Мұндай тәжірибе кітапхананың қоғаммен байланысын нығайтып қана қоймай, оны қалалық ортадағы сенімді диалог алаңына айналдырады. Кітапханаға келген адам өзін сырттан бақылаушы емес, сол кеңістіктің бір бөлшегі ретінде сезінеді. Ал бұл оқырман мәдениетін қалыптастырып, білімге деген жауапкершілікті тереңдете түседі. Бұл өзгерістің түп-тамыры бүгіннен басталмайды. Кітапхананы кеңістік ретінде ұғыну, оны бір мезетте әлеуметтік-мәдени орта, кәсіби кітапханалық жүйе және сәулеттік нысан ретінде қарастыру адамзат ойында ертеден қалыптаса бастаған. Мұндай тұтастықты көрсеткен тәжірибені антикалық дәуірден көреміз.
Ежелгі Рим дәуіріндегі алғашқы кітапханалар салынған тұста инженер Марк Витрувий Поллион өзінің «Сәулет туралы он кітап» трактатын жазады. Онда кітапхананың үш түрлі қызметтің үдесінен шығу керектігі айтылады. Мәселен, автор кітапхана терезелерін шығысқа қаратып орналастыру қажет деп санаған. Себебі келушілер кітапханаға көбіне күннің бірінші жартысында келеді, ал табиғи жарық жұмыс орнын ұзақ уақыт бойы жарықтандырып тұрады. Бұл әлеуметтік-мәдени уәж. Сонымен қатар қор сақтау орындарын оқу залдарынан өртке қарсы дәліздер арқылы бөліп қарастыру керек деген. Ал бұл кітапханалық талап. Ал интерьерде көзді шаршататын алтын жалатудан бас тарту қажет деген пікірі сәулеттік ұстанымнан туған.
Осындай тұрақты ізденістердің нәтижесінде кітапхананы кешенді жобалау бір ізге түсті. Айталық дамыған елдерде кітапхана салмас бұрын қала тұрғындарынан сауалнама алады. «Болашақ кітапхананы қандай күйде көргіңіз келеді?», «не себепті?», «ғимаратты рәсімдеуде және ішкі кеңістікті ұйымдастыруда нені басымдыққа қою қажет?» деген сұрақтар қойылады. Осы арқылы әрбір тұрғын бастапқы кезеңнің өзінде кітапхана бейнесін қалыптастыруға қатысып, оны өз кеңістігі ретінде қабылдай бастайды. Яғни әрбір қауымдастық өз кітапханасын өзі қалыптастырады.

Бұл тұрғыдан алғанда біздің еліміз қарқынды дамып келеді. Кітап және кітапхана ісі цифрлы дәуірдің игіліктерін толық пайдаланып жатыр деуге негіз бар. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстанда, әсіресе елордада, кітапхана кеңістігін жаңаша пайымдау үдерісі нақты іске ұласып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Астанада кітапхана жүйесін жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Бұл бастама кітапхананы тек мәдени нысан емес, қалалық өмірдің ажырамас бөлігі ретінде қарастыруға негізделген.
2023 жылға дейін Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде» 18 кітапхана жұмыс істеді. Сол жылы ақпараттық технологиялардың мүмкіндігін кеңінен пайдалану арқылы төрт кітапхана коворкинг-орталық форматында жаңғыртылды. Олардың қатарында №3 және №4 балалар кітапханалары, Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасы, сондай-ақ көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапхана бар. Бұл өзгерістер кітапхананың әлеуметтік функциясын кеңейтіп, әртүрлі аудиториямен жұмыс істеу мүмкіндігін арттырды.
2024 жылы елорданың төрт ауданында төрт жаңа кітапхана ашылып, тағы төрт кітапхана ғимараты күрделі жаңғыртудан өтті. Ал 2025 жылы үш жаңа кітапхана пайдалануға беріліп, тағы үш нысан қайта жаңартылды. Соның нәтижесінде бүгінде Астанадағы кітапханалар саны 25-ке жетіп отыр. Қалада жеті жаңа кітапхана бой көтеріп, қырыққа жуық жас маман жұмыспен қамтылды. Бұл көрсеткіштер кітапханаға деген қоғамдық сұраныстың артып келе жатқанын аңғартады.

Кітапхананың заманауи бейнесін тек ғимарат сәулетімен шектеуге болмайтынын сала мамандары да жиі айтып жүр. Осы орайда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғылыми кітапханасының директоры Бақытжан Оразалиев кітапхананың басты өлшемі оның қоғамға қызмет ету әлеуеті екенін атап өтеді.
«Кітапхананың басты көрсеткіші – оның қоғамға қызмет ету әлеуеті. Ол тек кітап сақтайтын немесе оқу өтетін орын емес, ой мен білім айналымын жандандыратын орталыққа айналуы тиіс. Заманауи кітапхана оқырманға қолайлы жағдай жасауымен ерекшеленуі керек, яғни әр адам мұнда өзіне қажет тыныштықты да, пікір алмасатын орта мен шығармашылық серпін беретін кеңістікті де таба алуы қажет», дейді ол.
Маманның айтуынша, бүгінгі кітапхана кеңістігінде оқу залдарымен қатар кеңес беру бұрыштары, ақпараттық талдау орталықтары, тіл мен сөйлеу мәдениетін дамытатын шағын студиялар, балалар мен жастарға арналған шығармашылық алаңдар болуы қажет. Қоғамда тіл мәдениетінің әлсіреуі, сөз саптаудың жұтаңдануы байқалатын қазіргі кезеңде бұл міндетті тек мектеп пен университеттің еншісіне қалдыру жеткіліксіз. Ал кітапхана өмір бойы білім алу мен тіл мәдениетін жетілдіретін үздіксіз ортаға айнала алады.
Сонымен қатар Бақытжан Оразалиев кітапхананың тәулік бойы жұмыс істеуі жалғыз өлшем емес екенін де ескертеді. Оның пікірінше, мәселе кітапхананың қашан ашылып, қашан жабылуында емес, оқырманның кез келген уақытта еркін келіп, сапалы жұмыс істей алу мүмкіндігінде жатыр. Осыған байланысты кітапхана орналасатын жердің қолайлылығы, инфрақұрылым мен қоғамдық көлікке қолжетімділік шешуші рөл атқарады.
Маман ғимараттың архитектурасы мен ішкі құрылымы көпфункциялы болуы қажет екенін де атап өтеді. Оқу және зерттеу аймақтарымен қатар жеке жұмыс бөлмелері, демалыс және коммуникация кеңістігі қарастырылуға тиіс. Бұл тұрғыда университет кітапханасының түнгі сағат 23:00-ге дейін жұмыс істеуі студенттер мен зерттеушілер үшін қолайлы жағдай қалыптастырып отыр.