Сурет: ulysmedia.kz
Қаракөз қандастардың 44,5%-ы Өзбекстаннан, 43,6%-ы Қытайдан, 4,1%-ы Түрікменстаннан, 3%-ы Моңғолиядан, 2,5%-ы Ресейден, 2,3%-ы басқа елдерден келген. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этностық қоныс аударушылар саны 57,4%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 34%-ды, зейнеткерлер 8,6%-ды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың 15%-ы жоғары білімді, 27,6%-ы орта кәсіби білімді, 51,1%-ы жалпы орта білімді, 6,3%-ның білім жоқ.
Атамекеніне оралған қандастар еліміздің түрлі өңірлеріне қоныстанды. Негізінен еңбек күші тапшы Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс, Солтүстік Қазақстан облыстарына орналастырылды. Қоныстандыру өңірлерінде биылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. 1 желтоқсанға дейін қоныстандыру өңірлеріне 2 218 азамат көшіп келді.
Көшіп-қонуға субсидия түрінде бір мезгілде отағасына, отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде, тұрғын үй жалдауға, коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (59 мыңнан 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Жыл басынан бері 1279 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. 356 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдауға қатысты институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу, ипотекалық тұрғын үй қарыздарының бастапқы жарнасының бір бөлігін жабуға арналған экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,56 млн теңгеге дейінгі мөлшерде біржолғы өтеусіз, қайтарымсыз негізде берілді.