Білім • Кеше

Ғылым және білім: нәтиже қандай?

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі кеңейтілген баспасөз оты­рысын өткізді. Онда министрлік өкілдері сала­дағы атқарылған жұмыс­тар бойынша қоры­тынды есеп берді.

Ғылым және білім: нәтиже қандай?

Мектепке дейінгі білім

Мектепке дейінгі білім мен тәрбие – жалпы білім беру жүйесіндегі ең негізгі, іргелі деңгей. Баланың туған­нан бастап мектепке барғанға дейін­гі тұлғалық, әлеуметтік, таным­дық қалыптасуы дәл осы кезеңде жүзеге асады. Сондықтан бала­бақша жүйесі мемлекеттің адами капиталды дамытудағы стратегиялық бағытының өзегіне айналып отыр.

Оқу-ағарту вице-министрі Майра Мелдебекованың ай­туын­ша,бүгінгі таңда 2-6 жас аралығындағы балаларды қамту деңгейі 95,9 пайызды құрап отыр. «Қазіргі уақытта елімізде 11 900-ге жуық балабақша жұмыс істейді. Бұл ұйымдарда 1 миллионнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Со­нымен қатар мектепке дейінгі даяр­лық топтарымен 163 мың бала қам­тыл­ған. Аталған даярлық топтары ба­ла­бақшаларда да, жалпы білім бе­ретін мектептердің базасында да ұйым­­дастырылған», деді вице-министр.

Сондай-ақ биылдан бастап мектепке дейінгі білім беру сала­сында ваучерлік қаржы­лан­дыру жүйесі кезең-кезеңі­мен ен­гізілген. «Ақша балаға беріледі» қағидаты негізінде осы механизм арқылы балабақшаларға кезек саны 2 есеге дейін азайды. Қазіргі таңда бұл жоба қанатқақты режімде жүзеге асы­рылып, 778 бала қам­тылған. Жоба аясында 21,8 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделген. Үнем­­делген қаражат алдағы уақыт­та басқа балаларды қамту­ға бағытталмақ.

Оқу-ағарту министрлігінің мәлі­метінше, биыл елімізде 672 жаңа балабақша ашылып, онда 65 мыңнан астам бала қабылданған.

 

Орта білім

Орта білім саласындағы ең ауқым­ды бастама – «Келешек мектептері» ұлт­тық жобасы. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жоба аясында 217 жаңа форматтағы мектеп салу жоспарланған. Бұл мектептер 460 мың оқушы орнына есептелген.

Жобаның басты мақсаты – үшауы­сым­ды мектептерді азайту, апатты жағдайдағы және орын тапшылығы бар мектептер мәселесін шешу. Қазіргі таңда жоба нәтижесінде:

  • 69 үшауысымды мектептің,
  • 22 апатты мектептің мәселесі шешілді,
  • орын тапшылығы едәуір қысқарды.
  • мм

Салынған 217 мектептің 87-сі ауыл­дық жерде орналасқан. Бұл шалғай елді мекендегі балалардың да сапалы білім алуына тең мүмкіндік беріліп отырғанын көрсетеді.

«Келешек мектептері» жобасын сапалы іске асыру үшін министрлікке қарасты бірқатар орталық кешенді сүйе­мел­­деу жүргізіп жатыр Негізгі әдісте­ме­лік және мето­доло­гиялық қолдау­ды Ы.Алтынсарин атындағы Ұлт­тық білім академиясы көр­се­теді. Академия мұғалімдер­ге, мектеп директорлары мен директор орынбасарларына жаңа білім беру бағдарлама­лары мен құралдар бойынша жүйелі көмек береді», дейді М.Мелдебекова.

Сонымен қатар мұғалімдерге әкім­шілік жүктемені азайту үшін оқу үдерісіне  жасанды интеллект құрал­дарын жүйелі енгізу басталған. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ЖИ-ді экономика мен әлеуметтік салаға интеграциялау бойынша 240 мыңнан астам педагог промпт-инжиниринг дағдылары негізінде білім ал­ды. Жасанды интеллект ұстаз­ды алмастырушы емес, оның көмекшісі. Біздің міндетіміз – педагогтерге күнделікті жүктемені азайту үшін ЖИ-ді енгізу», деді Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов.

