Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
Алдағы маңызды мақсаттар
Жүздесуге дейін аймақ әкімі Ербол Қарашөкеевтің баяндамасын мұқият тыңдаған Мемлекет басшысы облыс ахуалының жаман емес екенін атап өтті. Бірақ облыстың алдында маңызды да өзекті мақсаттар тұрғанын айтты.
– Бұл мақсаттарды толығымен орындау – әкімнің және бүкіл қызметшілердің ең негізгі міндеті. Облыстың экономикасын күшейту керек. Оған қажетті жағдай да, мүмкіндік те бар. Белсенді жұмыс басталды. Жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Таразды ұлтымыздың асқақ рухы, бай мәдениеті, елдік мұраты және ерлік дәстүрі тоғысқан қала, әрі өркениеттің ізі қалған жер екенін атап өтті.
– Шежірелі шаһардың жұртымыз үшін орны ерекше. Біз Тараздың екі мың жылдық тарихын мақтан етеміз. Әулиеата жерінде мемлекеттігіміздің тұғырын нығайтқан талай тарихи оқиғалар болды. Қазақ хандығы осы аймақта құрылған. Көне қала тоғыз жолдың торабында тұр. Ежелгі Ұлы Жібек жолы қарт Қаратаудың етегін басып өткен. Әйгілі керуен жолы жаңа заманда жаңа қарқынмен дамып келеді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі Жамбыл жері арқылы өтіп жатыр. Соның арқасында аймақтың стратегиялық маңызы артып, Жамбыл облысы күн өткен сайын өркендеп келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бірнеше нысанды аралап көріп, аймақтың даму жоспарымен танысқанын айтты. Жалпы алғанда, ауқымды жұмыс істеліп жатқанымен, оны белсенді түрде жалғастыру керектігін ескертті.
– Биыл облысқа 600 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. 63 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды. 280-нен аса елді мекенге көгілдір отын жеткізілді. Үш жылдың ішінде 13 мыңға жуық оқушыға арналған 37 мектеп салынды. Сондай-ақ 41 денсаулық сақтау нысаны ашылды. 50-ден аса спорт және мәдениет орталығы бой көтерді. Басқа да көптеген игі іс жасалып жатыр. Еліміз қуатты болуы үшін, ең алдымен, аймақтар қуатты болуға тиіс, – деп атап өтті Президент.
Жаһандағы ахуал алаңдатып отыр
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандағы ахуал жайлы айтып, заман күрделі, болашақ бұлыңғыр болып бара жатқанына тоқталды. Дегенмен соған қарамастан, еліміз бейтарап ұстаныммен байсалды сыртқы саясатын жүргізіп келе жатқанын атап өтті.
– Бұл еліміздің дамуына қолайлы жағдай жасап отыр. Елімізде түбегейлі жаңғыртулар жүзеге асырылып жатыр. Конституциялық реформа жасалды. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға аса маңызды түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыреті кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі күшейді. Саяси партиялардың рөлі арта түсті. Конституциялық Сот құрылды. Азаматтарымыз стратегиялық маңызы бар шешімдер қабылдауға белсене араласа бастады. Бір сөзбен айтсақ, Қазақстанда бұрын-соңды болмаған тың өзгерістер жасалды. Ең бастысы, халық реформаның игілігін көріп жатыр, өзгерістің әсерін нақты сезініп отыр, – деген Президент еліміздегі соңғы реформалық өзгерістер мен олардың нәтижесіне де тоқталды.
– Баршаңызға мәлім, мен биылғы Жолдауымда Парламенттік реформа жасауды ұсындым. Осыған байланысты көптеген ұсыныс келіп жатыр. Біз оның бәрін мұқият зерделейміз. Бастаманы халық қолдаса, бір палаталы кәсіби Парламентті жасақтаймыз. Осындай қадам мемлекетіміз үшін пайдалы және тиімді боларына күмәнім жоқ. Сонымен қатар қазір экономикамызда түбегейлі өзгерістер жасалып отыр. Біз ел экономикасының дамуына қосымша серпін беру үшін маңызды жобаларды қолға алдық. Бүгінде сол жұмыстың нәтижесін де көре бастадық. Кейінгі бес жылда ұлттық экономика 15,8 пайызға өсті. Биылғы өсім 6 пайыздан асты. Бұл – 2012 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 47 пайызға артты. Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі рекордтық межеге жетіп, 125 млрд доллардан асты. Биыл «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі мерзімінен бұрын іске қосылды. Бұл – тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі теміржол құрылысы. Бірнеше айда осы жолмен қосымша 6 миллион тонна жүк тасымалданды. Қазір «Мойынты – Қызылжар» бағытында теміржол салынып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Президент еліміздің Шығыс пен Батыстың арасындағы алтын көпір екенін атап өтіп, бұл мүмкіндікті ұтымды пайдалануымыз қажеттігіне назар аударды.
