Жасанды интеллект • Бүгін, 08:30

Өнеркәсіпке енгізілген жасанды интеллект

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Astana Hub» алаңында «Industrial AI Acceleration 2025» бағдар­ла­масының қорытындысы жария­лан­ды. Бұл – еліміздегі өнеркәсіп пен орта бизнес ұйымдарының қыз­метіне жасанды интеллект пен цифр­лық технологияларды енгізуді көздейтін салалық акселерация.

Өнеркәсіпке енгізілген жасанды интеллект

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Акселерация дегеніміз – стартаптарды жедел дамытуға арналған арнайы бағдарлама. Мұнда жас кәсіпкерлер бизнес-моделін пысықтап, өнімін нарыққа шығарудың жолдарын нақты­лайды әрі инвесторлармен байланыс орнатады. Әдетте қатысушылар тәжіри­белі менторлармен бірге жұмыс істеп, мар­кетинг, қаржыландыру және техно­логиялық даму бойынша практикалық білім алады. Соның нәтижесінде стартаптар аз уақытта қарқын алып, жобасын нақты өнімге айналдырып, инвестиция тартуға бір қадам жақындайды.

«Industrial AI Acceleration» бағдарламасы еліміздің түкпір-түкпірін­дегі өнертапқыштар мен ірі өнеркәсіп өкіл­дерін бір алаңда тоғыстырды. Бар­лығы 90 өтінім түскен. Іріктеу қоры­тын­дысы бойынша 43 команда қабыл­данып, олардың 38-і нақты өндіріс­тік сұраныстармен жұмыс істеуге кірісті.

«Бағдарламаның мақсаты – тек акселерация өткізу емес, стартаптар мен өнеркәсіп арасында тұрақты әрі ұзақмерзім­ді ынтымақтастық жүйесін қалып­тастыру. Бүгінде жасанды интеллект және IT-шешімдер таныстырылым деңгейінен өтіп, өндірісте жұмыс істей бастағанын көріп отырмыз», деді «Astana Hub» Индустрия 4.0 офисінің директоры Анарбек Өтеғұлов.

Қорытынды Demo Day аясында 33 команда өз нәтижеле­рін көпшілік назарына ұсын­ды. Бағдарлама аясында сәтті енгізілген жобалардың бірі – «SafeSight AI». Стартап өндірістік қауіпсіздікті бақылау үшін компьютерлік көру техно­ло­гиясын қолданады. Мұндағы бейне­бақылау камералары арқылы жүйе техника қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуын, сондай-ақ қауіпті әрекеттерді автоматты түрде анықтайды. «SafeSight AI» шешімі мұнай-газ, тау-кен және ауыр өнеркәсіп салаларында қолданылып, өндірістік жарақаттарды 20-40 пайызға дейін азайтып отыр. Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігіне қатысты тексерулер мен тергеулерге кететін шығындар 30 пайызға дейін қысқарады. Бұл – жасанды интеллектінің өндірістегі қауіпсіздікті тек бақылау емес, алдын алу деңгейіне көтере алатынын көрсететін нақты мысал.

а

Өнеркәсіптегі тағы бір маңызды бағыт – жабдықтардың жай-күйін үздіксіз бақылау. Бұл бағытта «RRLean» стартабы ерекше көзге түсті. «RRLean» әзірлеген платформа «IIoT» және «Edge AI» технологияларына сүйеніп, өндірістік ак­тив­терді дәл сол сәтінде бақы­лайды. Жүйе жабдықтың істен шығу қаупін алдын ала болжап отырады. Нә­­тижесінде, деректерді рәсімдеуге кете­тін уақыт бірнеше есе қысқарып, қызметкердің жұмыс тиімділігі артады. Бұл шешім ірі өндірістер үшін уақыт пен шығынды қатар үнемдеудің тиімді жолына айналып отыр.

Өндірістегі цифрландыру тек жабдықпен шектелмейді. Жұмысшының өзі де осы жүйенің маңызды бөлігі. Сондықтан «Tems.ai» стартабы ұсынған «connected worker» платформасы да ерекше көзге түсті. «Tems.ai» өндірістік нұсқаулықты, чек-парақты, бейнемате­риалдарды бір цифрлық ортаға жинақтайды. Қызметкер қажетті ақпаратты дәл сол сәтте, нақты жұмыс орнын­да ала алады. Генеративті Жи мен NLP технологиялары арқылы жүйе ақпаратты құрылымдап, оны жаңар­тып отырады. Соның нәтижесінде нұсқаулық әзір­леу уақыты 90 пайызға дейін қысқарып, жабдықтардың бос тұруы айтарлықтай азаяды.

