Саясат • 25 Желтоқсан, 2025

Бизнесті қолдау шараларында кемшін тұстар көп

90 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеше Мәжілісте Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтың бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі туралы есебі тыңдал­ды. Жиында бюджеттен қыруар қаржы құйылғанына қарамастан, орта бизнестің экономикадағы үлесі төмендеп жатқаны айтылды.

Бизнесті қолдау шараларында кемшін тұстар көп

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен кейін­гі жылдары еліміздегі бизнесті ілгерілетуге басымдық беріліп келеді. Алайда оның орындалу барысы көңіл көншітпей тұр. Негізі алты жыл ішінде (2019–2024 жылдары) мемлекет кәсіпкерлерге 4,5 трлн теңгеге қолдау көрсетті. Оның 90%-ы субсидиялау, тауарлар­дың кепілдік берілген көлемін сатып алу, кредит беру және лизинг секілді бес негізгі құралға жұмсал­ған. Бағалау қорытындысында аудит бұл жұмыстардың шала жүргі­зілгенін, яғни Ұлттық экономика министрлігінің қолдау көлемі жөніндегі деректері кемінде 2 есе төмен екенін анықтады.

Салада мемлекеттік қолдау шаралары үшін бірыңғай ақ­параттық платформаның болмауы да жағдайды ушықтырып отыр. ЖАП төрағасының айтуынша, қазіргі «Бақылауда» ақпарат­тық сервисінің мәртебесі заңмен бекітілмеген. Кейбір операторлар мен мемлекеттік органдар оған деректерді енгізбейтін көрінеді. Тіпті ондағы мәліметтердің расты­ғына ешкім жауап бермейді. Осын­дай жүйесіздіктердің салдарынан бір кәсіпкер бюджеттен 19 түр­лі қолдау шарасын қатар алған жағ­дайлар кездескен.

– Ведомствоаралық үйлестіру жеткіліксіз болғандықтан, операторлар өз ережелерін де орнатқан. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы «Мен – кәсіпкер» құралы бо­йынша жекелеген субъектілерге консультация берумен ғана шек­теледі. Кейбіреулерге қосымша көрмелер, бизнес оқыту өткізеді, бизнес-жоспар әзірлеп береді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы «Іскерлік байланыстар» жобасына өтінімдерді қабылдау ресми түрде басталғанға дейін өтінім беру туралы алдын ала хабардар болған адамдарды ғана жіберген. Сондай-ақ түрлі шекті сыйақы мөлшерлемесімен ұқсас қолдау шаралары қатар көрсетілген. Төмен кредиттік рейтингіне қарамастан, бірқатар компанияға мемлекеттік қолдау берілген. Жеңілдетілген қаржыландыру шарттарына сәйкес келмейтін жобалар да жиі қолдау алып отырған, – деді Ә.Смайылов.

Өкініштісі, құнын дұрыс есептемеу салдарынан тек бір жоба бойынша 20 млрд теңге игерілмей, күші жойылған. Кейбірі мемлекеттен көмекті ала отырып, құрылтайшыларға дивиденд төлеген фактілер де анықталған. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың да жұмысы сынға қалды. Өңірлік даму инс­титуты болуға тиіс құрылымдар заңсыз банк қызметін атқарып, жеңілдетілген несие үлестірумен айналысып кеткен.

Ең сорақысы, Павлодарда іс жүзінде жоқ зауытқа 2,4 млрд теңгеге инженерлік желілер тартыл­ған. 37 млрд теңгеге қолдау көр­се­тілген бір жоба бойынша салық­тардың өсуінен бөлек, жұмыскер­лер штатын 1 адамға ғана ұлғайту талап етілген.

– Жалпы, мемлекеттік қолдау­дың 1 теңгесіне төленген салық­тың көлемі негізінен 1 теңгеге де жетпейді. Тексеріс қорытын­дысында 133 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарлануы және пайдалануы, 132 млрд теңгеге қаржылық есептің бұрмаланғаны, 13 млрд теңгеге қаржыландыру талаптарын бұзу анықталды. 40 млрд теңгеге жуық экономикалық шығын мен жіберіп алған пайда тіркелді. Анықталған заңсыздықтар бойынша 14 іс құқық қорғау органдарына жіберіліп, әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін 105 материал жолданды, – деді ЖАП басшысы.

