Руханият • Бүгін, 07:50

Фариза мектебінің мерейі

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанадағы Фариза Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясы он жылдық мерейтойын атап өтті. 10 жыл ішінде өзіндік дәстүрі мен жаңашыл бағытын қалыптастырған мектептің мерейтойына мемлекет және қоғам қайраткерлері, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшелері, астаналық білім басқармасы мен елорданың орта білім ұйымдарының басшылары және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Фариза мектебінің мерейі

Мерекелік бағдарлама аясында қонақтарға Фариза кабинетіндегі «Neo 77» жасанды интеллект ботының мүмкіндігі көрсетіліп, жаңадан жабдықталған информатика кабинеті таныстырылды.

Іс-шара барысында қонақтар пано­рамалық ашық сабақтарға қатысты. Атап айтқанда, «Адал азамат – Отан тірегі!» тақырыбындағы тәрбие сағаты, ағылшын тілі мен информатика пәндері бойынша ашық сабақтар өткізілді. Сабақтарда оқушылардың азаматтық жауапкершілігі, функционалдық сауаттылығы мен заманауи дағдыларын қалыптастыру мәселелері кеңінен қамтылды. Сонымен қатар мектеп жетістіктері мен оқушылар шығармашылығын танытқан көрме көпшілік назарына ұсынылды.

Мерейтойдың шымылдығын түрген ең басты салтанатты сәт – «Жүрек сенсің, Отаным!» атты дөңгелек үстел форма­тындағы мазмұнды кездесу болды. Іс-шара оқушылар хорының орын­дауындағы мектеп әнұранымен ашылды. Жас дауыстардағы шынайы леп пен жүректен шыққан үн залға ерекше рух беріп, мерекелік көңіл күйді асқақтата түсті. Әннен кейін көпшілік назарына он жылдық тарихты қамтыған бейнефильм ұсынылды. Көрерменді бір сәтке өткенге жетелеген бұл туындыда білім ордасының қалыптасу кезеңдері, қол жеткізген жетістіктері, шәкірттер мен ұстаздар еңбегінің нәтижесі, сондай-ақ алдағы даму бағыттары жүйелі әрі жан-жақты көрсетілді. Экраннан сыр шерткен әр кадр болашаққа деген сенімді күйшейте түсті. Бұл бөлім мерейтойдың мазмұнын тереңдетіп, мектептің тек білім беретін орын емес, ұрпақ тәрбиелейтін үлкен рухани орта екенін тағы бір мәрте айқындады.

Сонымен қатар дөңгелек үстелде Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов, Астана қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Асыл Амангелдіқызы, №77 мектеп-гимназиясының алғашқы директоры, қазіргі таңда Темірбек Жүргенов атындағы №70 мектеп-лицей директоры Гүлжамал Байменова, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, академик Кәрімбек Құрманәлиев, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, академик Дихан Қамзабекұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері Ирак Қасымұлы, фаризатанушы, филология ғылымының кандидаты Гүлсім Еңсепова сөз сөйлеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтау турасында ойларын ортаға салды.

Мерекелік кеш поэзия мен өнерге ұласып, ұстаздар өлең оқып, өнерлі оқушылар би билеп, ән айтты. Республика деңгейіндегі байқауларда топ жарған жас таланттар көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Соңғы жаңалықтар