Өңдеу өнеркәсібінде биылғы қорытынды бойынша нақты көлем индексі (НКИ) 6% деңгейінде өсуі мүмкін. Келер жылы еліміздің 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары шеңберінде нысаналы көрсеткіш 6,2% деңгейінде болады деп белгіленді.
Өңдеу саласының негізгі драйвері саналатын металлургияда өндірістің өсуі 2026 жылы 3% деңгейінде жоспарланып отыр. Өнім көлемі, ең алдымен, биыл және былтырлары іске қосылған «Kyzyl Aray Copper», «EkibastuzFerroAlloyse», «Kazferrolimited», «Shagala Mining» пен тағы да басқа зауыттардың жобалық қуатының артуы есебінен ұлғаяды. Қара металлургияда ферроқорытпа, болат, жалпақтап жаймаланған темір мен шойын өндірісін, түсті металлургияда алтын, мыс, алюминий, мырыш өндірісін ұлғайту жоспарланып отыр.
Машина жасауда келесі жылғы жоспарлы өсу көрсеткіші 13,4% деңгейінде белгіленді. Бұл көрсеткішке биыл іске қосылған «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» ЖШС мен «KIA Qazaqstan» ЖШС арқылы жеңіл автомобиль өндіру көлемін 17%-ға ұлғайту есебінен қол жеткізілгелі отыр. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы техникасын шығару 5%-ға өседі деп жоспарланған.
Айрықша атап өтерлігі, 2025 жылдың қорытындысында 436,5 мың бірлік тұрмыстық техника шығарылмақшы. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1,5 есе артық. Теледидар, кір жуғыш машина, плита пеш пен тағы да басқа тұрмыстық техниканы елімізде ««Silk road electronics» ЖШС, «Алматы тұрмыстық техника зауыты» ЖШС және «DS Multimedia CA» ЖШС шығарады. Келесі жылы тұрмыстық техниканы биылмен салыстырғанда 1,5 есе көп өндіру жоспарланып отыр.
2026 жылы химия өнеркәсібі өндірісінің өсуі 7% деңгейінде болады деп күтілуде. Ол күкірт қышқылы, натрий цианиді, сутегі асқын тотығы мен сұйық шыны секілді жаңа қуаттарды енгізу арқылы жүзеге асырылады.
Құрылыс материалын өндіруде биыл отандық тауар өндірушілердің ішкі нарықтағы үлесі 70%-ға жетті. Портландцемент, керамикалық тақтайша, темірбетон мен тауарлық бетон өндірісі драйверге айналады. Резервтер арасында Шымкенттегі керамикалық тақтайша шығаратын жаңа зауыт пен цемент зауыты бар. Биыл цемент өндірісі рекордтық көлемде өседі. Келер жылы кәсіпорындар жобалық қуатына шыққан сайын өсу де жалғасады.
Сауда саласында 2025 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы номиналдық мәнде 108,9%-ға дейін өседі. Келесі жылғы нысаналы көрсеткіш 106,5% өсіммен 92,4 трлн теңгені құрайды.
Өсім мұнай мен мұнай өнімдерін өндіру көлемін сақтау, азық-түлік пен азық-түлік емес тауарларды қайта өңдеудің ауқымды бағдарламасын іске қосу, сондай-ақ Қытай бағытын қоса алғанда, көтерме экспорттық саудаға бағдарланған төрт ірі B2B алаңының жұмысын толықтай бастау арқылы жүзеге асырылады.
Ауыл шаруашылығында келесі жылы азық-түлік пен сусын өндірісінде жоғары өсім болуы мүмкін. Ол тиісінше 109% бен 109,3%-ды құрамақ.
Кеңес соңында вице-премьер орталық мемлекеттік органдарға өнеркәсіптік өсудің жоспарлы көрсеткішіне қол жеткізіп, негізгі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін, қосымша резервтерді пысықтап, ауыл шаруашылығында, сауда мен көлікте тұрақты өсу серпінін қамтамасыз етуге баса назар аудара отырып, салаларды дамытудың жол картасын әзірлеп, ұсынуды тапсырды.