Тұлға • Бүгін, 08:40

Микология майталманы

0 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елімізге танымал тау тұлғалардың дені ауылдан шыққан. Содан ба, олардың бойынан қазақылықтың иісі аңқып тұрады. Өйткені олар ұлттық тәлім-тәрбиенің қайнарына қанып өскен. Ата-әженің ертегісін тыңдап, ұлтымызға тән бар асыл қасиетті бойларына сіңірген. Сондай айтулы азаматтың бірі, биология ғылымдарының докторы, профессор Сардарбек Әбиұлы.

Микология майталманы

Қазақ даласында өсім­діктің сан алуан түрі өседі. Бір қызығы, тау­лы өлкеде өсетін өсімдіктерді жазық даладан кездестіре алмайсыз. Әр өсімдіктің құпиясы, өз сыры бар. Бұны да бабаларымыз жақсы білген. Айталық, бүгінгідей дамыған медицина жоқ заманда олар өсімдіктердің кейбір түрімен халықты емдеген. Осының бәрі ауыл баласына таныс дүниелер.

Кейіпкеріміз бала күнінде өсімдіктерді зерттейтін ғалым бола­мын деп еш ойламап-ты. Ұшқыш болсам деген. Әрине, бұл сол кезеңдегі көптеген баланың арманы еді. Кейін бұл мақсаты өзгеріп, дәрігер болсам дейді. Осы ойдың жетегімен орта мектепті бітіріп, Алматыдағы медицина институтына келеді. Десе де тағдырдан алыс кету мүмкін бе? Жас талапкердің бұл ойын қа­ла­да емделіп жатқан Сауран­бек ағасы өзгертеді. «Сен одан да ауыл­шаруашылық институты­ның аг­рономия факультетін таңда. Бітіргесін бір кеңшарға агро­ном боласың, партияға өтесің. Одан да жоғарылауың мүмкін», дейді. Сөйтіп, Қазақ ауылшаруашылық институтының агрономия фа­куль­тетіне құжатын өткізеді. Барлық емтиханнан сүрінбей өтіп, оқуға түседі.

Өмір деген қызық. Кейде бір­ауыз сөз адам тағдырына әсер етіп жатады. Жоғары оқу ор­нын тәмамдағаннан кейін Әби­ұлы туған жеріне оралып, алғаш­қы еңбек жолын кеңшарда агро­номдықтан бастады. Алай­да бар ойы – ғылымға құлаш ұру. Студент кезінен зерттеу жұмыс­тарымен айналысты. Оған институттағы ұстазы, қазақтың алғашқы ғалым микологі Берді­құл Қалымбетовтің ықпалы көп тиді. Көрнекті ғалым біраз жыл Ботаника институтындағы өзі құрған «Споралы өсімдіктер биологиясы» зертханасын басқарды. Шәкіртінің бойынан ізденімпаздығын байқап, оны ғылымға баулыды. Бағыт-бағдар берді. Диплом жұмысына жетекшілік жасады. Тақырып беріп, кандидаттық диссертациясына жетекші болды. 1973 жылы жас зерттеуші кандидаттық еңбегін табысты қорғады. Сол жылы Қазақ ғылым академиясының Ботаника институтындағы «Споралы өсімдіктер биологиясы» зертханасына аға лаборант қызметіне қабылданды. Кейін «Эксперименттік микология» зертхана меңгерушілігіне тағайындалды. Зерделі маман мұны да бірден ұршықтай иіріп әкетті. Жемісті жұмыс істеді. Микология саласын індете зерттеп, оған талантты жастарды тартты. Жаңа мектеп қалыптастырды. Ботаника және микология саласы бойынша докторлық диссертация­сын қорғады.

Белгілі ғалым 1995 жылы Бота­ника және фитоинтродукция инс­титутына басшылыққа келді. Бұл қызметті Әбиұлы табан аудар­май он жыл атқарды. Осы жылдар аралығында ботаника, микология, фитоинтродукция саласында көптеген ірі жобалар қолға алынды. Бірнеше ғылыми зерт­теу бағдарламасы жүзеге асты. Соның нәтижесінде, еліміздегі өсімдіктердің қазіргі жағдайы бүкіләлемдік биоалуантүрлілікті сақтау тұрғысында жан-жақты зерттелді. Табиғи өсімдіктердің аймақтық мәлімет қоры мен экологиялық картасы жасалды.

Биология ғылымы көп салалы. Соның ең ауқымдысы – ботаника, яғни өсімдіктер әлемі. Өсімдіктер болмаса жер бетінде тіршілік жоқ. Кейіпкеріміз өсімдіктер әлемінің ішіндегі микология саласын зерттеген. Шындығында, Сардарбек Әбиұлы – еліміздегі эксперименттік микология мектебінің іргетасын қалағандардың бірі. Негізі микология саңырауқұлақтарды зерттейтін сала. Сондықтан ғалым еңбектері еліміздегі табиғи және мәдени өсімдіктерді зақымдайтын тат саңырауқұлақтарын зерттеуге арналған.

«Жұртшылық саңырау­­­құлақ­тарды жақсы біледі. Оның жал­пы түрі 100 мыңнан асады. Олардың дені көзге көрін­бей­ді. Ауруқоздырғыштар болып келеді. Мысалы, астық тұ­­қым­­дас дақылдарды көп ауру­­ға ұшырататын – осы ауру­қоз­дырғыш саңырау­құлақтар. Қазір біраз ел тамаққа тұтынатын саңы­рауқұлақтарды қолдан өсіріп жатыр. Мәселен, Қытай мемлекеті жылына 8–9 миллион тонна саңы­рау­құлақ өсіреді. Оны сонда бар­ғанда көрдім. Әріптесім екеу­міз он күн араладық. Бұл мем­ле­кетте саңырауқұлақ өнді­рісі жо­ғары дамыған. Мыса­лы, би­дай құрамындағы белок 18–20 пайыз болса, саңырау­құлақ­та ол 30 пайызға жақын. Тат саң­рауқұлақтарды көп зерт­тедім. Елі­міз – дәнді-дақылға бай. Алайда астық тұқымдас дақылдардың өте зиянды ауру­ла­рының қатарына осы тат саңырау­құлақтары да жатады. Бұлар бидай өнімін 20–30 пайызға дейін жойып жібе­реді. Тат саңырауқұлақтарының даму ци­кі­лі толық аяқталу үшін бір-біріне ұқсамайтын екі өсімдік – бидай мен бөріқарақат керек», дейді ғалым.

Білікті тұлға саналы ғұмы­рында басшылық қызметпен бірге, ғылым мен оқытушылықты қатар алып жүрді. Бірқатар жоғары оқу орындарында студенттерге дәріс оқыды. Шәкірт тәрбиеледі. Қазір ізбасарларының өзі бір қауым елге айналған. Ғалым 24 ғылым докторлары мен кандидаттарына, PhD докторларына жетекшілік етіп, қорғатты.

Біз осы мақаланы жазарда кейіп­керіміздің жақын шәкірт­терімен әңгімелестік. Сонда олар ғалымның ұстаздық қасиеті мен кісілігін жоғары бағалайтынын айтты. Мәселен, ботаника ғылымдарының кандидаты Ұлдай Жетігенова ұстазының бірінші шәкірті болғанын мақтанышпен жеткізді. Сардарбек Әбиұлы бұл кісіні «алғашқы қарлығашым» деп еркелетіпті. Ал Микология және альгология зертханасының меңгерушісі Сәтбай Нұрашов саңлақ азаматтың аталған институтта отыз жылға жуық қызмет істеп, өнегелі із қалдырғанын тілге тиек етті.

«Қазір мен Сардарбек аға басқарған зертханаға он жеті жылдан бері жетекшілік етемін. Өз басым, ол кісіні ғылымдағы ұстазым санаймын. Осында қызмет істеген жылдары қанша­ма жобаны жүзеге асырды. Жұмыс­қа өте талапшыл. Ағамен бірнеше рет экспедицияға да шықтым. Сардарбек Әбиұлының бір ерекшелігі – үлкенмен де, кішімен де тез тіл табысады. Жастарға жанашыр. Талай мәрте алдына барып, «осындай аймаққа экспедицияға барып, материал­дар әкелейік» дегенде, бірден қолдады. Ол кісі Астанаға 2005 жылы қоныс аударды. Бірақ содан бері бізбен байланысын үзген емес. Одан кейін де ғалыммен Баянауыл, Қарқаралы, Бурабай және Солтүстік Қазақстан облыстарына экспедицияға барып, өсімдіктерге зерттеу жүргіздік. Біраз құнды материал жинадық. Осыған бастамашы болып жүрген тағы да сол кісі», деді Сәтбай Бақытбайұлы.

