«Бір өлке – бір кітап» облыстық акциясы 2012 жылдан бастау алып, «Ұлытау кітапханасы» сериясымен жарық көрген әдеби еңбектерді кеңінен насихаттайды. Биыл Сайлаухан Нәкеновтің шығармашылығына арналған 12 түрлі мәдени іс-шара ұйымдастырылды», деді Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Мағжан Табылдин.
Өлең – жүректің үні, журналистика – азаматтық үн. Қаламын шындық жолына арнаған Сайлаухан Нәкенов осы екі өнерді қатар ұстап, халқының руханиятына адал қызмет еткен. Оның шығармасының негізгі арқауы – туған жер тарихы. Туған топырағына табан тіреп, асқақ тауына арқа сүйеген ақынның «Туған жер», «Қазақстан», «Жез даңқы» өлеңдерін жастар тебіреніп жатқа оқыды.
«Сайлаухан Нәкенов – поэзияда мойындалған ақын. Облыстық «Жезқазған туы» газетінің алғашқы күнінен соңғы сәтіне дейін еңбек етті, тер төкті. «Жезқазған туы» басылымында жиырма жыл сол кісімен бірге жұмыс істедім. Жаза білетін, сөз түсінетін адамға ойын ашық айтатын. Жезқазған қаласында жас ақындарға арналған «Құрыш» атты әдеби бірлестік ашты» деп еске алды Жазушылар одағының Жезқазған облысындағы өкілі Батырбек Мырзабеков.
Ақын, Жазушылар одағының мүшесі Ғазиз Ештанаев С.Нәкеновтің «Ұлытау үні» деп фестиваль атауын қойып, оны алғаш ұйымдастырушының бірі болғанын, қоғам қайраткері Қайырбек Сәдуақасов екеуі жас дарынды ақындарды Жезқазған педагогикалық институтына емтихансыз әңгімелесу арқылы қабылдауға ықпал еткенін тілге тиек етті.
Сайлаухан Нәкеновтің «Сарыарқа» өлеңіне Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин ән шығарған. Осы бір рухты әнді әншінің өз орындауында тыңдап, көрермен бір желпініп қалды.
Жергілікті ақын Мұса Тілеуов: «Ұлытау ауданында рәміздер алаңы бар. Алаңның айналасын абаттандырып, Ұлытауға қатысты тұлғаларға мүсін қойылса, солардың қатарында «Ұлытау» өлеңін жазған Сайлаухан Нәкенов пен әнін жазған Жақсыкелді Сейіловтің де мүсіні орнатылса деген ұсынысым бар», деді.
Айтыс ақыны Мұқаш Сейітқазинов ақынның көзі тірісінде «Құдіретті қолдар», «Жұмақтың жолы» атты екі кітабының шыққанын, оларды өзіне қолтаңбасымен ұсынғанын еске алды.
Ұлытау облысы