Отырыста қосымша баяндама жасаған депутат Нұртай Сабильянов жеке кәсіпкерлікке қайтарымсыз субсидия беруді тоқтату керек деп отыр. Оның айтуына қарағанда, Үкімет экономиканы дамыту мақсатында жеңілдетілген несие беру жүйесін қалыптастыруы қажет.

– Шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тілері 4,4 млн адамды жұ­мыспен қамтамасыз етіп отыр. Бұл жұмыспен қамтылған халық­тың жалпы санының 48 пайызын құрайды. Алайда бюджеттен қыруар қаржы құйылғанына қара­мас­тан, орта бизнестің эконо­ми­кадағы үлесі төмендеуде, кейін­гі бес жылда ол 6,7%-дан аспай отыр. Сондықтан кәсіпкерлік субъектілеріне жылдық 8-10 па­йыз мөлшерлемемен несие беру тетігін енгізу керек. Қайтарымсыз субсидия беру тәжірибесін тоқтату қажет. Себебі кейінгі 3,5 жыл­да бизнес субъектілерін қолдау мақ­сатында бюджеттен банктер­дің сыйақы мөлшерлемесін субси­дия­лауға 686 млрд теңге жұмсал­ған. Жоғары аудиторлық палата жүргізген мемлекеттік аудит уәкі­летті органдардың, даму институт­тарының, әкімдіктердің жұмысында кемшіліктер бар екенін көрсетті. Енді оны жойып, қатемен жұмыс істеу керек, – деді Н.Сабильянов.

Талқылау барысында депутат Мақсат Толықбай қолдау шаралары салықтың ақшасы болғаннан кейін, әрбір тиыны экономикаға жұмыс істеуге тиіс, кейбір компанияларға тиімсіз шығысты тоқтату керек деп шегелеп айтты.

– «Даму» қоры арқылы төмен пайызбен несие беріп жатырмыз дейді, статистикасы – қып-қызыл өтірік. 200 млрд теңге бөлінген, алайда өтініш бергендердің 40%-ы ғана несие ала алған. Жобалардың көбі формалды түрде жұмыс істейді. Бар қаржының өзі бизнеске кеш жетіп жатыр. Бизнесті қолдаудың бірыңғай терезесі туралы көптен беріп айтып келеміз. Сөз жүзінде бар, іс жүзінде жұмыс істемейді. Президент тапсырмасы неге орындалмады? Платформа неге жұмыс істемей тұр?– деп сұрады мәжілісмен Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен.

Сауалға жауап берген вице-премьер eGov Business платформасы енгізілгенін айтты.

– Бизнесті қолдауға бағытталған «Іскер өңір», «Өрлеу» сынды бағдарламалар бар. Қазіргі уақытта платформада бизнесмендерге 3,5 млн-нан аса қызмет көрсетілді. Жеке кабинет арқылы 78 мыңнан аса бизнес өкілі тіркелді. Жұмыс та басталып кетті. Ендігі міндетіміз – оны ары қарай ілгерілету. Елдегі бүкіл бизнеске мемлекеттік қолдау жасау мақсатымызда жоқ, – деп қайырды С.Жұманғарин.

Ал депутат Ирина Смирнова мемлекеттік органдар мен оларға бағынысты ұйымдардың қызметінде бірыңғай логика мен жүйеліліктің жоқтығына назар аударды. Оның айтуынша, талаптар баршаға бірдей қолданылмай, шешімдер бірізді әрі дәйекті түрде қабылданбай отыр. Осыған байланысты мәжілісмен экономикалық реформаларды талап ететін мемлекет ең алдымен тәртіп пен жауапкершілікті өз құрылымдарынан бастауы қажет екенін атап өтті. Өйтпеген жағдайда бизнеске қойылатын қатаң талаптар мен мемлекеттік аппараттағы жауапкершіліктің салыстырмалы жұмсақтығы арасындағы алшақтық одан әрі тереңдей береді.

«Экономикалық реформаларды әзірлеу мен іске асыру барысын тиімсіз атқарған шенеуніктер қандай жауапкершілікке тартылады?» деп мәжілісмен Жоғары аудиторлық палата төрағасы Ә.Смайыловқа нақты сұрақ қойды. Алайда бұл сұраққа нақты жауап болмады. Ә.Смайылов Жоғары аудиторлық палата жыл сайын заңбұзушылықтарды анықтай­тынын әрі өз құзыреті шеңберінде шара қолданатынын айтты.

