Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Өкінішке қарай, қоғамда психологиялық көмекке жүгіну қажетті әлеуметтік қызмет ретінде қабылданбайды. Психологке бару әлсіздіктің белгісі немесе жеке мәселені бәріне жария ету деген түсінік бар. Бұл көзқарас, әсіресе ауыл-аймақта және мектеп ортасында анық байқалады. Жабық әлеуметтік орта жағдайында маманға жүгінген бала немесе жасөспірімнің мәселесі көпшілікке мәлім болып кетуі мүмкін деген қауіп бар. Соның салдарынан көптеген жас өз ішкі күйзелісін жасырып, кәсіби көмекке дер кезінде жүгінбейді. Осы үрдіс психологиялық проблемалардың уақтылы анықталмауына, ал кей жағдайда олардың ушығуына әкеліп отыр. Сондықтан менталдық денсаулықты қорғау мәселесі жеке адамның таңдауы емес, қоғамдық маңызы бар жүйелі міндетке айналды.
Шеті шыққан мәселенің шешу жолы да бар. Оны «BF life» жобасы ұсынып отыр. Ең әуелі, жастарға психологиялық көмекті уақтылы әрі қолжетімді ету маңызды. Жобаның мақсаты да осы. Бағдарлама психологиялық көмекті әсіресе, шағын және жабық әлеуметтік ортада тұратын жастарға қолжетімді форматта ұсынуға бағытталған. Құпияны сақтау қағидатының бұлжымай орындалуы ауылда, бірін-бірі жақсы танитын ортада өмір сүретін жастар үшін шешуші фактор. Бұл формат жасөспірімдер мен жастардың ұялу немесе қоғам тарапынан қысым көру қаупінсіз көмек сұрауына мүмкіндік берді.
Жасөспірімдер мен жастарға арналған «BF Line» психологиялық қолдау бағдарламасы 14-тен 35 жас аралығындағы азаматтарды қамтиды. Бағдарлама екі бағытта жүргізіледі. Біріншісі – психологиялық ақпараттандыру, екіншісі – құпия және тегін психологиялық көмек көрсету. Жоба жетекшісі Жанат Досжанованың айтуынша, бағдарламаға хабарласқан жастарға тұрақты қолдау көрсетіледі. «Бізге хабарласқандарға жоспарлы көмек көрсетіледі. Жұмыс күндері сағат 09:00 ден 18:00-ге дейін жұмыс жүргізіледі. Сондай-ақ біздің бір артықшылығымыз бір адаммен соңына дейін бір маман жұмыс істейді. Яғни бір психолог нақты бір адамға бекітілген. Алайда кемшілік те бар. Өкінішке қарай, бізде қазір 24/7 шұғыл көмек көрсету мүмкіндігі жоқ», дейді ол.
Жоба шеңберінде көрсетілген онлайн және құпия психологиялық қолдау жастардың көмекке жүгіну мәдениетін қалыптастырады. Мамандардың пікірінше, дәл осындай қолжетімді және сенімді тетіктер ғана психологиялық проблемалардың ушығуына жол бермей, оның алдын алуға мүмкіндік береді.
«BF Line» тәжірибесі көрсеткендей, мәселені тек тіркеп қою жеткіліксіз. Оған нақты, жүйелі және адамға бағытталған шешім ұсыну қажет. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, жоба аясында тіркелген өтініштер халықаралық әдістемелерге негізделген бағалау жүйесі арқылы өңделген. Барлық өтінішке мәтіндік талдау жүргізіліп, мазмұнына қарай негізгі санаттар айқындалған. Ең жиі кездескен сұраныстар отбасылық қиындықтар, эмоционалдық тұрақсыздық, жеке тұлғалық даму, оқуға байланысты мәселелер және әлеуметтік қарым-қатынас тақырыптарын қамтыған. Зерттеу тобының жетекшісі Саяна Талғатқызының айтуынша, жүйелі түрде көрсетілген психологиялық көмектің тиімділігі нақты көрсеткіштермен дәлелденген. «Көмек алған жастардың мазасыздық деңгейі орта есеппен 11–12 балға төмендеді. Бұл психологиялық қолдау қызметінің әсері бар екенін көрсетеді. Сонымен қатар 2023–2025 жылдар аралығында жастардың психологке жүгіну жиілігі артты. Бұл менталдық денсаулықтың маңызын түсіну деңгейі өскенін білдіреді», дейді ол.
Жас ерекшелігі тұрғысынан алғанда, психологке жүгінгендердің басым бөлігі 25–27 жас аралығындағы жастар екені анықталған. Өтініштердің едәуір үлесі әйелдерге тиесілі. Сарапшылар бұл үрдісті эмоционалдық қиындықтарды ашық талқылауға бейімділікпен және психологиялық көмекке деген сенімнің жоғары болуымен байланыстырады. Өңірлік талдау нәтижелері де жобаның бағытталған аудиторияны дәл тапқанын көрсетті. Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында күйзеліс деңгейінің жоғары болуы әлеуметтік жағдаймен, психологиялық қызметтердің жеткіліксіздігімен байланыстырылады. Осы өңірлерде ақпараттандыру жұмыстары күшейтілгеннен кейін көмекке жүгінушілер саны артқан. Жоба аясында жүргізілген онлайн және офлайн ақпараттық іс-шаралар да оң нәтиже берген.
Сонымен қатар 3 жыл ішінде 1 800-ден астам педагог-психолог пен 1 800-ге жуық оқушы қамтылып, мектеп психологтерінің кәсіби құзыреті артқан. Мамандардың пікірінше, «BF Line» жобасының басты жетістігі – психологиялық көмекті қоғам үшін «ұят» емес, қажетті әрі қалыпты қызмет ретінде қабылдатуы. Анонимді және онлайн форматтың енгізілуі, әсіресе ауылдық жерлердегі балалар мен жастар үшін қолжетімділікті арттырған.
«Біз 2017 жылдан бастап ЮНИСЕФ және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, мектеп жасындағы балаларды суицидтен қорғау бағдарламасын іске қостық. Алғашқы кезеңде Қызылорда, Ақмола, Ақтөбе, Атырау облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында жарты жылдық қанатқақты жоба жүргізілді. Кейін Солтүстік Қазақстан облысында 30-ға жуық мектеп қамтылып, жұмыс ауқымы кеңейе түсті. Осы жылдар ішінде өңірлерде арнайы «Bilim foundation» кеңселері ашылды. Сол кеңселер мамандары жергілікті психологтер мен психиатрларды оқытып, өңірлердегі мектептермен тұрақты байланыс орнатты. Әр облыстағы мектеп саны, психологтер құрамы, практикалық психиатрлардың мүмкіндігі туралы нақты база жасалды», дейді Ж.Досжанова.
«Bilim foundation» қорының басшысы Ерлан Айтмұхамбет жобаның тәжірибесі психологиялық қолдау қызметтерін өңірлік деңгейде жүйелеу және бірыңғай мониторинг жүйесін қалыптастыру үшін тиімді үлгі бола алатынын атап өтті. Алайда қаржыландыру мәселесі шешілмейінше, сұранысты толық қамту қиын екенін де жасырмады.
«Бағдарламаны жүзеге асыру барысында бір маңызды мәселе анықталды: ауыл мектептеріндегі психологтерге балалар жүгінбейді. Өйткені психологтер сол ауылдың тұрғындары, көбісі оқушылардың туыстарын, ата-аналарын таниды. Бұл балаларға ашық түрде көмек сұрауға кедергі болды. Сол себепті біз шалғай ауылдар үшін қолжетімді онлайн қызмет, «Duet Line» платформасын құрдық», деді ол.