Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Орақ Жолмырзаұлы – ғылымға адал қызмет етіп, білімпаз ұрпақ тәрбиелеуге, еліміздің рухани дамуына бар ақыл-парасатын, күш-жігерін аямай жұмсап келе жатқан ақылгөй ғалым-ұстаз, харекетшіл қайраткер. Ең бастысы – ол қарапайым, жүзінен ізгіліктің нұры тамып тұрған, ақ жүрек адам.
Орақ Әлиев үшін ғылым – «Дүние де өзі, мал да өзі». Орекеңнің азаматтығы данышпан Абайдың «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» формуласының жарқын көрінісі және оның «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба» өсиеті Орақ Жолмырзаұлының өмірлік ұстанымына айналды. Адам болам дегенге қажет бес асыл істі жанына жалау етті. Ол ғылымды мақтан үшін емес, халықтың игілігі үшін іздеді. Оның еңбектері жаңа буынға жол ашты, ал ұйымдастырушылық қабілеті жоғары білімнің дамуына негіз болды.
Ғалымның жастық шағы соғыстан кейінгі қайта қалпына келу кезеңімен тұспа-тұс келсе, кемел шағы кеңестік ғылымның гүлденген жылдарына сәйкес келді. Ал егемендік жылдарындағы саналы еңбегі білім-ғылымның қалыптасуымен тығыз астасты. Қоғамдық құрылымдар өзгерді, саяси бағдарлар алмасты, бірақ өзгермеген бір ғана құндылық қалды – білімге, ғылымға деген адалдық пен ақиқатты іздеген азаматтық жауапкершілік.
Ғылыми білімнің тікенегі мол тайғақты жолындағы сапарын ғалым-ұстаз өзінің «Білім жолындағы тар жол тайғақ кешу» кітабында жеті кезеңге бөліп қарастырады. Бастамасын «білім әлеміндегі өзін бейсаналық іздеу» деп атап, кейінгі саналы ізденіс деңгейлерінің өсуін политэконом-теоретик, философ, эпистемолог дәрежелеріне көбіне азапты көтерілу әрекетінің нәтижелерімен тығыз байланыстырады. Әр кезеңде орын алған қиындықтар мен кемшіліктерден қалайша арылып, жеткен жетістіктерді молайтқанын еш бүкпесіз, ақтарыла баяндайды.
Мерейжас иесі саяси экономиканың теоретигі ретінде қатып қалған қасаң тұжырымдармен шектелмей, әлеуметтік-экономикалық үдерістерді терең философиялық-эпистемологиялық тұрғыдан талдауға ұмтылды. Оның зерттеулерінде адам қоғамды қалай таниды, ал ғылыми білімнің рухани негізінде қандай құндылықтар жатыр деген сұрақтарға жауап беріледі. Орекең осы тәріздес өзге де күрделі мәселелердің шешімін іздеу барысында жалаң ұрандар мен асығыс мәлімдемелерден бойын аулақ ұстап, терең ой мен салмақты талдауды таңдады.
О.Әлиевтің саяси экономика, ғылымтану және эпистемология саласындағы еңбектері ТМД елдерінің ғылыми мұрасының маңызды бөлігіне айналды. Ол қоғам дамуының заңдарын ғана зерттеп қойған жоқ, сонымен бірге адамзат білімінің терең негіздерін түсінуге ұмтылды. Осы орайда Орекеңнің ғалымдық ұстанымы мен ғылыми зерттеулері нәтижелерінің бір парасына тоқталып кетелік. Алдымен ойға оралары – Орақ Жолмырзаұлына тән жоғары дәрежедегі әдіснамалық мәдениет. Орекең сөздің төркінін, терминнің түбін, ұғымның ұрымтал тұсын, мәннің мәнісін өзіне ғана тән ыждағаттылықпен, кірпияздылықпен мұқият, тәптіштеп талдайды. Белден басып, қолдан құйылған жасанды сөз, термин ұсынбайды. Бұған дәлел, ол ғылыми айналымға ұсынған зерзат термині. Әрдайым оқырманы мен тыңдаушысын дәйекті дәлелдерімен ұйытады, иландырады, жақтасына айналдырады, тың идеяның айналасында пікір алмасып, зерттеу нысаны мен зерзатының соны сипаттамаларын сараптауға шақырады, сөйтіп, жаңа нәтижелер алуға жол ашады. Курстас іні-досы Сардарбек Нарматов айтқандай, «Ол іс жүзінде эписемлогияның тың парадигмалды тұжырымының, жер рентасын философиялық-экономикалық зерделеудің, саяси экономия ғылымының зерзатын айшықтаудың, жаңа ғылыми пән ретінде ТМД елдерінде теориялық экономияның негізін қалады». Бұл айтқандар Орақ Әлиевтің заманауи гуманитарлық және экономикалық ғылымдарға қосқан, шетелдік және отандық әріптестері толық мойындаған сүбелі үлестерінің бірнешеуі ғана.
