Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Қараша айындағы ең көп сатылған көлік маркасының ондығында 7,7 мың дана сатылған Сhevrolet, ал ең танымал модельдер қатарында Сhevrolet Cobalt (7 мың дана) көш бастап тұр. Бұл көрсеткіш былтырғы қараша айымен салыстырғанда 76% көп. Сонымен қатар Hyundai (5 261 д.), Kia (1 990 д.), Jetour (1 326 д.), Toyota (1 252 д.), Chery (1 123 д.), Haval (1 091 д.), Changan (1 006 д.), Geely (828 д.), Jac (597 д.) маркалары қарашада ең көп сатылған маркалар тізіміне кіреді. Ал 11 ай ішіндегі есепке сәйкес, Hyundai бренді былтырғыдай алғашқы орында тұрақтап отыр. Былтыр дәл осы бренд 44,2 мың, биыл 45,2 мың дана көлік сатқан.
Қазақстан Автокөлік одағының президенті (ҚАО) Анар Мақашеваның айтуынша, жыл соңына дейін бұл көрсеткіштер әлі де біршама артады.
«Биылғы 11 айдың нәтижесінде жаңа автокөліктер нарығы өткен жылдың тұтас көрсеткіштерін басып озды. Уәде еткендей, дилерлер серіктестерімен бірлесіп, қаржы құралдары тізбегін кеңейтіп, арнайы ұсыныстар мен акцияларды іске қосып жатыр. Желтоқсан дәстүрлі түрде автокөлік сатып алуға ең тиімді ай саналады», дейді А.Мақашева.
Автонарықтағы баға қарқыны
Биыл көлік нарығы жаңа сын-тегеуріндерге бетпе-бет келді. 12,4% инфляциямен қатар елдегі автокөлік бағасы да қымбаттады. Жыл соңына қарай бағаның өсу қарқыны бәсеңдегенімен, көлік иеленудің жалпы құны ұлғайды.
Ұлттық статистика бюросының есебінше, 2025 жылдың қараша айында машиналардың бөлшек сауда бағаларының индексі былтырғы осы кезеңге қарағанда 4,1% артқан.

Елімізде автокөлік сатып алу жағдайлары өндірілген жеріне қарай ерекшеленеді. Мәселен, отандық машиналардың баға өсімі қаңтардағы 22,8%-дан қараша айындағы 0,9%-ға дейін бәсеңдеген. Импорттық жаңа модельдер жыл ішінде 8,7%-ға қымбаттаса, ұсталған шетелдік маркілердің бағасы 0,3%-ға төмендеген.
Өндірісте өсім бар
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес елімізде биыл 11 ай ішінде 132,6 мың жеңіл автокөлік, 6,9 мың жүк көлігі, 2,6 мың автобус, 3,1 мың тіркеме мен жартылай тіркеме, 662 дана өзге де техникалар өндірілген. Олардың жалпы құны 2,03 трлн теңгені құрайды. Бұл өткен жылғы осы кезеңге қарағанда 15,7% көп. ҚАО президенті Анар Мақашеваның сөзінше, отандық автоөнеркәсіп тұрақты өсім мен әрі қарайғы технологиялық операциялардың дамуын көрсетіп отыр. Басты назар кадр даярлауға аударылған. Бұл сала ЖОО-лармен, техникалық және кәсіптік ұйымдармен белсенді ынтымақтастық орнатып жатыр.
«Мемлекет басшысы Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаған 2025 жылы автоөнеркәсіпте жұмыспен қамтылғандар саны айтарлықтай өсті. Өндірушілердің дерегіне сәйкес 2025 жылғы 1 қаңтар мен 1 желтоқсан аралығында салада 4 200-ден астам адам жұмысқа орналасты. Бүгінде автоөнеркәсіп 11 мыңнан астам жұмыс орнын қамтамасыз етіп отыр. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасады», дейді ҚАО президенті.
Қытай брендтерінің үлесі ұлғайды
Биыл сатылған жаңа автокөліктер көлеміндегі қытай брендтерінің үлесі 50%-ға жақындады. Jetour, Haval, Chery брендтері дәстүрлі көшбасшыларды ығыстырып, үздік бестік қатарына кірді. ҚАО дерегінше, қытайлық автокөлік өндірушілердің ел нарығындағы үлесі 2020 жылы бар болғаны 2%-ды құраса, 2024 жылы ол 38%-ға өскен.
Сарапшы Артур Мискарянның пікірінше, Қытай автокөліктерінің Қазақстан нарығында басымдық алуына көптеген экономикалық, геосаяси фактор ықпал етті. Осыдан 10 жыл бұрын Қазақстанның көшелерінде әйгілі BMW, Volkswagen, Mersedes және басқа да еуропалық автокөліктерден көз сүрінетін. Бұл компаниялар көрші Ресейде өндіріс алаңдарын құрып, ресейлік нарықта да, Орталық Азия елдерінде де еркін сауда жасаған. Ресей мен Украина арасындағы соғыстың басталуына байланысты, аталған компаниялар өз өндірістерін жауып тастады. Сәйкесінше, қарапайым әрі арзан жеткізу жолдарынан айырылды.
