Полиция мәліметінше, оқиға барысында қатысушылар арасында өзара түсініспеушілік туындап, соның салдарынан тараптар бір-біріне жеңіл физикалық әрекет жасаған. Кейіннен қатысушылар бір-бірінен кешірім сұрап, татуласқанын және орын алған жағдайға өкініш білдірген. Сондай-ақ олар азаматтарды бір-біріне құрметпен қарауға және кез келген келіспеушілікті бейбіт жолмен шешуге шақырды.
Тексеру нәтижесі бойынша қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға берілді. Екі адамға қатысты кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған бұзақылық әрекет фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен аталған тұлғалар әрқайсысы 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Алматы қаласының полиция департаменті тұрмыстық келіспеушіліктер, қарым-қатынас мәселелері немесе тілдік ерекшеліктер ешбір жағдайда қақтығысқа, арандатуға немесе қоғамдық тәртіпті бұзуға себеп болмауы тиіс екенін ескертеді. Ұлттық немесе тілдік тақырыптарды пайдалана отырып, дау-жанжал туындату әрекеттері қоғам үшін қауіпті әрі жол берілмейтін жағдай ретінде қарастырылады.
Полиция өкілдерінің айтуынша, қоғамның негізі – өзара сыйластық, бірлік пен келісім. Бұл құндылықтар өзгермейтін және әрқашан маңызды қағида болып қала береді.
Алматы қаласының полиция департаменті заң шеңберінде әрекет етіп, барлық азаматтардың теңдігін қамтамасыз ететінін атап өтті. Қақтығыстарды ұйымдастыруға немесе арандатуға қатысқан тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылатыны ескертілді.