Орекең «Мен кіммін?», «Біз кімбіз?», «Біз қайда барамыз?» деп кешегінің даналарындай толғанып, замандастарына ой тастайды. Қазақ елінің болашағын айқындауға айрықша назар аударады. Адамның өз-өзіне тақылеттестігінің он бес деңгейлік мазмұнын белгілеп берді. «Этнологиялық өндіріс тәсілі» теориясын жасақтады. Өркениет пен мәдениеттің аражігін ажыратып, «екі ағаштың» арасында адасып жүргендерге жөн сілтеді, «рыноктың нарық еместігін», «кредиттің несие еместігін» дәлелдеуге атсалысты. Лао Цзы мен Конфуций дүниетанымының іргелі тұжырымдарына сараптама жасап, олардағы гуманизмнің шынайылығы мен алдамшылығының аражігін әйгіледі. Конфуцийшілдікке еліктеу-солықтау мен конфуциоманиямен әуестіктің жақсылыққа апармайтынын ескертеді. Өскелең жастарға «тәрбиелілік-білімділік-біліктілік-жүректілік-жігерлілік» қадір-қасиеттерін «Арман» деген желіге көгендеп-біріктіретін бес элементті «Адам болу» формуласын ұсынды.
Дегдар Орекең үшін «жақсы теориядан гөрі практикалық ештеңе жоқ». Осыған сай, жоғары жаққа еліміздің қарыштап дамуын қамтамасыз етуге бағытталған теориялық тұжырымдары мен практикалық ұсыныстарын біріктірген бірнеше ғылыми жобаларын әлденеше рет ұсынды. Бұл орайда ел дамуының локомотиві ретінде бағалаған кешенді «Ауыл» жобасын, Қазақстанның әлем тарихындағы қазіргі жағдайын анықтайтын 20 басты көрсеткіштерден тұратын терең талдаулық жазбасын атаса да жеткілікті. Алайда, өкінішке қарай, билік өкілдерінен тұшымды жауап болмады. Елдің елдігін асырар асылға иек артып, тектілікке талпынсақ, кәнеки. Жарықтық Лао Цзының кезекті рет айтқаны келді: «Біз дұрыс желкен қоюға пәрменді болғанымызбен желдің бағытын өзгертуге әрдайым дәрменсізбіз». Ертелі-кеш байыпты шешім қабылданарына сенімін жоғалтпайтын қайраткер ғалым жуырда тағы бір, Қазақ елінің басты рухани символы ретінде домбыра мүсінін жер-жерде (мегаполистерге, облыс және аудан орталықтарына) жаппай орнатып, сол жерді рухани орталыққа айналдыру жөніндегі ұсынысын жасады.
Орақ Жолмырзаұлы ғалым-ұстаздығымен қатар қайраткерлік қарымын да таныта алған тұлға. Ол еліміздегі жоғары білім беру жүйесін ұйымдастыру мен дамыту ісінде айрықша еңбек сіңірді. Бүгін республикадағы жетекші жоғары оқу орындарының біріне айналған «Тұран» білім беру корпорациясы құрылтайшыларының бірі болды. Университеттердегі академиялық еркіндік, ғылыми жауапкершілік пен гуманистік құндылықтар қағидатына негізделген білім беруді қалыптастыруда белсенді қызмет атқарып келеді. Қиын реформалар кезеңінде жас ғалымдарды қолдап, отандық ғылымды ТМД кеңістігіндегі ғылыми ортаға интеграциялауға ықпал етті.
Данышпан Абай «мұңдасып, шер тарқатар кісі болмаған соң, ғылымның өзі бір тез қартайтатұғын күйік» дегендей, Орекеңе кабинетке қамалу жат. Ол үнемі жол үстінде. Жетекші шетелдік ғылым-білім беру орталықтарымен тығыз байланыста. Оларда өткізілетін ғылыми басқосуларда өзекті мәселелер төңірегінде өзінің тың ойлары және теориялық болжамдарын бөліседі. Мәскеу, Санкт-Петербург, Ярославль, Кострома, Орынбор және т.б. іргелі білім, ғылым орталықтарының шақыруымен баяндама жасайды, Қазақстан ғылымының абыройын қорғайды.
Орекеңнің аса құмарланып шаттанатын шағы – кітаппен сырласу сәті. Шынайы мәдениетті, нағыз білімпаз кітапты бір рет оқып қана қоймайды, қайта-қайта оқиды дегендей, «Орекең қайда болса, кітап сонда», сондай-ақ кітап қайда болса, Орекең де сонда.
Иә, ғалым мерейтойы – атқарылған істердің қорытындысы ғана емес, кемел парасаттың жаңа белесі. Ол қай жаста да ұстаз, ағартушы, қоғам қайраткері болып қалады. Шәкіртке, ұрпағына сіңірген еңбегі алдынан шығады деп есептейміз.
Абылай МҰХАМБЕТЖАН,
философия ғылымдарының кандидаты, доцент