Жасанды интеллект • Бүгін, 08:25

ЖИ стартабын қалай құруға болады?

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде жасанды интеллект технологиялары жаһандық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналды. Сарапшылар­дың бағалауынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 1 триллион АҚШ долларына жетпек. Бұл – технологиялық компаниялар үшін ғана емес, кәсіпкерлерге де өз жобасын нарыққа ұсынуға берілген мүмкіндік. Алайда осы мүмкіндікті бизнеске айналдыру идея айтудан әлдеқайда күрделі іс. Елімізде ЖИ-стартаптарды құрудың қандай жолы бар, қалай дамыту қажет деген сауалдардың жауа­бын оқырман назарына ұсынамыз.

ЖИ стартабын қалай құруға болады?

Жасанды интеллект қарқынды дамы­ғалы IT саласы кез келген адамға қол­жетімді, академиялық білімді университетке бармай-ақ меңгеруге болатын салаға айналды. Аз уақыт ішінде осы бағытқа қызығушылық арта түсті. Алайда көбі неден бастаймын, идеяны қалай жүзеге асырамын, стартап құруға не қажет деген сұрақтың айналасында қалып қояды. Осы тұста елімізде қалыптасып келе жатқан стартап экожүйесі, соның ішінде «Astana Hub»-тың «AI Preneurs» акселерациялық бағдарламалары таптырмас көмек.

«Astana Hub» бас директоры Мағжан Мәдиевтің айтуынша, ЖИ-стартап идея­дан емес, фаундерден басталады.

– Классикалық акселераторлар стартапты MVP, алғашқы тұ­тынушы немесе нарықтық өсім сатысында қабылдайды. Ал жасанды ин­­теллект бағы­тын­дағы жаңа фор­маттағы бағ­дарламаларда қа­ты­сушылар жо­ба­сыз, тіпті да­йын идеясыз да келеді. Себебі жасанды ин­теллект дәуірінде идея тез ескі­реді, ал өзекті мәселеге ше­шім ұсыну өміршең қағида. Жо­ба­ның «Ideation» кезеңінде қатысушылар нақты проблеманы анықтап, оны бірнеше қыры­нан талдап, тез арада сынақтан өткізуді үйренеді. Бұл кезеңде «ұнайды» деген субъективті бағадан гөрі «жұмыс іс­тей ме?» деген прагма­ти­калық сұрақ ал­дыңғы орынға шығады. ЖИ-стар­тап құ­ру­дағы ең үлкен қате­лік­тің бірі – нарықты үстірт бағалау. Мы­салы, бел­гілі бір сала­да жүз­деген мың әлеуетті пай­даланушы бар екенін айту нарық­тың бар екенін дәлел­де­мейді. Нарық дегеніміз – сұраныс пен төлем қабілеті. Сондықтан тәжірибелі менторлар стартап иелеріне үнемі бір сұрақ қояды: бұл өнімді бүгін кім, қандай мәселені шешу үшін сатып алуға дайын? Сұрақтарға жауап бере алмаған жоба, қан­ша­лықты кере­мет болса да, ұзаққа бармайды, – дейді ол.

Сонымен қатар стартап құ­ру­­дағы келесі маңызды фак­тор – команда. Жасанды интел­лек­тіге негізделген стартапты бір ғана мамандық иесі құра ал­май­ды. Мұнда технологияны терең түсінетін инженер, нарық­ты жақсы білетін маман әрі шешім қабылдай алатын фаун­­дер қажет. Сондықтан акселе­­ра­­циялық бағ­дарламада қатысушылар идея іздеуден бұрын, өзіне серіктес, пікірлес, жауап­кер­шілігі жоғары команда мүше­лерін табуға ба­сымдық береді екен.

Финтех және блокчейн сала­сында тәжірибесі бар кәсіп­кер Азат Бекмағамбетовтің ай­туын­­ша, жасанды интеллектіге негіз­дел­ген өнім жасау жеткі­лік­сіз. Ма­ңыздысы нарыққа қажет, та­­быс әке­летін сервис құру. Көп­те­­ген жоба дәл осы жерде қате­­ле­седі.

