Инфографика • Бүгін, 08:35

Ізденіс өндірісті қуаттандырады

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейінгі 5 жылда ғылым көшіне жастардың жаңа легі қосылды. Ғылымға құлшынысы зор жастар ғылымның қай саласында да ілкімді жобаларды іске асырып, жоғары нәтижеге қол жеткізіп отыр. Сарапшылар ғылым саласында қалыптасқан осы бір серпілісті бәсеңдетіп алмауды айтады. Бұл үшін ғылымға бөлінетін қаражат пен технологиялық жетістіктерді жетілдіру маңызды.

Ізденіс өндірісті қуаттандырады

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Қазір цифр­лы технологиялар мен жа­санды интеллект жас буын­ның ғылымға қызығушылығына айтарлықтай оң ықпалын тигізіп жатыр. Ірі ғылыми-зерттеу орталық­тары, жоғары оқу орындары, колледждер, тіптен орта білім жүйесінде жаңа технология­ларды енгізудің жағымды үрдісі байқалады.

Ғылым саласын дамытуға респуб­лика бюджетінен кейінгі үш жылда қаражат артып, биыл 240,2 млрд теңге бөлінген. Алайда ғылымы дамыған елдер тәжірибесіне сүйенсек, бұл қаражат әлі де жеткіліксіз. Мемлекет басшысы Ғылым және технология­лар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында жер қой­науын пайдаланушылар өндіріске жұм­сайтын қаржысының 1 пайызын ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конс­трукторлық жұмыстарға міндетті инвестиция ретінде салуы қажет деп тапсырма берді. Дегенмен әлі де жетілдіріп, компаниялардың ғылымға бетбұрысын арттыратын тетіктерді күшейту маңызды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек кейінгі жыл­­дары мемлекет тарапынан жас ғалымдарға жан-жақты қол­дау көр­сетіліп келе жатқанын айтады. Гранттық қаржыландыру, шетел­дік тағылымдамалар, мега-грант­тар, ғылыми дәрежесіне қосымша төлем­дер, сондай-ақ әлеуметтік қолдау тетіктері іске асып жатыр. Жыл сайын 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы табысталады. Айтуын­ша, ғылыми зерттеу ғана емес, эко­номиканың қозғаушы күші. Тиісті министрліктің ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға басымдық беруі нәтижесінде биыл 200-ден аса ғылыми жоба іске асып, оның 25-і экспортталды. Коммерцияланған жобалардың ел экономикасына үлесі 100 млрд теңгеден асты.

Ғылым қорының дерегіне сүйен­сек, 2023–2025 жылдарға арналған ғылыми-техникалық қызмет нәтиже­лерін ком­мер­цияландырудың неғұр­лым перс­пективалы жобалар грант­тық қаржы­ландырылған. Ұлттық ғылыми кеңес­тің шешімімен 70-тен астам жоба мақұл­данып, ғылы­ми-тех­никалық қызмет нәтиже­лерін ком­мерцияландыруға грант беру тура­лы 72 келісімшарт жасал­ды. Ал қол­данбалы ғылымды мемле­кет­тік қар­жыландыру 2024–2026 жыл­дарда 476,9 млрд теңгеге дейін ұл­ғайту көздел­ген (оның ішінде бағ­дарламалық-нысана­лы қаржылан­дыру – 211 млрд теңге, гранттық қаржы­­ландыру – 198 млрд теңге, ком­мер­цияландыруды гранттық қаржы­ландыру – 67,9 млрд теңге), ал ғы­лы­ми зерттеулермен айналысатын ұйым­дардың саны бүгінде 400-ден асып отыр.

Биыл өңірлік ғылымның дамуына да ерекше мән беріліп отыр. Ұлттық ғылым академиясы жүргізген форсайттық зерттеулер нәтижесінде анықталғандай, ғылымды дамыту Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда шоғырланғандықтан, аймақтар назардан тыс қалған. Осы мақ­сатта өңірлерге арнайы іс сапар­мен бар­ған ғалымдар өңірлерде туын­даған түйткілді мәселелерді анық­­тады. Нә­тижесінде, ғылымды басқа­ру кү­шейіп, әкімдіктер жанынан ғылыми кеңес құрылды. Түркістан, Қара­ғанды, Сол­түстік Қазақстан облысын­дағы ға­лымдар өңірлік гранттық бағдар­лама­лар мен сессияларға қатысу мүмкін­дігі­не ие болды. Осы орайда ғылым мен бизнестің өзара байланысын жаңа дең­гейге көтеретін маңызды қадам ретінде 2024–2026 жылдары өңірлерде зерттеушілік орталықтарын құру үшін 17 бағдарлама енгізу көзделіп отыр. Ұлттық ғылым академиясы пәнаралық ғылымдар орталығының директоры Қуантар Әлихановтың айтуынша, кейінгі екі жылда академия 70 өңірлік және салалық форсайт-сессия ұйымдастырған. Мемлекет, бизнес пен шетелдік ғалымдардың қатысуымен өткен іс-шара барысында экономиканың нақты сұранысына бағытталған 220 міндет айқындалды. Нәтижесінде, 65 ғылыми-техникалық тапсырма әзірленді. Алматыда университет ректорлары мен ғылыми зерттеу институттарының басшыларымен кездесулер барысында ғылым мен экономика сұранысы арасында алшақтық бар екені анықталды. Осы орайда тиісті министрлік тарапынан арнайы жобалар қолға алынып, қазірде ғылым мен бизнестің ықпалдастығын колледждерде, тіптен орта білім беру саласымен байланыс­тырудың маңызына назар аударылып отыр.

Сарапшылар атап өткендей, ғылымды дамыту зертханалардағы зерттеулермен, мақала жариялаумен шектелмейді. Қазір елімізде 40–60 патентке ие ғалым бар. Ол патенттердің дені импортқа тәуелділікті азайту­ға мүмкіндік береді. Осы орайда өнеркәсіп ошақтары, кен орында­рының аймақтардағы үлесі басым болғандықтан, өңірлік ғылымды дамытудың маңызы туралы көп айтылады. Алдағы жылдан үміті басым ғалымдар қауымы зерттеу нәтижелері коммерцияланса, өндіріске енуіне даңғыл жол ашылады деген сенімде.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар