Мерекелік кеште театрдың жетекші солистері, камералық оркестр мен балалар хоры бір сахнада өнер көрсетті. Атап айтсақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, меццо-сопрано Татьяна Вицинская, сопранолар Әсем Сембина мен Лейла Аламанова, тенор Әлихан Зейнолла, баритон Сұлтан Бақытжан тыңдарманын қуантты. Сондай-ақ сирек кездесетін контртенор дауысының иесі Батыржан Смақов, скрипкашы Мәдина Капеу мен альтшы Гүлнар Тілеуғабылова шақырылған әртістер ретінде кештің көркемдік бояуын байытты.
Тыңдарман назарына барокко дәуірінің ұлы композиторлары – Антонио Вивальди, Георг Фридрих Гендель, Франческо Дуранте, Джулио Каччини шығармаларымен қатар Вольфганг Амадей Моцарт, Жюль Массне, Джакомо Пуччинидің таңдаулы туындылары ұсынылды. «Астана Операның» камералық оркестрін дирижер, «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзин басқарса, фортепианода Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембирова ойнады.
Кештің әсерлі сәттерінің бірі – Ф.Грубердің әлемге әйгілі «Тым-тырыс түн» композициясын Алтынғаным Ахметова мен Шырын Ахмеджанова жетекшілік ететін «Астана Опера» балалар театрлық студиясы хорының орындауы болды. Жас вокалистердің балғын дауысы концертке ерекше нәзіктік пен шынайылық дарытып, мерекелік атмосфераны тереңдете түсті.
Мерекелік концерт көрермен тарапынан зор ықыласқа ие болған «Bel Canto музыкалық салоны» топтамасы аясында өтті. Жобаның авторы әрі идеялық шабыт берушісі Раушан Бескемпірова бұл формат Камералық залды шығармашылық еркіндік пен көркемдік ізденіске жетелейтінін айтады.
– «Bel Canto музыкалық салоны» – әртістер үшін де, тыңдарман үшін де ерекше сұхбат алаңы. Мұнда біз әр дәуірдің вокалдық және аспаптық жауһарларын еркін ұсына аламыз. Камералық зал – нағыз шығармашылық зертхана, – дейді пианист.
Биылғы мерекелік кештің репертуарынан Антонио Вивальдидің терең лирика мен салтанатты рухты тоғыстырған «Nisi Dominus» туындысы айрықша орын алды. Бұл шығарма Камералық зал сахнасында алғаш рет толық, тоғыз бөлімнен тұратын нұсқада орындалып, оны контртенор Батыржан Смақов орындады.