Қоғам • Бүгін, 10:10

Мамандыққа адал әулет

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кезінде Зайсан ауданының Дайыр ауылында елге сыйлы, өңірде алғаш рет электр жүйесі саласында ұзақ жыл қызмет еткен тыл ардагері Қабаш Тұрдыбеков деген қария тұрды. Осыдан 13 жыл бұрын өмірден өткен ақсақал тірі болғанда бүгінде ғасыр тойын жасап жатушы еді. Өмірі өнегелі қарияны неге еске алып отырмыз?

Мамандыққа адал әулет

Қабаш аға сұрапыл соғыс жылдарынан бастап Кеңес одағының қуатты тыл орталығы Қарағанды көмір бассейнінде еңбек еткен. Небәрі 16 жастағы Қабаш ағаның сол кездегі ауыр жағдайда жұмыс істегені туралы айтқанын Дайырға қыдырып барғанда өз аузынан талай мәрте естіген едім. Ол кісінің екі ұлы Файзрахман, Уәлиханмен бала кезден дос болдық. Күміс көмей әнші Файзрахман ауданның мәдениеті мен өнерін алға сүйреуде көп еңбек сіңірді. Досымыз да өткен жылы қайтыс болды. Ал Уәлихан Қабашұлы есеп-қисап саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Уәлиханға аудан жұртшылығы разы шығар, сонау 90-жылдардың басында Зайсан ауданының Семей полигоны жөніндегі экологиялық апат аймағы болуына көп еңбек сіңірді. Қазір Астана қаласында тұрады.

Қабаш аға мен жұбайы Фаузия Құрбанқызы Қарағандыда шахтада жұмыс істеп жүрген кезде танысады. Бір-бірін ұнатқан қазақ жігіті мен башқұрт қызы­ның махаббаты жарасып, 1947 жылы отау құрады. Шахтада 1954 жылға дейін жұмыс істеген олар Зайсан ауданы «Кендірлік» кеңшарының орталығы Дайыр ауылына көшіп келеді де, алғашқылардың бірі болып электр жүйесін өз қолымен орната бастайды. Кейін бүкіл әулет – өзі, балалары мен немерелері осы электр саласында жемісті еңбек етті.

пр

1977 жылы ауданда «Алтайэнерго» электр торабы құрылды. 1997 жылы Қабаш аға еңбек демалысына шықты. Әке жолын балалары Төлеухан мен Зейнетолда жалғастырып, осы салада қызмет етті. Өзекті өртейтін өкініш, екеуі де қазір арамызда жоқ. Энергетика саласында бұл күндері әулеттің Равиль, Жанболат сынды білімді де білікті азаматтары жұмыс істеп жатыр.

Ауданнан тұңғыш шыққан электр сала­сының ардагерлерін жерлестері ұмыт­паған екен. Биыл Дайыр ауылында айтулы оқиға болды. Ауданның өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан Қабаш Тұрдыбеков пен екі ұлы Төлеухан мен Зейнетолдаға ауыл орталығында ескерткіш тақта ашылды. Салтанатты жиынға Астана мен Алматыдан, Өскеменнен меймандар келді. Құрметті қонақтар қатарынан кезінде басшылық қызметтер атқарған Марат Ізбастин, Талғат Құсайынов, Ерболат Әлпиев, аудан басшылары, басқа да азаматтар сөз алып, Қабаш аға мен ұрпақтарының осы салаға ерекше еңбек сіңіргенін жан-жақты баяндады. Қабаш аға ұлдары мен немерелеріне жауапты да күрделі мамандықты шебер меңгеру қажеттігін санасына құя білген. Жалпы, зайсандық ардагер Қ.Тұрдыбеков әулетінің электр жүйесі саласындағы еңбек өтілі 200 жылдан асады. Атакәсіпке, мамандыққа адал­дық деген осы болса керек. Жиын барысын­да ауылдағы бір көшені соғыс және еңбек ар­дагері Қ.Тұрдыбековтің есімімен атаса, кейінгі ұрпаққа өнеге болар еді деген де ойлар айтылды.

 

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

Қазақстанның құрметті журналисі

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Зайсан ауданы

Соңғы жаңалықтар