Бағдарламада ауыр өнер­кәсіпке бағытталған терең технологиялық шешімдер де ұсы­нылды. Соның бірі – «METACODE» әзірлеген SKD жүйе­сі. Бұл шешім байыту фабрикалары мен металлургиялық кәсіпорындарға арналған. Қа­рапайым тілмен айтсақ, аталған жүйе кәсіпорындағы флотация үдерісінің қалай жүріп жатқанын үнемі қадағалап, қандай өзгеріс болуы мүмкін екенін алдын ала көрсетеді. Соның арқасында реагенттерді артық та емес, кем де емес, дәл мөлшерлеуге мүмкіндік туады. Нәтижесінде, өндіріс тұрақтанып, мыс пен алтын алу көлемі 0,5–1 пайызға дейін өседі. Ал бұл ірі зауыттар үшін жылына ондаған млн доллар қосымша табыс әкелуі мүмкін.

Өнеркәсіптегі тиімділік тек цехтағы станоктың жұмысымен өлшенбейді. Кәсіпорынның ішкі басқаруы да жүйелі болса ғана уақыт үнемделіп, шығын азаяды. Осы бағытта «ZIZ INC» стартабы ұсынған шешім назар аударарлық. Компания кәсіпорындағы негізгі үш жүйені – тұтынушылармен жұмыс (CRM), кадрлық басқару (HRM) және қаржы-есеп, жоспарлау (ERP) платформаларын бір ортаға біріктіреді. Қарапайым тілмен айтқанда, әр бөлімнің ақпараты бытыраңқы болмай, бір жерде көрінеді, соның арқасында көптеген жұмыс автоматты түрде орындалады. Соның нәтижесінде бұрын қолмен жасалатын операциялар қысқарады, құжат келісу, тапсырма беру, бақылау сияқты жұмыстар 2–3 есе жылдам жүреді. Бұған қоса, стартап AR және VR технология­ларын пайдаланып, қызметкерлерді оқытуды да жаңаша ұйымдастырады, яғни маман өндірістегі жағдайды виртуалды ортада «көріп», қауіпсіз түрде тәжірибе жинай алады. Бұл цифрландырудың тек техникаға емес, ең бастысы – адам ресурсына, мамандардың біліктілігіне тікелей әсер ететінін көрсетеді.

Ал «shai.pro» стартабы компания ішіндегі жұмысқа бейім­дел­ген ЖИ-агенттер платформа­сын таныстырды. Бұл – кәсіп­орын­ның күнделікті «қағазба­сты» шаруасын жеңілдетіп, тәуе­келді азайтуға көмекте­се­тін цифрлық құрал. Плат­фор­ма тәуекелдерді басқару, талап­тарға сәйкестік, құжат айналымы және деректерді дұрыс өң­деу сияқты бағыттарға арнал­ған. Былайша айтқанда, жүйе ком­панияның ішкі құжатта­­рын, келісімшарттарын, есептерін «оқып», керек ақпаратты тез табады, салыс­тырады және нақты ұсыныс береді. Соның арқасында платформа интернеттен жиналған жалпы жауапқа емес, кәсіпорынның нақты құ­жаттарына негізделген шешім ұсынады. Яғни жасанды интеллект мұнда жай ғана көмекші емес, басқарушылық шешім қабылдауға ықпал ететін деңгейге көтеріледі.

Осылайша, Industrial AI Acceleration 2025 бағдарламасы жасанды интеллекті­нің өндірісте жай «тәжірибе» емес, нақты нә­тиже беретін құралға айнал­ғанын айқын көрсетті. Ендігі міндет – мұндай шешімдерді жекелеген жобалар деңгейінде қалдырмай, кәсіпорындардың күнделікті жұмысына кеңінен енгізіп, стартап пен индустрия арасындағы байланысты тұрақты жүйеге айналдыру.

Соңғы жаңалықтар