– Жасанды интел­лектінің өзі өнім емес, ол – құрал. Өнім дегеніміз – адамның нақты мәсе­лесін шешетін нәтиже. Көп­теген стартап «бізде ЖИ ­бар» деген тұ­жырыммен шек­теліп қалады. Ал табысты жобалар керісінше, алдымен шешілмей жүрген мәселені анықтап, кейін ғана неге дәл осы жерде жасанды интеллект тиімді екенін дәлелдейді. Бұл тәсіл технологияны мақсат емес, құрал ретінде қолдануға мүмкіндік береді. ЖИ-стартап экожүйесіндегі тағы бір ерек­шелік – жылдам тестілеу мә­де­ние­ті. Идеяны ұзақ уақыт бойы жетілдіремін деп ұстап оты­ру бұл салада тиімсіз. На­рық­­қа тез шығу, кері байланыс алу және қажет болса, бағыт­ты өз­герту – дамудың бас­ты шар­­ты. Бұнда ең қауіпті нәр­се сәт­­сіз­дік емес, өз-өзіңді алдау. Жа­санды интеллектіге негіз­делген кәсіпкерлік жолын таңда­ған адам жеңіл табысқа емес, ұзақ әрі күрделі жолға дайын бо­луға тиіс. Бұл жолда тұрақсыз­дық, белгісіздік аз болмайды. Де­ген­мен дұрыс орта, кәсіби мен­тор­лар мен жүйелі жұмыс бар жер­де нәтиже де болады, – дейді ол.

Жасанды интеллект бағы­тындағы стартаптар үшін инфра­құрылым мен сапалы дерекке қол жеткізу шешуші факторлардың бірі саналады. Себебі ЖИ-ге негіз­делген өнім алгоритмге ғана емес, есептеу қуатына, дерек­терді өңдеу мүмкіндігіне және тұрақты технологиялық ортаға тәуелді. Мағжан Мадиев­тің сө­зінше, акселерациялық бағдар­ла­малардың рөлі тек білім берумен шектелмейді, олар стартап иелерінің технология­лық ойлау жүйесін өзгертеді. «Мұн­дай акселерациялық бағдар­ла­малар қатысушыларға тек теория үйретіп қоймайды. Олар технологиялық ресурстарды қалай пайдалану керек екенін, инфрақұрылымға стратегия­лық тұрғыдан қарауды үйретеді. Бұл – бір ғана жобаны іске қосу емес, ұзақмерзімді, тұрақты экожүйе қалыптастыруға бағытталған қадам», дейді.

«AI Preneurs» бағдарламасына жиналған қатысушыларды бірік­тіретін ортақ себеп те осы эко­жүйенің бір бөлігі болуға ұмты­лыс. Бірі мұнда жаңа идея іздеп келеді, екіншісі сенімді команда құруды мақсат етеді, ал үшіншісі кәсіби орта мен пікірлес адамдарды табуды көздейді.

– Мен бұл бағдарламаға жү­зеге асырғым келетін идеям­мен келдім. Ол – фаундерлер мен ком­панияларға жылдам масш­табталуға, B2B тұтыну­шылар мен серіктестер табуға көмектесетін жасанды интеллект платформасы. Стартап ашуға деген ниетім бұрыннан бар еді, алайда қажетті ресурс пен неден бастау керектігін білмедім. Осы бағдарлама туралы естіген сәтте-ақ: «Міне, дәл осы – іздегенім», деген ой келді. Бағдарламаға келудегі басты мақсатым – пікірлес адамдарды табу, сенімді команда құру және бірлесіп нақты стартап жасау. «AI Preneurs» алаңына мен ең алдымен команда жинау үшін келдім. Өйткені идеяны іске асы­ру үшін жалғыз адамның күші жеткіліксіз. «Бағдарламаға дайын идеямен де, идеясыз да келуге болады. Мұнда ең бас­тысы – ниет пен жүйелі еңбек. Жұмыс барысында сен жалғыз емес еке­ніңді, қасыңда дәл сен секілді ізденіп жүрген адамдар бар екенін сезінесің. Бұл сенім стартап жо­лындағы ең маңызды тірек­тер­дің біріне айналады, – дейді ол.

Осылайша, «AI Preneurs» жасанды интеллектіге негізделген стартаптарды ортақ мақсатқа жұмыс істейтін кәсіби қауым­дастыққа айналдыруға ықпал етіп отыр.

Соңғы жаңалықтар