Экономика • Бүгін, 08:53

Баламасы жоқ мақта-тоқыма кластері

10 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеумет­тік-экономикалық дамуында экономиканы әртараптандыруға, нақты секторды күшейтуге және инвестиция тартуға ерекше мән беріп келеді. «Экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру керек. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс», деді Қазақстан халқына Жолдауында. Осы міндеттерді іске асыру мақсатында өңірімізде экономиканың барлық салаларында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласының бір тармағына тоқталып өтуді жөн санап отырмын.

Баламасы жоқ мақта-тоқыма кластері

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласы бойынша елімізде алдыңғы орында. Сонымен қатар мақта өсіретін бірден-бір өңір. Осы ерекшелікке мән беріле отырып,  облыста мақ­та-тоқыма кластерін құру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба шикізатты ел ішінде терең өңдеуге және Қазақстанның экспорттық әлеуетін күшейтуге бағытталған.

Жалпы, бұл бастама осыдан бір жарым жыл бұрын бастау алған. Облыстың бұрынғы әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация Қытай Халық Республи­касына іссапармен барғанда мақта өсіру және оны терең өңдеу саласындағы ірі компаниялармен кездесулер өткізген болатын. Келіссөздер барысында тәжірибе алмасып, екіжақты сәтті әріптес­тік орнатылды. Нәти­­же­сінде, бұл келісімдер нақты инвес­т­­ициялық жобаларға ұласып, бүгінде өңір басшысы Нұрал­хан Көшеровтің басшылы­ғы­мен мақта-тоқыма кластерін қалып­тастыруға бағыт­талған стратегиялық жоба табысты жүзеге асырылып жатыр.

Мақта-тоқыма кластерін дамы­туға жетекшілік етіп отыр­ған ин­вестор – Қытайдың мақта өсіру және оны терең өңдеу са­ласын­дағы ең ірі компанияларының бірі Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd. Компания тұқым өсіруден бас­тап, тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі мақтаны кешенді өңдеу­ге және өндірістің толық циклін басқаруға маманданған.

Міне, бүгінде облыста осы шетелдік инвестормен бірлесе Орта Азия кеңістігінде мақтаны терең өңдейтін баламасы жоқ мақта-тоқыма кластері құрылды. Кластердің ерекшелігі су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақта өсіруден бастап, иірілген жіп, мата, дайын киім және өзге де тоқыма өнімдерін шыға­рады. Бұл өңір экономика­сына жаңа серпін беріп, шикізат­тық бағыттан арылып, дайын өнім өндіруге мүмкіндік береді.

Мақта кластерінде 5 жобаны іске асыру арқылы 7 мың адам жұмыспен қамтылып, 201 млрд теңге инвестиция тартылады. Мақта өнімділігі 2–3 есе жақсарып, жылына 229 мың тонна мақта өндірілетін болады.

Жалпы, жоба аясында 10 зауыт салу жоспарланған. Оның ішінде 4 мақта өңдеу,  2 тамшылатып суару жүйелерін өндіретін, сондай-ақ 4 тоқыма зауыты бар. Соның бірқатары жұмыс істеуді бастаған. Мысалы, кластердің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін ПВХ құбырларын шығаратын зауыт іске қосылған. Тоқыма фабрикалары салынып жатыр.

Жақында Отырар ауданында орналасқан көпсалалы «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» аясында 3 зауыт іске қосылды. Соның бірі – тамшылатып суару құрылғылары мен суаруға арналған таспалар өндіретін өндіріс орны. Кәсіпорын жылына 800 млн метр суару лентасын өндіріп, 50 мың гектар алқапты заманауи суару жүйе­сі­мен қамтамасыз етуге қау­қарлы. Бұл – су үнемдеуге бағыт­­тал­ған аса маңызды жоба. Там­шылатып суару жүйелерін жер­гілікті жерде өндіру арқылы ауыл шаруашылығы тауар өндіру­шілеріне қолжетімділік артып, су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізуге жағдай жасалды.

Сонымен қатар Отырарда заманауи  мақта өңдеу зауыты пайдалануға берілді. Зауыттың іске қосылуымен 279 адам тұрақ­ты жұмыспен қамтылды. Бұл кәсіпорын заманауи технологияларды пайдалана отырып, мақта шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп отыр. Серіктес қытайлық инвесторлар көмегімен 32 мың гектар алқапқа жаңа әдіспен мақта егіліп, әр гектардан орта есеппен 50–60 центнерден өнім алынды. Мұндай көрсеткіш бұрын-соңды болмаған. Су үнемдейтін бұл технологиялар – климаттық өзгерістер жағдайында аса өзекті.

