және қай кезеңде орындалғаны анық кө­рініп тұрады. Бұл сыйақыны бө­лу­дегі әділдік пен дәлдікті ай­тар­лықтай арттырады», деді спи­кер.

Бірыңғай цифрлық платформа үш кезеңмен енгізіледі. Бірінші кезеңде келесі жылдың қаңтарынан бастап, платформа арқылы эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдары жұмыс істейді, екінші кезеңде алдағы жылғы 1 шілдеден бастап театр­лар, кинотеатрлар мен филармониялар қосылады, ал үшінші кезеңде 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап өзге де барлық пайдаланушылар жүйеге қосылады.

Сондай-ақ Б.Жақселекова елі­міздегі авторлық құқықты бұз­ғаны үшін жауапкершілік кү­шейтілгенін айтты. Яғни мұн­дай құқық бұзған адамға аза­маттық және қылмыстық жауап­кершілік қарастырылған. Қыл­мыстық кодекстің 198-бабына сәйкес, 80-нен 160 АЕК-ке дейін айыппұл салу, 80-нен 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, сондай-ақ 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған.

Спикер баспасөз мәслиха­тында зияткерлік меншік мәселе­ле­рі бойынша қабылданған заңды түсіндірді.

«Жаңа Заң кешенді түрде авторлар мен құқық иеленушілердің құқықтарын қорғауды едәуір кү­шейтіп, ұжымдық басқару сала­сындағы ашықтық пен жауап­­кер­шілікті арттырады және тұ­тас­тай алғанда, ұлттық зият­кер­­лік меншік жүйесін жетіл­ді­рудегі маңызды кезең болады деп сенеміз. Нәтижесінде, барлық тарап ұтады: авторлар әділ сыйақы алады, бизнеске түсінікті әрі болжамды ережелер қалыптасады, мемлекет үшін креативті экономиканың дамуы мен зияткерлік еңбекке салынатын инвестициялар артады», деді Б.Жақселекова. 

Соңғы жаңалықтар