«Қазақтардың батырлық эпосы көне грек эпикалық жырларымен және ортағасырлық Еуропа сагаларымен үндес келетін тұстары болғанымен, мазмұны жағынан бай, жүйелі әрі төл туынды саналады. XIX ғасырда олар Ресей империясының құрамына енгеннен бастап, Батыс мәдениетімен тығыз қарым-қатынасқа түсуге мәжбүр болды. Сол шақта отарлық үстемдікке қарсы қазақтардың наразылығы жаңа ұлттық әдебиеттен көрініс тапты. Бұл шығармалар көркемдік деңгейі мен қарсылық рухы тұрғысынан жаңа деңгейге көтерілді. Дәл осы кезең – қазақ әдебиетінің гүлдену дәуірі» делінген ақпаратта.
Басылымда айтылған кітап – АҚШ профессоры Томас Уиннердің «Қазақтың фольклоры мен әдебиеті» атты туындысы. XIX ғасырды қамтиды. Автор осы еңбегі үшін жылдар бойы ғылыми зерттеу жасағанын білеміз. (Т.Уиннер еңбегі туралы К.Есмағамбетов, Б.Омаров, А.Шәріп сынды ғалымдардың мақалалары бар. – Ред.) Пайымдауынша, кеңестік кезеңдегі қазақ әдебиетінің ең озық үлгілері ұлттық әдеби мұрадан сусындап, жаңа заманның мазмұнын жеткізе алған қаламгерлердің шығармаларында көрініс тапты. Ал ең сәтсіз туындылар – Батысқа немесе кеңестік үлгілерге көзсіз еліктеп, нәтижесінде, қазақы немесе батыстық үлгіде жазылмаған жасанды шығармалар екені анық.
Университет газеті жариялаған ақпаратта аталған кітап туралы түйінді пайым да жоқ емес. «Бүгінде әлемнің көптеген бағынышты немесе жартылай бағынышты халықтары өз болмысын қайта жаңғыртуға ұмтылған тұста, ойлы қауым жас ұлттардың мәдени тұрғыда сақталуы мен дамуы мәселесіне айрықша мән беруде. Қазақстан мысалында Батыс мәдениеті мен индустрияланған қазіргі қоғамның бір ұлтқа тигізген ықпалын талдай отырып, доктор Уиннер осы аса маңызды түйткілге тереңірек үңілуге мүмкіндік береді». Қалай десек те, 70 жыл бұрын жазылған бұл кітап пен ақпарат біздің мәдениетіміз бен әдебиетіміздің Батыс жұртына танылуына септігін тигізді деп бағалаймыз.