Жоба аясындағы екі бірдей мақта өңдеу зауытының жалпы құны 21,1 млрд теңгені құрайды. Бұл өндірістер жылына 180 мың тонна шитті мақтаны өңдеуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 120 мың тонна шитті мақта жиналып, оның 30 мың тоннасы таза мақта ретінде өңделді. Ең маңыздысы, осы жобалардың жұмысын біріктіретін, басқару мен бақылауды жүзеге асыратын жасанды интеллектіге негіздел­ген орталық басқару стансасы пайдалануға берілді. Бір орта­лық арқылы 30 мың гектар алқап­ты суару, реттеу және бақылау жұмыстары автоматтандырылған жүйемен басқарылады. Мұнда егіс алқабы, зауыттар түгел бақыланып отырады. Су, мақтаның өсу барысы, жердің ылғалдылығын да қадағалау жүйесі енгізіліп жатыр.

Бұл ақылды басқару Мемлекет басшысының әр салаға жасанды интелектіні енгізу туралы тапсырмасының нақты нәтижесі деп айтсақ болады.

Жақында Түркістан қаласында «Turan» арнайы экономикалық аймағында тоқыма бұйымдарын өндіретін толық циклді, яғни жіп иіріп, мата өндіретін тағы бір ірі кешен іске қосылды.  42 гектар жер бөлінген өндірістік кешеннің жалпы инвестициялық құны – 86,2 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, биыл алғашқы кезеңі іске қосылды. Жобаның бірінші кезеңінде 430 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 2026 жылғы желтоқсанға дейін зауыттың келесі үш кезеңі толық аяқталып, қосымша 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасады. Зауыт толық іске қосылған кезде жыл сайын 11,4 мың тонна жіп, 47,3 млн шаршы метр мата, 2 млн төсек-орын жабдықтары жиынтығы мен 4 млн көрпе өндіру жоспарланып отыр. Ашылған кәсіпорын жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту жолындағы жаңа кезеңнің бастамасы екені сөзсіз. Бұл жоба – Түркістан өңірінде жеңіл өнеркәсіпті жүйелі түрде да­мытуға, мақта саласының тиім­ді­лі­гін арттыруға және экспорт­тық әлеуетті күшейтуге, жаңа ин­дус­т­риялық бағыттардың қалып­та­суына серпін беретін маңызды қадам.

Осылайша, қысқа мерзім ішінде Түркістан облысында мақта өсіруден бастап, оны терең өңдеуге дейінгі толық өндірістік тізбекке негізделген мақта-тоқыма кластері қалыптасты. Бұл – бір ғана саланың жетістігі емес, өңір экономикасын әртараптандыру­ға бағытталған жүйелі саясат­тың нақты нәтижесі. Алдағы бес жылда мақтаны егістіктен бас­тап, дайын киім тігетін деңгейге дейін жеткізетін толық цикл қалыптасады деген үміт бар. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, экспорт көлемінің артуына, жеңіл өнеркәсіптің дамуына жол ашады. Ең бастысы, жоба зама­науи агротехнологияларды, су үнем­деу жүйелерін, жасанды интеллектіге негізделген басқару тетіктерін енгізу арқылы ауыл шаруашылығының тиімділігін түбегейлі арттырып отыр.

Мақта-тоқыма кластерінің дамуы тек Түркістан өңірі үшін ғана емес, тұтас Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие. Бұл бастама еліміздің дайын тоқыма өнімдерін экспорттайтын бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде қалыптасуына берік негіз қалайды. Мұның барлығы – мемлекеттік қолдау, тиімді инвестициялық саясат және бірлесе атқарылған табанды еңбектің жемісі. Қазір кластерлік даму облыста жүйеге қойылып, аймақтың экономикалық әлеуеті жаңа деңгейге көтеріліп отыр.

Мақта-тоқыма кластерін дамытудан бөлек, облысымызда жүгері және ет кластерін құру бойынша да үлкен жұмыс­тар жүргізіліп жатыр. Себебі бұл бағыт­­тағы даму облыстағы арнайы экономикалық аймақтың мүм­­кін­діктерін толық пайдала­нуға жағдай жасап, шетелдік және отандық инвесторлар үшін тартымды өндірістік алаң қалып­тастыруға мүмкіндік береді. Облыстың дамуы жолындағы бұл өзгерістер жаңа индустриялық дәуірдің бастамасы болары сөзсіз.

 

Нұралы ӘБІШОВ,

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы 

Соңғы жаңалықтар

Перу дәрігерлері сиам егіздерін ажыратты

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 11:30