«Отандық тұтынушылар бір сәтте еуропалық автокөліктерді таңдаудан бас тартып, Қытай өнімдеріне назары ауды деу дұрыс емес. Сонымен қатар қытайлық брендтер ел нарығын «жаулап алды» деген сенім де жалған. Еуропалық автоөндірушілер соғыстың әсерінен өз позициясынан айырылып қалды. Тиісінше, осы бос орынға қытайлық брендтер жайғасты», деді сарапшы.
Қытай автоөндірушілері сатып алушылардың басым бөлігі не автонесие рәсімдейтінін, не бөліп төлеу арқылы сатып алатынын ескеріп отыр. Осыған орай олар жергілікті банктермен белсенді түрде ынтымақтасып, жеке несие бағдарламаларын құрып жатыр. Kolesa.kz платформасы жаңа автокөліктер бөлімінің басшысы Ербол Шомбинев қытайлық брендтердің басқа бәсекелестеріне қарағанда төмен пайыздық мөлшерлемелер ұсынатынын айтады.
«Ұсынылған бастапқы жарналары көп жағдайда бар болғаны 5–10%, тіпті кейде 0%-ды құрайды. Бұл қытайлық брендтерге сату көлемін жылдам өсіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ несие беруден бөлек, автокөліктің бағасы да маңызды рөл атқарады. Қытай көліктері еуропалық көліктерге қарағанда, әдетте, арзанырақ әрі соның өзінде бай жабдықталуымен ерекшеленеді», дейді Е.Шомбинев.
Электрмобиль елімізде шығарылуы мүмкін
2026 жылы Алматы мен Қостанай қалаларында электрмобильдерді өндіру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков «Курсив» сайтына берген жауабында айтты. Оның сөзінше, келесі жылы елде ішкі нарықтағы сұранысқа байланысты 10 мың электрмобильге дейін жиналуы мүмкін. Вице-министр нақты модельдерді атаған жоқ, дегенмен бұл жерде сөз көбіне қытай электркарлары туралы болып отыр.
Еске салайық, биыл отандық тұтынушылар республикаға электрмобильдерді бажсыз әкелуге арналған квотаны мерзімінен бұрын толық пайдаланды. Бұл квота ЕАОЭ жеңілдетілген кедендік режімі аясында жүзеге асты. Мемлекеттік кірістер комитеті қыркүйек айында квота лимитінің жақын арада аяқталатынын ескерткенмен, қазақстандықтар жаппай электрмобильдерді елге әкелуге тырысып бақты. Нәтижесінде, көптеген тұтынушы жеңілдетілген режім мүмкіндігін пайдалана алмады. Олар автокөлік құнының 15%-ын құрайтын кедендік бажды төлеуге мәжбүр болды. Кейінірек белгілі болғандай, келесі жылы елімізге мұндай квота берілмейтін болды. Демек енді шет мемлекеттерден электрмобиль әкелетіндер бұрынғыдай тиісті төлемдерді жасауға міндетті.
Дегенмен О.Сапарбеков мұндай жағдай елде электрмобильдер өндірісін ашуға мүмкіндік тудырады деп санайды. Ең алдымен, инфрақұрылымды дамыту, соның ішінде ірі қалаларда ғана емес, қала маңындағы елді мекендерде және автотрассаларда электрмобильдерге арналған қуаттау құрылғыларын құру ішкі сұранысқа тікелей әсер етеді.
Жеңіл машина бағасы қымбаттайды
2026 жылы 1 қаңтардан бастап елімізде ҚҚС 12%-дан 16%-ға өседі. Бұл сәйкесінше импорттық автокөліктер бағасының қымбаттауына ықпал етеді. Сонымен қатар айлық есептік көрсеткіштің ұлғаюы утилизациялық алым мен тіркеу төлемдерінің өсуіне әкеледі. Автонарық сарапшысы Артур Мискарян келесі жылғы нарық жағдайы мөлшерлеме деңгейіне, нарықты реттеу тәсілдеріне байланысты қалыптасатынын айтады.
«Негізінен, қазіргі әлемдік нарық жағдайы 2026 жылы әлемдік автокөлік сатылымы 2018 жылғы, яғни пандемияға дейінгі кезеңдегі деңгейге жақындауы әбден ықтимал екенін көрсетеді. Автокөлікке сұраныс барлық елде өсіп жатыр. Алайда қазір біздің елде қандай да бір қатты тапшылық факторы жоқ. Сәйкесінше, тұтынушыларға қолайлы жағдай құрылып жатыр. Себебі таңдау мүмкіндігі кең, күту мерзімі аз, баға тұрақты. Бірақ автокөлік бағасы арзандайды деуге болмайды. Дегенмен нарықта қысқа мерзімге арналған тиімді ұсыныстарды пайдаланып, жаңа көлік сатып алуға болады», дейді сарапшы.
Дәулет ЖАДЫРАСЫН,
журналист