Аймақтар • Бүгін, 09:02

Көпірдің «жыры» қашан бітеді?

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Петропавл қаласындағы инфрақұрылымдық ірі құрылыстардың бірі – шаһарға теміржолдың үсті­мен тура кіретін көпір. Қалалықтар «Жұмысшы кенті» деп атап кеткен шағын аудандағы осы құры­лыс 2023 жылдың күзінен бері салынып жатыр.

Көпірдің «жыры» қашан бітеді?

Қазір қалаға кіретін көліктер саны көбейген. Бұл көпірмен қала аумағына кіретін отандық, шетелдік ауыр жүк көліктері, автобустар жүруге тиіс еді. «Керуен» көшесімен жүріп жатқан көліктер тар жолда кептеліп, уақыттарын жоғалтып жатады. Оның үстіне қазіргі көпір ескі, ылғи жөндеу қажет болып жиі жабылып қалады. Мұның өзі «Жұмысшы» кентінде тұратын немесе ол жаққа бір ша­р­уамен баратын тұрғындарға да қиыншылық туғызып, машиналар тізбегінен өте алмай, әуреге түседі. Енді жаңа көпір салынса, осы тығырықтан шығармыз деп қала тұрғындары мәз болып қалған еді, алайда тоғыз айда бітеді деген көпірдің аяқталу мерзімі үш жылға созылып кетті. Әуелі 2024 жылғы шілдеден көліктер жүре бастайды деген уәде болған, енді тек 2026 жылдың жазында аяқта­лады деп отыр.

Жалғыз бұл емес, түрік компаниясы жүргізіп жатқан көпбейінді аурухананың құрылысы да пайдалануға берілу мерзімінен қашықтап кетті. Қазақ драма театрының құрылысы да солай созылып, әйтеуір аяқталмаған күйінде тапсырылып, құрылыс жұмыстары театрдың өз жұмы­сымен қосарлана жүргізіліп, әрең аяқталған. Сондықтан құрылыс саласын бақылаушылар мен архитекторлар қызметтеріне кім көрінгенді қоя салмай, мамандарды мұқият таңдаған дұрыс-ау. 

Әрине, Петропавл мен оның маңа­йын екі жыл қатарынан су басып, елдің назары көбіне тасқын­мен күрес­ке ауды. Мыңдаған жаңа үй­ салынды. Зардап шеккен­дер­дің біразына жаңа үй саты­лып алынды. Алайда оның шығы­нына көпірге бөлінген қаражат жұмсалған жоқ, арнайы қорлардан, мемлекеттік көмектен келгені жарияланған.

Жаңа көпірдің ұзындығы – 1100 метр. Ол қалаға енген көліктерді «Универсальный» көшесіне алып барады. Бұл жақта тұрғын үйлер жоқ, негізінен өндіріс кәсіпорындары орналасқан. Сондықтан тұрғындар машина гүрілінен қорықпаса да болады.  

Құрылыс жұмыстарын әуелде көк­шетаулық «Бука» ЖШС бас­та­ған. Алай­да ол жұмысты әрі қарай жүр­гізе алмаған соң, әкім­дік келі­сім­шартты бұзып, жаңа мердігер тапқан. «Құрылыс-Сервис СҚ» ЖШС деп аталатын бұл ком­­­пания әзірге жұмысқа жіті кірісіп жатыр. Құрылыстың 80 пайызы аяқтал­ған. Жуырда облыс әкімі барлық тиісті басшылармен құрылыс басында болғанда компания басшысы Мұрат Харсиев: «Бүгінге дейін көп жұмыстар істелді. Тек тро­туар­ды аяқтап, бетондап, жарық тартып, суағар жасау сияқты қосалқы жұмыс қалып тұр.  Осыған дейін 30 техника жұмыс істеген, қазір аса көп техниканы жұмылдыру­дың қажеті жоқ. Қазір көпір­дің төменгі құрылысы қолға алынды. Топырақты және бағандарды бе­кіту үшін 53 мың кірпіш қаладық, 32 мың тоннадай қиыршықтас, жол полотносын жеткіздік», дейді ол. Ал «белгіленген мезгілде тапсырыла ма?» деген сұраққа мердігер «барынша тырысамыз» деп жауап берді.  Көпір құрылысы аяқталса, Петропавл қаласының тұрғындары үшін үлкен олжа болар еді.

 

ПЕТРОПАВЛ 

Соңғы жаңалықтар

Елден кіндігін үзбеген…

Қоғам • Бүгін, 12:12

Перу дәрігерлері сиам егіздерін ажыратты

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 11:30