Тәрбие сағатын 4-сынып жетекшісі Шолпан Молдағұлова «ауызша журнал» форматында өткізді. Жаңа формат «Тәуелсіздік оңай жолмен келген жоқ», «Бақытым бар үшінші – Отан деген», «Тәуелсіз Қазақстан: Тарих және тағылым», «Тәуелсіздік – балалар көзімен» және «Қазақстанның жеті кереметіне саяхат» атты бес тақырыпқа бөлінген.
Ашық тәрбие сағаты Мемлекеттік әнұранмен басталды. Одан кейін оқушыларға «Тәуелсіздік оңай жолмен келген жоқ» атты тақырыпта бейнеролик көрсетілді. Онда балалар азаттық жолында күрескен баһадүр бабаларымыздың ерлігімен бірге ел игілігі жолында қызмет еткен айтулы қайраткерлердің еңбегі жайында мол мағлұмат алды. Сондай-ақ сабақ барысында оқушылар өз өнерін де ортаға салды. Мәселен, «Бақытым бар үшінші – Отан деген» бөлімінде балалар Абай атамыздан бастап, Міржақып Дулатұлы, Жұбан Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова секілді көрнекті ақындардың Отан, туған жер туралы өлеңдерін мәнеріне келтіріп, жатқа оқыды. Жас күйші Бағдат Алшын «Ертұран» туындысын асқақтата күмбірлетті. Ал «Тәуелсіз Қазақстан: Тарих және тағылым» атты бөлімінде сынып мұғалімі оқушыларға егемендік алған жылдардан бері елімізде болған елеулі оқиғаларға қатысты танымдық сұрақтар қойып, жеткіншектер оған нақты жауап берді. Қызықты сөзжұмбақтарды шешті. «Қазақстанның жеті кереметіне саяхат» бөлімінде еліміздегі табиғаты әсем өлкелермен жақын танысты. Әсіресе оларға «Алтын-Емел», «Бурабай» ұлттық табиғи паркі, Бозжыра, Шарын шатқалы, Бұрқанбұлақ сарқырамасы және халқымыз ерекше қасиет тұтатын Түркістан қаласы туралы құнды ақпараттар берілді.
Сонымен қатар тәрбие сағаты аясында оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында «Тәуелсіздік – балалар көзімен» атты сурет байқауы ұйымдастырылды. Байқауға балалар өздері салған суреттерді ұсынды. Солардың арасынан үздік шыққан жұмыстар «Ең әсерлі сурет», «Шығармашылық ой», «Ең креативті жұмыс», «Ең әсерлі композиция», «Ұлттық өрнек көрінісі» секілді аталымдармен бағаланып, марапатталды. Мазмұнды іс-шара соңында жеткіншектер «Егемен елім – Қазақстан!» атты әнді қосылып керемет шырқады. Сондай-ақ сынып жетекшісі тәрбие сағатына белсенді қатысқан барлық оқушыға ұлы тұлғаларымыздың бейнесі бедерленген төсбелгі тарту етті.
Сәлима ТӘЛІПБАЙҚЫЗЫ