Сурет: gov.kz
- Қытайдың Шэньчжэн қаласында теннистен «World Tennis Continental Cup» турнир аяқталды. Бұл жарыста Әлем құрамасы Еуропа құрамасына қарсы ойнады. Әлем құрамасы сапында еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина да өнер көрсетті. Тұсаукесер кездесуінде жерлесіміз WTA рейтингінде екінші орында тұрған Ига Швентектен (Польша) 3:6, 3:6 есебімен ұтылды. Келесі күні Елена Олимпиада чемпионы Белинда Бенчичтен (Швейцария) басым түсті – 6:3, 6:4. Дәл сол күні Андрей Рублевпен (Ресей) жұп құрған ол Валантен Вашро (Монако) мен Ига Швентекке шаң қаптырды – 6:4, 6:4.
- Чехия астанасы – Прагада аралас жекпе-жектен Oktagon 81 турнирі ұйымдастырылды. Жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеу үшін Жалғас Жұмағұлов (18-9) пен чехиялық Давид Дворжак (22-6) күш сынасты. Бұл бәсекеде үш раунд бойы біздің спортшы басым болды. Одан кейін жарақатын желеу өткен Дворжак кездесуді жалғастырудан бас тартты. Жекпе-жек аяқталғаннан кейін Жалғас жоғары салмаққа өтетінін жария етті.
- Таразда футзалдан ел кубогі жолындағы жарыстың шешуші ойындары өтті. Жартылай финалда «Ақтөбе» айды аспанға шығарып, даңқты «Қайратты» жолынан ығыстырды – 5:4. Келесі ойында «Семей» «Атырауды» әзер ұтты – 4:3. Финалда «Семей» мен «Атырау» клубтары өзара шеберлік байқасты. Бұл бәсекеде Абай облысының өкілдері басымдық танытты. Өз қарсыластарын 5:2 есебімен ұтқан олар ел кубогінің иегері атанды.
- Еліміздің ұлттық құрамасы мен Семейдің «Елімай» клубының 22 жастағы жартылай қорғаушысы Ғалымжан Кенжебек алдағы маусымда Ресей премьер-лигасында өнер көрсетіп жүрген Грозныйдың «Ахматының» намысын қорғайды. Қазіргі кезде дәл осы команда да еліміздің тағы бір танымал футболшысы Максим Самородов ойнап жүр. Ал «Тобылдың» ойыншысы Ислам Чесноков Шотландияның «Хартс» клубының жейдесін киеді.
- Өскеменде волейболдан әйелдер арасындағы ел кубогінің иегері анықталды. Финалда Түркістанның «Тұраны» мен Петропавлдың «Қуанышы» кездесті. Бұл бәсеке 23:25, 25:19, 21:25, 28:26, 15:9 есебімен «Тұранның» пайдасына шешілді.