Сурет: rbc.ru
Жобаны «KMG PetroChem» ЖШС іске асырады. Компанияның басқарма төрағасы Диаз Дияновтың дерегіне қарағанда, құрылыс жұмысы халықаралық консорциуммен бірлесе атқарылады. Консорциумға Италияның Tecnimont S.p.A. (Maire тобы) жетекшілік етеді. Оның құрамында CCIC (Ливан) компаниясы да бар.
«Газ өңдейтін кешеннің қуаты жылына – 9,1 млрд текше метр. Еліміздің мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытуға серпін беретін нысан құрылысының алаңында 22 мыңға жуық қада қағылады. Қаданың бәрі қазақстандық өндірушілерден сатып алынады. Бұл жоба «Силлено» компаниясының полиэтилен шығаратын зауытын жылына 1,6 млн тонна этанмен қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Кешен іске қосылған соң жылына 360 мың тоннаға дейін пропан өндіреді. Бұл фракциялар «Теңізшевройл» ЖШС жеткізетін құрғақ тазартылған газдан бөлініп алынады», дейді Д.Диянов.
Оның дерегіне сүйенсек, нысан құрылысы кезінде отандық қамту үлесін арттыруға басымдық беріледі. Құрылысқа отандық кәсіпорындар, өндірістік сервистер және білікті мамандар тарту көзделіпті.
«Қазақстан кәсіпорындары шығаратын өнімдерді ауқымды көлемде пайдалану жоспарланып отыр. Мәселен, 1 млн 193 мың текше метр инертті материал, 27 мың тоннадан астам металл конструкциялар, 7 модульдік қосалқы станса, 62 трансформатор, 220 кВ ашық тарату құрылғысы негізгі электр-техникалық жабдықтар, пропан сақтауға арналған көлденең буллиттер мен 4 ірі колонна түріндегі ірі технологиялық құрылғылар сатып алынады. Құрылыс жұмысы қарқын алған кезде Атырау және Маңғыстау облысының тұрғындары үшін 3 500-ге дейін уақытша, 400 тұрақты жұмыс орны ашылады», дейді Д.Диянов.
Атырау облысы