Сондай-ақ Ботаника және фитоинтродукция институтының аға ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты Ләззат Қызметова ғылымға қызығушылығын оятқан оқы­ту­­шы­сының экспедицияға барған­дағы қызықты сәттерімен бөлісті.

«Қазақ ұлттық универсиетінің 4-курсында оқып жүргенде Сар­дарбек Әбиұлы бізге дәріс оқыды. Сол кезде менің биоло­гияға бейі­мімді байқап, өзі басқа­ра­тын инс­титутқа жұмысқа ша­қыр­ды. Қазір осы ғылыми мекемеде 25 жыл­ға жуық істеймін. Мен үшін Сар­дарбек аға – биология ғылы­мының шыңын бағындырған тұлға.

Ағаймен талай рет экспе­дицияға бардым. 2000 жылдар­дың бас кезінде қаржының тап­шы­лығынан көбінесе Алматы облысының төңірегіндегі өсім­діктерді зерттедік. Таудың биік­тігі әртүрлі. Соған қарай жер­дің ылғалы да басқаша болады. Осы ылғалдылыққа байланыс­ты әртүрлі өсімдіктер өседі. Мә­се­­лен, тауға көтерілген сайын саңыр­ау­құлақтың неше тү­рін кездестіресіз. Соларды қызық­тап, тауға өрмелей береміз. Сар­дарбек ағаның бойы ұзын. Ады­мы кең. Ол кісі бір қадам басса, біз бес қадам аттаймыз. Кейде оған ілесе алмай, шаршаймыз. Алайда ағаймен жүрген өте қызықты. Кейде тамақ ішуді ұмытып, күннің қалай өткенін білмейміз. Сардарбек аға материалды көп жинасақ, көңілденіп ән салады. Халық әндерін керемет орындайды. Кейде оған біз де қосыламыз. Сосын даналыққа толы әңгімелер айтады. Әсіресе жастарға «ғылыми дәрежең қанша көтерілсе де адами қасие­тіңді сақтандар», дейді. Өзім осындай парасатты ғалымның шәкірті болғаныма мақтанамын», деді Ләззат Аманқызы.

Тоқсаныншы жылдардың соңында Алатау етегіндегі әсем шаһардан еліміздің бас ордасы Арқа төріне көшті. Ұлы көшпен бірге ұлтымыздың сүт бетіне шыққан қаймақтарының біразы жас Астанаға бет бұрды. Олар елорданың рухани-мәдени, ғылыми ортасын қалыптастыруға көп үлес қосты. Осы зиялылардың қатарында Сардарбек Әбиұлы да болды. Қазір Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің профессоры. Ғиб­рат­ты ғалымның 250-ден аса ғылы­ми еңбегі жарияланған. Оның ішінде 9 монографиясы мен жо­ғары оқу орындарына арнал­ған «Фитопатология» және «Зама­науи микология» атты екі оқулығы бар. Бірқатар Еуропа, Азия, Африка, Америка елдерінде ұйымдастырылған ғылыми экспедициялар құрамында болып, көп­теген ботаникалық, миколо­гия­лық материал жинады. Сон­дай-ақ 4 жыл БҒМ Жоға­ры аттес­тациялық комиссиясында бі­ріккен «биология» және «ауыл шаруашылық» салалары бойын­ша эксперттік кеңесінің төраға­лығын атқарды. Ғалымның тағы бір қыры – саяхатқа жиі шығады. Отызға тарта елге табаны тиген.

Қазір айтулы ғалым үлкен бір әулеттің иесі. Зайыбы Сәуле екеуі ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан ұрпақ сүйіп отырған ардақты ата мен аяулы әже. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған жылы Сыр бойында дүниеге келген сары бала бүгінде қазыналы қарияға айналды. Қазақы қасиетін жоғалтпады. Бекзат болмысын сақтады. Міне, салмақты басып сеңгірлі сексеннің төріне шықты. Бұл да тағдырдың сыйы.

Соңғы жаңалықтар