Әуел баста Президенттің әлемдегі ең үздік 5 жоғары оқу орнының Қазақстанда филиалын ашу туралы тапсырмасынан басталған бастама бүгінде үлкен карта жасауға алып келді. Бұл – елімізде шетелдіктермен ынтымақтастық негізінде құрылған стратегиялық серіктестік, филиал, қос дипломды бағдарлама, бірлескен білім бағдарламасы, шетелдік оқу орны, консорциум, жаһандық кампус.
Қазіргі уақытта әртүрлі форматта (стратегиялық серіктестік, филиал, қос дипломды бағдарлама, бірлескен білім беру бағдарламасы, шетелдік оқу орны, консорциум, жаһандық кампус) 33 шетелдік жоғары оқу орны жұмыс істеп тұр. Елдер бойынша есеп мынадай: Ресей Федерациясы – 7, АҚШ, Ұлыбритания және Қытай – әрқайсысы 5-тен, Оңтүстік Корея – 3-тен, Франция және Германия – әрқайсысы 2-ден, Италия, Польша, Түркия, Өзбекстан – әрқайсысы 1-ден.
Бүгінде аталған жұмыс нақты мемлекеттік құжатпен жүйленіп бекітілген, дәлірек айтсақ, шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында көзделген. Ал енді осы бағытта отандық жоғары білім жүйесін ілгерілеткен қандай ынтымақтастыққа қол жеткіздік, бұл бізге не береді?
Қаржы. Маман даярлау, ел азаматтарына еңбек нарығының сұранысына сай жоғары білім беру үлкен сомадағы қаражатты талап ететін, мемлекеттің қалтасына кәдімгідей салмақ салатын ауқымды іс. Осы шаруаны жеңілдету, сөйте тұра сапаны көтеру – бүгінгі жоғары білім менеджерлерінің тактикалық жүрісі болып тұрғандай. Мысалы, биыл елімізге келген шетелдік студенттердің саны 35 мыңнан асқан. Соның нәтижесінде Қазақстанға шамамен 30 млрд теңге табыс түсті.
Осыған қоса білімнің сапалы болуы ондағы инфрақұрылым жағдайына да келіп тіреледі. Дәл сол инфрақұрылымның өзі де – мемлекет қоржынына жүк боларлық жұмыс. Ал шетелдік жоғары білім өкілдерімен, орталықтары, университеттерімен әріптестік аталған мәселенің тиімді шешімінің бір жолы болғандай. Мәселен, филиалдардың құрылтайшылары қомақты инвестициялар (De Montfort University – шамамен 20 млн АҚШ доллары, Cardiff University – шамамен 25 млн АҚШ доллары, Coventry University – шамамен 70 млн АҚШ доллары) тартқан. Бұл қаражат оқу ғимараттарын сатып алуға және оларды қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандыруға бағытталған. Сеултехтің «LUPIC» жобасы аясында корей тарапы 750 шаршы метр аумақты қамтитын Бизнес-инкубациялық орталық пен AI-коворкингті құруға 52,5 млн теңге бөлді. Аталған инфрақұрылымға «AI Coworking», «Game Dev Center», «Digital Creativity Lab», «Hardware Lab», «Cyber Sports Room» жасақтауға, сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру және Сеултех ғалымдарын Қызылорда қаласына іссапарға жіберу шаралары кіреді. Филиалдарды қолдауда индустриялық серіктестердің рөлі ерекше. Мәселен, «Қазфосфат» ЖШС РХТУ филиалын қолдауға 1,026 млрд теңге көлемінде қаражат бөлді.
Академиялық даму. Иә, университеттің инфрақұрылымы керемет, гранты көп, стипендиясы жақсы болсын дейік. Алайда кез келген саланың салмағы ондағы мамандардың кәсіби әлеуетімен, мазмұнымен өлшенеді. Айталық, филиалдарда 162 білім бағдарламасы бойынша оқытылады. Ал ондағы профессорлардың 500-ге жуығы – шетелдік. Бұл – оқытушыларымыздың шетелдік әріптестерімен жұмыс істей жүріп үлкен тәжірибе жинауына жағдай жасайды әрі студенттеріміз өз елінде-ақ әлемнің беделді оқу орындарынан келген профессорлардан сабақ ала алады деген сөз.
Филиалдардың мазмұндық ықпалынан бөлек кадрларды даярлаудың халықаралық стандарттарын енгізу, практикалық бағыттағы оқытуға негізделген оқу жоспарлары, ағылшын тіліндегі білім бағдарламалары, бас университеттердің цифрлық платформаларын, соның ішінде олар жазылған электрондық кітапханаларды пайдалануға мүмкіндік береді.
Мұндай әріптестік академиялық әлеуетті арттырды, біз мұны өткен 4 қарашада жарияланған QS Asia 2026 рейтингінде көрдік. Аталған рейтингке 44 отандық жоғары оқу орны енді, оның ішінде 10 жаңа университет бар (2025 жылы рейтингте 35 университет болған). Рейтинг деректері жоғары оқу орындарының бірлескен білім беру және ғылыми жобаларға белсенді қатысуы, сондай-ақ жетекші шетелдік университеттердің филиалдарын ашу ұлттық жоғары білім жүйесінің академиялық әлеуетін нығайта түседі әрі бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Айталық, рейтингке енген 44 жоғары оқу орнының 29-ы әлемнің жетекші университеттерімен стратегиялық серіктестіктерге ие болса, 15 университеттің базасында жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалы жұмыс істейді.
Өндіріске жол. Шетелдік әріптестермен ынтымақтастықтың болуы кейбір ірі отандық және алыс-жақын шетелдік компаниялармен өндірістік бағытта байланыс орнатып, университеттердің зерттеуді нақты өндіріске бағыттауына жағдай жасайды. Өйткені бұл әріптестік тек инвестиция тартудың мысалдары ғана емес, сонымен қатар бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру арқылы технологиялар трансферін қамтамасыз етіп отыр. Мәселен, Қозыбаев университеті мен Аризона университеті күкіртті қайта өңдеу технологиялары саласында бірлескен зерттеулер жүргізуді бастады. Аталған зерттеулер полимерлік материалдар, аккумуляторлар, оптикалық өнімдер және ауыл шаруашылығы тыңайтқыштарын өндіруге арналған. Тағы бір маңызды жоба – агроөнеркәсіптік кешен бойынша консорциум. Бұл жоба аясында халықаралық демонстрациялық ауыл шаруашылығы стансасы құрылды, Агрокомпетенциялар орталығы ашылды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарының төзімді сұрыптарын шығару, биоалуантүрлілікті сақтау, аграрлық технологиялар трансфері және ғылыми кадрларды даярлауға бағытталған бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Қалай десек те, биыл стратегиялық серіктестіктерді құру арқылы жоғары оқу орындарын трансформациялау қарқынды қолға алынғаны көрінді. Ал бұл бастама еліміздің жаһандық білім беру кеңістігіне кетігін тауып кірігуіне негізі болып тұр. Мұның табысы мен тиімділігін уақыт екшейтіні анық.