Мирас • Бүгін, 08:33

«Дегенде Балқадиша, Балқадиша...»

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақан серінінің «Балқадиша» әні Көкшетау мен Атбасар ­дуандарында би болған атам Беген бидің (Бекмағанбет) Дүйсенбайұлының (1864–1950, Беген ауылы, Зеренді ауданы), досы Ыбырай бидің (Қараөткел, Зеренді ауданы) қызы Балқадишаға арналған. Оның шын есімі – Төкен.

«Дегенде Балқадиша, Балқадиша...»

Балқадишаның (1883–1950) туған жері – Қараөткел ауылы. Әкесі Ыбырай қара қылды қақ жарған белгілі би болған.

Зеренді тауы мен оған жал­ғасып жатқан Қошқарбай тауы, одан әріректе Жыланды тауы орна­ласқан. Ақан сері сол маңдағы ауыл­дарды әнмен сусындатып, Жы­ланды жағына барғанда, Балқа­дишаның ұзатылғанын
естиді.

«Басынан Жыландының құлағаным,

Кекілін Кербестінің сылағаным.

Кетті деп Балқадиша естігенде,

Құшақтап құз-жартасты жылағаным»

деген екен.

«Дегенде Балқадиша, Балқа­диша, күйеуің сексен бесте шал, Қадиша» деп басталатын мәтін Ақан серінікі емес, қазақ қоғамын жабайы халық деп көрсету үшін кейін коммунистер шығарған өтірік. Балқадиша 1904 жылы 21 жасында Кеңөткел ауылында өзінен 6 жас үлкен Сүлейменге тұрмысқа шығады.

Өткен ғасырдың отызыншы жыл­дары: «Әкесі Ыбырай би бол­ған, келген жері бай-құлақ», деп кәмпескеленеді. Балқадиша күйеуімен Челябінің Златоуст деген қаласынан пана тауып, 1939 жылы еліне қайтып оралады.

Балқадишаның анасы да, жұ­байы да қылды қарауыл руынан.

Ақан сері өз кезінде Балуан Шолақ, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Естай, Иманжүсіп сияқты ақын-әншілермен аралас болып, халықтың рухани өміріне ықпал еткен.

Балуан Шолақтың (1864–1919) өмірі Көкшетау өңіріндегі наға­шылары: атығай, қарауыл рулары­ның арасында өткен. Менің атам Беген бимен әрі құрдас, әрі сырлас, дос болған. Ол біздің ауылдан 90 шақырым жердегі Бұланды ауданы, Қызыл кордон ауылында өмір сүрген. Жыл сайын Атбасар жәрмеңкесіне бара жатқанында Беген ауылына бір-екі күнге келіп, өлең айтып, халықпен жүздесіп кетеді екен.

Үкілі Ыбырайдың кеңес өкі­метін сынап, патша заманын мақ­тап Орынбор түрмесінде шығарған соңғы өлеңін марқұм әкем Рахмет Бекмағанбетұлы (1908–1985) біз шөптен келе жатқанымызда арба­ның үстінде ыңылдап айтып отыратын.

«Айналайын, сәбетім,

Өлімге тартты тәбетің.

«Аша тұяқ қалдырмай»,

Асқынды масыл ғадетің.

Зобалаң келді тонаған,

Сыпырдың малды қорадан.

Сол үшін мақтап өзіңді,

Өлеңім қардай бораған».

Осы өлеңі үшін кеңес өкіметі Үкілі Ыбырайдың соңына түскен деседі.

1959 жылы Жоғарғы кеңестің депутаты, жазушы Сәбит Мұқанов сол кездегі Қазақстан Орталық комитетінің хатшысы Н.Жан­діл­дин жолдасқа Үкілі Ыбырай Санды­байұлының ақталуы жө­нінде жазған хатында: «Атағы кең та­раған қазақтың ақыны әрі саз­гері Ыбырай Сандыбайұлы 1929 жылы «істі болып» кулак есебінде сотталып, ұзамай өлген. Ол тамаша өлеңдерімен көпшілікті думанға бөлеуші еді. Ыбырай қазақ мәдениетіне өз үлесін қосты, оның бір ғана «Гәкку» әні «Қыз Жібек» операсының арқауы бо­лып, Күләштің есімін әлемге әйгіле­гені баршамызға белгілі. Нақақтан жала жабылып, қуғын-сүргін құр­баны болған халық ақыны Ыбырай Сандыбаевтың ақталуын шын­дық талап етеді. Осымен қоса мен Ыбы­райдың 1924 жылы түскен суретін тапсырамын» деген екен Сәбең.

Атамыз Беген би Дүйсенбай­ұлының қайын атасы Ахмет те, балдызы Есмағұл да Көкшетау қа­ла­сының іргесінде (15-разъезд) болыс болған.

Жездесі мен балдызы әзіл-наз­дары жарасқан, өте сыйлас адамдар екен. 1978 жылы Көкшетауда қызмет істеген кезімде әкемнің нағашы жұртына бардым. Сонда Мұқаш ақсақал айтты: «Бір жолы балдызы Есмағұл жездесі Беген биге сәлем айтып жіберіпті. «Бір семіз қой мен бір қап ұн алып келіп қайын жұртында аунап-қунап кетсін!» деп. Сонда жездесінің балдызына жіберген әзіл жауа­бы: «Ондай сый апарсам мені Мекелайдың (Николаевка) орысы да төріне шығарады», депті».

Әжеміз марқұм Шәйізза – ұзын бойлы, аққұба, арықша кел­ген, ақкөңіл, аңқау, қолы ашық, аса қамқор, еңбекқор кісі болды. Мен болыстың қызымын деп айтқа­нын естімедік. Есте қалған ескілікті әңгімелерді біз де оқырманға жеткізуді жөн көрдік.

 

Ахмет Дүйсенбаев 

Соңғы жаңалықтар