– Осы жылы 13 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделіп жатыр. Әуе қатынасын дамыту ісіне де баса мән беріліп, әлемнің ірі қалаларымен тікелей қатынас орнатылып жатыр, 36 жаңа әуе рейсі ашылды. Осылайша, Қазақстан Еуразия құрлығындағы транзит хабы ретінде қалыптасуы әбден мүмкін. Бұл – стратегиялық маңызы бар мақсат, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, интернет еліміздегі азаматтардың 90 пайызына қолжетімді болды. Одан бөлек, Қазақстан – Starlink желісіне ие болған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет.
Президент еліміз құрылыс саласында да зор табысқа жеткенін атап өтті. Айталық, биыл 19 млн шаршы метрден аса тұрғын үй салынған. Мыңдаған отбасы баспаналы болып, кәсіпкерлерге де барынша жағдай жасалып жатыр.
Президент, сондай-ақ, бірінші қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енетінін айтты. Салық жүйесі бақылау-жазалау тәсілінен бизнес өкілдерімен сенімді серіктестік орнату тәсіліне көшуі керектігіне назар аударған Мемлекет басшысы бұны Үкіметтің алдында тұрған міндет екенін жеткізді.
«Іскер аймақ» ауыл жағдайын жақсартпақ
Жамбыл жұртшылығымен өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев облыстардағы іскерлік ахуалды жақсарту үшін «Іскер аймақ» бағдарламасы жүзеге асырылатынын хабардар етті. Президенттің айтуынша, бұл жоба, ең алдымен, ауылдар мен шағын қалаларда кәсіпкерлікті дамытуға арналған.
– Бизнесі мықты мемлекеттің халқы бақуатты, қоғамы тұрақты болады. Бүгінде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындады. Кәсіпкерлер 4,5 миллионға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл – еліміздегі еңбекке жарамды азаматтардың жартысына жуығы деген сөз. Өндіріс саласы тың серпінге ие болды. Елімізде белгілі шетелдік және отандық компаниялар ойдағыдай жұмыс істеп, ірі өндіріс орындары ашылып жатыр. Биылдың өзінде 33 зауыт іске қосылды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім кейінгі он жылда 2,5 есе өскенін мәлімдеді. Диқандарымыз екі жыл қатарынан рекордтық деңгейде мол астық жинап, қамбаны толтырған.
– Мемлекет шаруаларға қаржылық қолдау көрсетудің оңтайлы жолдарын ұсынып жатыр. Көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмысы үшін диқандарға жеңілдікпен несие берілетін болды. Биыл осы мақсатқа 1 трлн теңге қаржы бөлінді. Бұл – осыдан бес жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 10 есе артық көрсеткіш. Дегенмен Үкімет ауыл шаруашылығының тиімділігі бойынша белсенді түрде жұмыс істеуі керек, қомақты қаражатты субсидия ретінде беру ең жақсы тәсіл деп айтуға болмайды. Осы аймақтағы көрші елдерде мұндай көмекті ешкім бермейді. Тегін деген ұғым мүлдем жоқ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы өркениетті ел болу үшін нақты шаралар қабылдап жатқанымызды да атап өтті. Мәселен, 2019 жылдан бері 1 289 жаңа мектеп салынған. Соның 130-дан астамы осы жылы бой көтерді. Білім саласына бөлінетін қаражат үш есе көбейді. Ғылымға салынған инвестиция бес жылда 5 есе өскен. Елімізде шетелдің 33 университетінің филиалы ашылды. Ал жас ғалымдарға баспана беріліп жатыр.
Президент ұлт саулығын жақсарту үшін ауқымды жұмыс атқарылғанына да тоқталды.
– Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті. Мұны рекордтық көрсеткіш деуге болады. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы табысты жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында 646 амбулатория және фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Бұған қоса 32 аудандық аурухана заман талабына сай көпбейінді орталық аурухана ретінде жаңғыртылып жатыр. Мемлекет ерекше күтімді қажет ететін балалар мәселесіне айрықша мән береді. Кеше мен Астанадағы Инклюзивті спорт орталығында болдым. Сондай орталықтарды басқа аймақтарда да салу қажет деп санаймын. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтап, шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын. Шын мәнінде, мұндай нысандардың елордада ғана болғаны дұрыс емес, әрбір облыста салу керек. Бұл әкімдердің жұмысындағы олқылық деп айтуға болады. Біз – әлеуметтік мемлекетпіз. Сондықтан әлеуметтік міндеттемелерді орындау – әрдайым еліміздің айрықша назарында тұратын мәселе. Биыл зейнетақы және жәрдемақы төлеуге 5,9 трлн теңге бөлінді, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы бұл көрсеткіш тағы 10 пайызға өсетінін жеткізді.
Президент қауіпсіз мемлекет ретінде қалыптасып келе жатқан еліміздің қоғамында «Заң мен тәртіп» қағидаты орнығып жатқанын атап өтті.
– Екі күн бұрын АҚШ Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы әңгімелестім, ол да заң мен тәртіп саясатын жүзеге асыруда, қылмысқа, тәртіпсіздікке жол бермейміз деді. Осындай саясаттың нәтижесінде кейінгі бес жылда елімізде аса ауыр қылмыстар едәуір азайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары бойынша көрсеткіштер де төмендеді. Қоғамда жанашырлық пен қамқорлықты, тазалық пен жауапкершілікті арқау еткен жаңа мәдениет қалыптасып келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Президент «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын айрықша атап өткісі келетінін жеткізді.
– Биыл елімізде 335,6 млн ағаш егілді. Расында, осы бірегей жоба халықтық сипатқа ие болды, еліміздің болмысын, сана-сезімін өзгертуге зор ықпал етті. Мен өзім осы жалпыұлттық қозғалысқа ерекше мән беріп отырмын. Таза болу дегеніміз – өте терең, маңызды ұғым. Бұл – ең алдымен, көшелеріміз, үйлеріміз, пәтеріміз таза болуы керек деген сөз. Ниетіміз де әрқашан таза болуы қажет. Кең даламызда жасыл желек, ағаш көп өсуі керек. Түптеп келгенде, тазалық ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуы қажет, – дей келе Мемлекет басшысы жалпы осы жыл еліміз үшін нағыз өрлеу жылы болды деп айтсақ, артық болмайтынына баса мән берді.
Сондай-ақ Президенттің айтуынша, оқушыларымыз түрлі білім додасынан мыңнан аса медаль алса, спортшыларымыз ел мерейін өсіріп, көк байрағымызды биікте желбіретті. Өнерлі өрендеріміз төл мәдениетімізді төрге оздырып, соның арқасында дүниежүзі халқымызды рухы биік әрі озық ойлы ұлт ретінде тани бастады.
Ел егемендігін нығайтуға сеп
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан көршілермен және барлық мүдделес мемлекеттермен дәйекті түрде достық қарым-қатынас пен жан-жақты ынтымақтастық орнатып келеді.
– Біздің мақсатымыз айқын. Ол – елдің егемендігін нығайту, Қазақстанның қауіпсіздігі мен әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін міндеттерді шешу. Әрбір саммит, жоғары деңгейдегі әр кездесу, бизнес-форум еліміздің халықаралық беделін арттырып, экономикалық әлеуетін күшейтеді. Қазір бүкіл әлемде инвестиция үшін қызу бәсеке жүріп жатыр. Бізге бұдан қалыс қалуға болуға болмайды. Орталық Азиядағы және Кавказ аймағындағы экономикасы ең ірі ел саналамыз. Алайда Үкіметке сапалы өсімді қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Үкімет пен Ұлттық банк өзара келісе отырып, қазіргідей күрделі, тіпті ерекше жағдайда академиялықтан және әсіресақтықтан ада, нақты шешім қабылдауы қажет. Тек биылдың өзінде халықаралық кездесулер нәтижесінде жалпы құны 70 млрд доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Соның арқасында елімізде заманауи кәсіпорындар ашылып, сапалы жұмыс орындары құрылып келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президенттің пайымдауынша, «Орталық Азия плюс» форматына сұраныс артып келеді. Биыл аймақ елдері Еуропа одағымен, Италиямен, Қытаймен, Ресеймен, АҚШ-пен және Жапониямен бірлескен келіссөздер жүргізді.
– Аймаққа тартылған инвестицияның 60 пайыздан астамы біздің елге тиесілі. Инвестициямен бірге жаңа технология, білім келеді, бірлескен ғылыми-техникалық орталықтар мен шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылады. Еліміздің тауарлары мен отандық бизнеске кез келген шекара ашық. Сондықтан барша шетелдік серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастық құру – заман талабы, тіпті өмірлік қажеттілік. Осылайша, Қазақ елі жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басып келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Осы ретте біз алған бағытымыздан таймай, әлі де көп жұмыс істеуіміз керектігін қаперімізге салды.
