Қазір құқықтық тәртіп әскерінің бөлімшелерінде әлем чемпионы, акробат, полиглот, диктор, жалпы өнерпаздар қызмет етеді. Олардың жетістіктері заманауи армия қару-жарақты ғана емес, сонымен қатар ақыл-ойды, мәдениет пен шығармашылықты біріктіретінін дәлелдейді. Биыл Ұлттық ұлан осындай құраммен ерекшеленді.
Ұлттық ұлан сапындағы таланттың бірі – гір спортынан үш дүркін Әлем чемпионы Еркебұлан Келдібаев. Оны қаруластары «ХХІ ғасыр Қажымұқаны» деп атайды. Алып балуан Қажымұқан Мұңайтпасовты үлгі еткен ол Алматыдағы 5571 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жатыр. Шымырлық пен қырағылықты ұштастырған Еркебұлан мегаполистің қауіпсіздігіне үлес қосып келеді.
Ал елордадағы құрамда әскери борышын өтеп жүрген Батырхан Сағидолла – жұртшылықты мәнерлі де қоңыр дауысымен сүйсіндірген сарбаз. Ол бас қаланың қоғамдық тәртібі мен тұрғындардың қауіпсіздігін бақылайды. Бос уақытында Батырхан дикциясын машықтап, өлең оқиды, мәтін жазады. Аты аңызға айналған диктор Юрий Левитан мен Қазақ радиосының алтын дауысы Әнуарбек Байжанбаевтың мұрағаттағы жазбаларын тыңдайды. Оның басты арманы – Астанада өтетін Жеңіс шеруін жүргізу. Жас сарбаздың айтуынша, қазір ол бөлім ішіндегі салтанатты жиындарды, әскери шеруге дайындықтар мен түрлі іс-шараны жүргізіп дайындалып, мәтін оқып, жаттап, дауысты дұрыс қоюға, интонациямен ойнауға қатысты курстарда талантын дамытып жүр. «Табиғи дауысым болса да, ол үлкен еңбекті талап етеді», дейді ол. Қарулас достары Батырханды «біздің Левитан» деп атайды. Қолбасшылық та Батырханның бұл ұмтылысын қолдап отыр. Павлодар қаласынан әскер қатарына шақырылған Батырхан әскердегі темірдей тәртіпке бағына отырып, жеке дағдыны да машықтауға болатынын айтады.
6506 әскери бөлімі жеке құрамының қатарын толықтырған қос акробат Арман Қайырбаев пен Әзизбек Қалмағанбетов те ерекше құрметке лайық. Кәсіби мамандардың дене шынықтыруы, төзімділігі мен жауапкершілігі – қаруластарына үлгі. Олар цирк манежін әскери плацқа, сахналық серіктестікті жауынгерлік бауырластыққа айналдырды. Отан қорғаушы атанған бұрынғы әртістер бүгінде Шымкент көшелерінің тыныштығын қырағылықпен қорғап жүр.
Сондай-ақ Абайдың ондаған өлеңін жатқа білетін жауынгер Жұлдызбек Ромашев «жұлдызға» айналды. Абай күнін мерекелеу қарсаңында ол тақырыптық іс-шаралар мен поэтикалық кештерге белсене қатысып, Абай шығармашылығын үзеңгілестеріне паш етті. Оның бұл өнері Отанға қызмет ету тәртіптен ғана емес, рухани құндылықтардан басталатынын көрсетеді.
Өнерлі сарбаздар қатарында полиглоттар да бар. 5571 әскери бөлімінің сарбазы Владимир Копылов бес түрлі түркі тілін, сондай-ақ бірнеше сирек диалектіні еркін меңгерген. Бұл оған Алматы көшелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде түрлі ұлт өкілдерімен ортақ тіл табысуға көмектеседі. Владимир қызметтен бос уақытында армия өмірін өз блогінде насихаттап, бөлімшенің оң имиджін қалыптастыруға елеулі үлес қосып келеді.
Мұндай сарбаздар Ұлттық ұланды мықты, білімді, жан-жақты тұлғалар қызмет ететін таланттар ордасы деп атауға лайық екенін көрсетеді.