Жәдігер • Бүгін, 09:50

Сармат әйелдің жұмбақ қобдишасы

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Археологтер 2021 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Ұрысай оба кешенінен табылған қобдишаның құпиясын ашты.

Сармат әйелдің жұмбақ қобдишасы

Ұлы даламызда қазынасын әлі қойнына жасырып жатқан төбелер өте көп. Ғалымдар оларды барынша жүйелі зерттеп, қазақ жерінің көне тарихын түгендеп келеді.

– 2021 жылы далалық барлау жұмысы кезінде Ұрысай-2 обалар кешеніне кіретін бірнеше обаның жоғала бастағанын, апат жағдайына келгенін байқадық. Мысалы, бір обаны кейінгі «қара археологтер» қазып тастаған, кейбірі жыл сайынғы егін шаруашылығынан зардап шеккен. Бұларды тезірек зерттеп, ғылым үшін қажетті деректерді алып қалмасақ, кеш болатынын түсіндік, дейді сол кезде Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің Тарих және археология бөлімінің қызметкері, археолог Яна Лұқпанова.

Тарих ғылымдарының кандидаты Яна Лұқпанованы біздің газет оқырмандары да жақсы біледі. Елімізді бүкіл әлемге танытқан әйгілі алтын адамның бірін тапқан археолог жайында «Тақсай ханшайымының құпиясы» атты мақаламыз биыл наурыз айында жарық көрген еді.

Сонымен, Яна Лұқпанова жетекшілік еткен археологтер тобы қазба жұмысын бастап кетті. Оларға Шыңғырлау ауданы әкімдігі барынша қолдау көрсетті. Әсіресе аудандық музей жетекшісі, тарих жанашыры Тілеген Қалиев осы жұмыстың басы-қасында жүріпті.

Өкінішке қарай, обалар ежелгі заманда да, кейін де бірнеше мәрте қазылып, тоналған болып шықты. Әрине, қарақшылар алдымен бағалы металдан жасалған бұйымдарды алып кеткен. Соның салдарынан қабір орнындағы сүйектердің, артефакт жәдігерлердің бастапқы қалпы, орналасу реті бұзылған. Соған қарамастан ғалымдар бұл ескерткіштер өңірдің бай мәдениетін көрсететін құнды деректерге толы екенін анықтады. Орта Азиядан табылған көне жәдігерлерді қалпына келтіру бойынша жетекші ғалым-реставратор, академик Қырым Алтынбековтің өзі «Яна қазған көне қорған өте қызықты жаңалыққа толы ескерткіш болып шықты, мұндағы артефактілер бұрын бізге белгісіз болып келген көп ақпарат берді» деп мәлімдеді.

Қазба жұмысы кезінде археологтер қарақшылардың қолы тимеген бір қабірді тапқан, онда орта жастағы әйел мен жас жауынгер қатар жерленген екен. Жас жігіттің жанында жебе толы қорамсағы, белінде қанжары болған. Ал әйелдің бас жағына құрбандық тасы және ағаш қобдиша қойылған екен.

– Әдетте негізгі қабатқа жеткен соң қазба жұмысын өте мұқият жүргіземіз. Ағаш қоб­ди­шаға жеткен кезде оны қалай да барынша аман сақтауды ойладым. Сөйтіп, оған тиіспей, ай­на­ласындағы топырағымен бірге тұтас қазып ал­дық. Сол күйінде белгілі реставратор Қырым Алтынбековтың «Қырым аралы» атты зертханасына жеткіздік, дейді Яна.

Әрине, екі ғалым бұдан бұрын да әріптес болған. Батыс Қазақстан облысынан табылған әйгілі Тақсай ханшайымын да қалпына келтірген – Қырым Алтынбеков болатын.

Осылайша, үш жылға созылған зерттеу жұмыстары басталып кетті. Әуелі компью­терлік томография арқылы қобдиша ішін­­де­гі заттардың орналасу реті анықталған. Ескерткішті зерттеу барысында артефактілерді сақтау ғана емес, олардың тарихи келбеті мен бастапқы мәнін қалпына келтіруге мүмкіндік беретін археологиялық талдау, реставрация жұмыстары жасалған. Табылған заттарды реконструкциялауды біріктіретін кешенді тәсіл қолданылған.

Әрине, жаңалықтың ең ірісі – ағаш қоб­ди­ша­ның өзі. Бұл сол кездегі сармат тайпа­ла­ры­ның өмірі мен ғұрыптарына қатысты көптеген қызықты деректерді ашатын жәдігер екен. Өйткені ежелгі көшпелілер жерленген орындарда осындай қобдиша өте сирек кездеседі. Сондықтан мұндай олжа ғылым үшін үлкен қызығушылық тудырады. Мәселен, ғалымдар савромат шеңберіне жататын ескерткіштерде бұған дейін 3-ақ қобдиша тапқан екен.

Сонымен, Ұрысай кешенінен табылған қобдишаның ерекшелігі неде?