 

Кәсіптік және техникалық білім

Сонымен қатар вице-министр Кәсіптік және техника­лық білім саласындағы жұмыстарға тоқтал­ды. Оның баяндауынша, биыл негіз­гі басымдықтың бірі – жан басы­на шаққандағы қаржыландыру көле­мін ұлғайту болған. Егер өткен жылы бұл көрсеткіш 437 мың теңгені құраса, бүгінде ол шамамен екі есеге өсіп, 912 мың теңгеге жетті.

«Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының материал­дық-техникалық базасын жаңғырту жұмыс­тары белсенді түрде жүзеге асыры­лып жатыр. Қазіргі таңда 85 білім беру ұйымында материалдық-техни­ка­лық базаны нығайту жұмыстары жүр­гізі­ліп, олардың жабдықталу дең­гейі екі есеге артты. Бүгінде бір білім алу­шы­ға шаққанда материал­дық-тех­никалық қамтамасыз етуге бөлінетін қаражат көлемі 40 мың теңгені құрайды. Бұдан бөлек, техникалық және кәсіп­тік білім жүйесінде жатақханалар ке­зең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бұл өзге өңірлерден келетін студенттер үшін білім алудың қолжетімділігін арттырып, оқуға және тұруға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», деді М.Мелдебекова.

 

Ғылым және жоғары білім

Жоғары білім саласының негізгі көрсеткіштері жыл сайын тұрақты өсім көрсетіп отыр. Қазіргі таңда жоғары оқу орындарына түсу мен жоға­ры білім алудың негізгі құра­лы ретінде Ұлттық бірыңғай тестілеу қолданылып келеді. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда еліміздегі жоғары оқу орындарында 724 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Студенттер контингентінің жыл сайын артуы жоғары бі­лімге деген сұраныстың өске­нін аңғартады. Ведомство­ның мәліметінше, 93 232 білім гранты бөлінген, оның ішін­де 77 084 грант – бакалавриатқа, 13 229 – магистратураға және 2 919 грант – докторанту­раға қарастырылған.

Сонымен қатар бакалавриат студент­теріне арналған шәкіртақы мөлшері 2020 жылмен салыстырғанда екі есеге артқан, 2025 жылы 52 372 теңгені, ал педагогикалық мамандықтар бойынша – 84 000 теңгені (2020 жылы – 26 186 теңге, 2024 жылы – 47 135 теңге) құрады.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова жатақ­ханалардағы орын тап­шылығы мәсе­лесін шешу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Вице-министрдің баяндауынша, 2025 жылы студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 10 740 орын­­дық 31 жатақхананы іске қосу жос­­­пар­ланған. Жыл басынан бері 8 757 орынға арналған 26 жатақ­хана пай­далануға берілген. Жыл соңына дейін 1 983 орындық тағы 5 жатақхана қол­данысқа беріледі. 2024–2025 оқу жылында 16,9 мың орынға дейін қысқарды.

Сондай-ақ вице-министр ғылым дамуына да тоқталды.  «Ең алдымен ғылымды басқару­дың жаңа моделі енгізіл­ге­нін атап өткен жөн. Қазіргі таңда ғы­лымды әкімшілен­діру ісі­мен министрлік қана емес, өңір­лер де айналыса­ды. Аймақ­тар­ға ғылымды жоспарлау, өңір­лік ғылыми саясатты қалып­тас­тыру және дамыту құзы­реті берілді. Әкімдіктер тиісті бағдарла­маларды іске қосу мүмкіндігіне ие болды. Бұл шара ғылым мен бизнестің өзара ықпалдасуына, ғылыми зерт­теу­лер нәтижелерін нақ­ты ком­мерция­лан­дыруға жол ашады. Мемлекет тарапынан ғы­лыми жобаларды іске асыру­ға көрсетіліп отырған қолдау көле­мі айтарлықтай артты. Ке­йін­гі жылдары ғылымды қар­жы­ландыру көлемі үш есеге өсті», деді Г. Көбенова.

Соңғы жаңалықтар

Екі дос

Қоғам • Кеше