– Мен үш жыл ішінде мемлекетіміз цифрлық ел болу керек деген мақсатты айқындадым. Жасанды интеллект пен цифрлық экономика – дамыған елдерге тән басты үрдіс. АҚШ және Қытай – бұл саладағы ең озық елдер. Қазақстан да өркениеттің даңғыл жолынан шет қалмауы керек. Сондай жағдай болса, келер ұрпақ бізді кешірмейтіні сөзсіз. Ондай қателікке жол бермейміз. Жолдауымда мен осы тақырыпқа көп зейін қойдым. Қазіргі таңда Үкімет белсенді жұмысқа кірісті, біраз жоба іске асырылды, бірақ алдымызда ауқымды жұмыс бар. Алдағы жыл шын мәнінде үлкен бетбұрыс жылы болады. Түбегейлі өзгерістердің жаңа кезеңі басталады. Бұл туралы кейінірек жариялап айтамын. Бәріміздің мақсат-мүддеміз ортақ. Бұл – Әділетті, Қауіпсіз, Күшті және Таза Қазақстанды құру. Ең бастысы, еліміздің ынтымақ-бірлігі мықты болуы керек. Мемлекет пен қоғам бірлесіп, тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет. Бір ел, бір халық болып жұмыла білсек, міндетті түрде мақсатымызға жетеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Батыр рухы асқақтаған күн
Кездесуде Мемлекет басшысы Тараздағы білім ордаларының біріне даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімін беруді ұйғарғанын жеткізіп, артынша ұлт батырына «Халық қаһарманы» атағын ресми түрде беру туралы Жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді.
– Мен бүгін Таразда жаңадан ашылған әскери мектеп-интернатқа бардым. Бұл – оңтүстік аймақтарда ашылған осындай алғашқы оқу орны. Мен мектеп-интернатқа осы өлкенің тумасы, әйгілі батырымыз Бауыржан Момышұлының есімін беруді ұсынамын. Осындай Бауыржан мектептері барлық аймақта ашылуы керек. Үкімет бұл мәселені пысықтайды. Біз жас ұрпаққа сапалы білім беріп, оларды отаншылдыққа тәрбиелеуіміз қажет. Кеше Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толды. Даңқты қолбасшының нағыз ерлік жолы елімізбен қатар, шетелдерде өте танымал, – деді Президент.
Оның айтуынша, халқымыз Б.Момышұлын қаһарман тұлға ретінде құрмет тұтқанымен, әйгілі батырға ресми түрде «Халық қаһарманы» атағы берілмеген.
– Облыс жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері, тіпті жастарымыз да осы мәселені көтеріп жүргенін білеміз. Тарихи әділдікті қалпына келтіруіміз керек. Сондықтан мен Мемлекет басшысы ретінде Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдадым. Тиісті Жарлыққа бүгін қол қойдым, бұл құжат міндетті түрде жарияланады. Батырдың есімі нағыз отаншылдық пен өшпес ерліктің символы ретінде әрдайым көпке үлгі-өнеге болуға тиіс. Баукеңнің ерлігі жай аңыз емес, бұл – нақты құжаттармен дәлелденген, Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлар мойындаған сөзсіз ерлік. Елге ерлігімен танылған, еңбегі сіңген азаматтарын бағалай білген жұрт ешқашан ұтылмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы биыл бір ел болып Жұмысшы мамандықтары жылын атап өткенімізге назар аударды.
– Жыл бойы еңбек адамдарына айрықша құрмет көрсеттік. Осы жақсы дәстүр алдағы уақытта да жалғасын табады. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қызметін мінсіз атқарған адам қашанда қадірлі болады. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Бұл тұрғыдан алғанда, Жамбыл жұртының ел дамуына қосқан үлесі мол, еңбегі ерен екені белгілі, – деген Президент Әулиеата өңірін нағыз еңбекқор адамдардың мекені екенін айрықша атап өтті.
Осы кездесуде жұмысын адал атқарып, халқымызға аянбай қызмет етіп жүрген азаматтар отырғанын айтқан Мемлекет басшысы барша жамбылдықтарға шынайы ризашылығын білдірді.
Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық және өнеркәсіптік дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Жамбыл облысының бір топ азаматын мемлекеттік наградалармен марапаттады. Сонымен қатар Президент Алғысын жариялады.