– Қобдиша осы Ақжайық өңірінде өскен жергілікті теректен жасалған, бірақ оның сырты әлдебір жылтыр қоспамен өңделген, дейді Қырым Алтынбеков. Ғалымдар ол қоспаны әуелгіде Қытай жағында өндірілген лак болуы мүмкін деп болжаған. Бірақ зерттей келе Ұрысай қобдишасы Қытайдан, Шығыстан немесе Оңтүстік Шығыс Азиядан әкелінген лакпен емес, шығу тегі белгісіз шайырлы затпен қапталғаны анықталған. Жайық бойының көне тұрғындары қазіргі ғылымға белгісіз қоспаны қолданған болуы мүмкін.

Қобдишаның ішіндегі заттар да өте қызықты. Кішкене сандықшаның қақпағын «ашқанда», ең үстінде қола айна жатыпты. Айна – ежелгі заманнан бері тек әдемілік үшін ғана емес, діни және сиқырлы сипаты бар зат саналады. «Айна – рухты бейнелеп, зұлым рухтардан қорғайтын, тіпті қару ретінде де қызмет ететін ерекше күшке ие» деген сенім адам санасында берік қалыптасқан. Мысалы, Сібір бақсылары өз рәсімдерінде айнаны зұлым рухтарды қууға, болашаққа көз жүгіртуге, сондай-ақ науқасты емдеу­ге пайдаланған.

Қобдишаның бұрышында, айнаның оң жағында тағы бір ерекше жәдігер – миниатюра ыдыс табылды. Бұл бірегей артефакт қандай материалдан жасалғаны белгісіз. Белгілісі – әлдебір органикалық заттан жасалған болуы мүмкін, оның бүгінге дейін сақталуы ғажап құбылыс.

«Археологияда органикалық заттар өте сирек сақталатындықтан, Ұрысай олжасы – қазірше жалғыз дана жәдігер! – дейді Яна Амангелдіқызы. – Пішіні мен әшекейі жағынан осыған жақын, дене пішіні ұқсас осындай күміс ыдыс бұрын Орынбордағы Филипповка қорымынан табылған екен. Сондай-ақ тік каннелюрлер әртүрлі ыдыс­та – Таяу Шығыстан әкелінген күміс амфоралар мен тостағандарда, Оңтүстік Орал мен б.д.д. V–III ғасырларда Скифиядан келген жергілікті керамикаларда кездеседі. Бірақ Ұрысай ыдысының материалы ерекше.

Қобдишада тағы бір қызық жәдігер – кедр ағашы – бал қарағайдың кесіндісі табылыпты. Бұл өте ерекше жағдай, өйткені аталған ағаш осы өңірде өспейді. Табылған кедр кесіндісі Африканың солтүстік-батысынан немесе Таяу Шығыстағы қазіргі Ливан, Сирия, Түркия, Кипр аумағынан, әлде Батыс Гималайдан әкелінуі мүмкін. Қалай болғанда да импорттық сипаты айқын.

Ғалымдар ұзақ зерттеу мен ізденістен кейін Ұрысай кешенінен табылған қобдишаның иесі – сармат тайпасының абыз әйелі деген шешімге келген. Сандықшада табылған бұйымдар – діни салт-жораларды жасауға қолданылған болса керек. Ол әйел өз тайпаластарының денесіне түрлі сурет – татуаж салумен айналысқан болуы да мүмкін. Қабірден табылған ине, моншақ, ритуал­ды пышақтар осындай ойға жетелейді.

Жақында «Жайық қалашығы» музей-қорығы археология бөлімінің аға ғылыми қызметкері Яна Лұқпанова, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Әлия Манапова, ғалым-реставратор Қырым Алтынбеков пен оның қызы Элина Алтынбекова Шыңғырлауға арнайы келіп, «Sarmatae: ежелгі қобдиша құпиясы» атты монографиялық еңбекті халыққа таныстырып, кітап-альбомның жазылуы, жинақталуы туралы айтып, кітап альбомды музей қорына табыстап кетті. Ғалымдар 2021 жылы Ұрысай-2 қорғанында жүргізілген археологиялық қазба нәтижесінде табылған қобдишаның көшірмесін де аудан музейіне тарту етті.

Бұл шалғайдағы Шыңғырлау ауданының мәдени өмірінде үлкен жаңалық болды. Аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев арнайы шақырылған ғалымдарды, Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметіне жанашырлық танытып жүрген бір топ азаматты өңір мәдениетіне қосқан еңбегі үшін «Музей жанашыры» төсбелгісімен марапаттады.

– Қазақ жерінің қай пұшпағы да шежірелі тарихқа тұнып тұр ғой. Біздің Шыңғырлау даласында да халқымыздың көне тарихына қатысты жәдігер көп екені әлдеқашан дәлелденген. Ауданымызда аса маңызды мәдени оқиға – «Sarmatae: ежелгі қобдиша» кітап-альбомының тұсаукесері мен «Тамырлы тарих ізімен» атты республикалық ғылыми-практикалық іс-шарасын жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан меймандарымызға, барша азаматқа мың алғыс айтамын, деді осы істің басы-қасында жүрген Тілеген Қалиев.

 

Батыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар

Керек дерек

Digital • Бүгін, 10:17

Сезімтал сенсор

Ғылым • Бүгін, 10:15

Мамандыққа адал әулет

Қоғам • Бүгін, 10:10