Жаңа заң нормаларына сәйкес, егер бала тәрбиесі барысында қамқоршы, қорғаншы немесе асырап алған ата-ананың сотталғаны анықталса, не олар психикалық немесе наркологиялық диспансерде есепте тұрғаны белгілі болса, мұндай тұлғалар бала тәрбиелеу құқығынан бірден айырылады. Сондай-ақ үстінен қылмыстық іс қозғалған азаматтарға бала асырап алуға, қамқоршы немесе патронат тәрбиеші болуға тыйым салынады. Бұл шектеулер балаларды қауіпсіз ортада өсіруді көздейді.
Бұдан бөлек, заңнамаға алғаш рет қамқоршылар, қорғаншылар, патронат тәрбиешілер мен асырап алған ата-аналар тарапынан жыл сайын сенімділікті растау міндеті енгізілді. Олар денсаулығы, тұрғылықты мекенжайы, сотталмағаны туралы мәліметтерді тұрақты түрде ұсынуы қажет. Сонымен қатар жаңа заң бойынша баланы алдымен жақын туыстарына, ал ондай мүмкіндік болмаған жағдайда ерлі-зайыпты отбасыларға беру тәртібі заңмен нақты бекітілді.
«Жетім балалар құқықтарын қорғау – үнемі жүйелі назарды талап ететін маңызды сала. Биыл қабылданған шаралар қолданыстағы тетіктерді нығайтып, қамқоршылық органдарының жұмысын баланың мүддесі мен қауіпсіздігін басшылыққа ала отырып ұйымдастыруға жол ашты», деді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Биыл жүзеге асырылған маңызды жаңалықтардың тағы бірі – кәсіби қабылдаушы отбасы институтының енгізілуі. Бұл баланың тұрақты тұратын жері анықталғанға дейін оны қауіпсіз әрі отбасылық ортада уақытша тәрбиелеуге арналған жаңа модель. Тәлімгерлік жүйесі де белсенді дамып келеді. Қазір еліміздің 20 өңірінде 360-тан астам азамат жетім балаларға тәлімгер болып отыр.
Биылдан бастап балаларды интернат ұйымдарына жіберу тәртібі өзгертілді. Бала анықталғаннан кейін қамқоршылық органдары оны ең алдымен үш тәулікке дейін медициналық ұйымға уақытша орналастырып, тексеруден өткізуді міндетті түрде қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ алғаш рет қамқоршылық органдарына нақты штат саны бекітілді, яғни әр 5 мың балаға кемінде бір маманнан келуге тиіс. Бұл жаңашылдық мамандар санын 3,3 есеге, нақтырақ айтсақ 303-тен 1028-ге дейін арттыруға мүмкіндік берді.
Өңірлерде қамқоршылық саласын басқарудың жаңа құрылымдары құрылып жатыр. Мәселен, Ақтөбе облысы мен Астана қаласында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармалар өз жұмысын бастады. Алдағы уақытта осындай бөлімшелер Шымкент қаласында, сондай-ақ Ақмола, Қостанай, Жамбыл облыстарында ашылмақ.
Айта кетейік, бүгінде елімізде 20 мыңнан астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Олардың 82%-ы отбасылық ортада тәрбиеленіп жатыр.