Жалпы отырыстан кейін тілшілер Ә.Смайыловтан биылғы аудиттен кейін қанша шенеунік жауапкершілікке тартылғанын нақтылады. ЖАП төрағасының айтуынша, осы жылы 193 жеке және заңды тұлға әкімшілік, 204 лауазым иесі тәртіптік жауапкершілік арқалаған. Ал қылмыстық құқық бұзу белгілері бар 70 материалды құқық қорғау органдарына жолдау туралы шешім қабылданып, бүгінде оның 44-і жіберілген. Енді қалған 26-сын жолдайтынын жеткізді.

Сондай-ақ Жоғары аудиторлық палата басшысы келер жылы тексерілетін қорларды да айта өтті.

– Бюджеттен тыс қордың саны 18-ге жетті. Олардың қатарында Ұлттық қор, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, Медициналық сақтандыру қоры, Қаржы министрлігіндегі Арнаулы мемлекеттік қор және Зардап шегушілерге өтемақы төлеу қоры бар. Келер жылы осы соңғы екеуін тексермекпіз, – деді Ә.Смайылов.

Аудит қорытындысы екі сағат­қа жуық уақыт талқыланды. Сол аралықта Мәжіліс Үкіметке мем­лекеттің бизнесті қолдау шараларын үйлестіретін бірыңғай уәкілетті органды бекітуді ұсынды. Атап айтқанда, 2026 жылғы 30 қаңтарға дейін анықталған бұзушылықтар мен жүйелі кемшіліктерді жою жөніндегі жол картасын әзірлеу және бекіту, сондай-ақ жеке кәсіп­кер­лік субъектілерін мемле­кет­тік қолдаудың нәтижелілігін арттыруға бағытталған шаралар кешенін қабылдауға шақырды. Бұл функцияларды атқару барысы мен нәти­желері туралы жыл сайынғы кеңейтілген Талдамалық баяндама әзірлеуге де міндетті болады.

Тақырып төңірегіндегі талқы­лауды түйіндей келе, Мәжіліс төр­ағасы Ерлан Қошанов жергілікті атқару органдары деңгейінде шағын және орта бизнесті дамыту міндеті көбінесе «көмескі» күйінде қалып отырғанын айтты.

– Биыл осымен екінші рет Жоғары аудиторлық палатаның есебін тыңдап отырмыз. Бірінші жартыжылдықта дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жайын кеңінен тал­қылаған едік. Ендігісі – кәсіп­керлікті қолдау шаралары. Есеп көрсеткендей, қолданыстағы құралдардың көбі алға қойған міндеттерді толық көлемде орындай алмай отыр. Осыған байланысты бүкіл қолдау шараларына кешенді ревизия жүргізу қажет. Екіншіден, кәсіпкерлікті қолдау үшін бірыңғай, орталық­тан­дырылған саясат қажет. Үшінші­ден, институционалдық жауапкер­шіліктің төмендігі. Бұл ретте шағын және орта бизнестен түсетін салық түсімдерінің бір бөлігі жергілікті деңгейге берілгенін ескерсек, кәсіпкерліктің дамуын қамтамасыз етудегі әкімдердің жауапкершілігі де артуға тиіс. Осыған байланыс­ты облыстық қана емес, аудан деңгейінде де әкімдіктер үшін кәсіпкерлікті дамыту бойынша жеке KPI бекіткен жөн, – деді ол.

Е.Қошанов әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорацияның қызметіне қатысты біраз сын айтылғанына да зейін қойды.

– Мемлекет басшысы Жол­дауында дәл осы әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациялар өңірлердің экономикалық өсімін арттыратын қозғаушы күшке айналуға тиіс екенін айтқан болатын. Сонымен қатар Президент ауылдық аймақтарды дамытуда ӘКК-лардың әлеуетін барынша пайдалануды тапсырды. Осы орайда депутаттар Үкіметпен бірлесіп, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қызметінің тиімділігін және бизнесті дамытудағы рөлін арттыруға бағытталған заңнамалық реттеу шараларын қарастырғаны жөн болар еді. Яғни депутаттар Үкіметпен бірге осы бағыттағы заңнаманы бизнестің қажетті­гі­не қарай бейімдеуді дер кезін­де қамтамасыз етуге тиіс, – деді Мәжіліс төрағасы.

Палата спикері қазіргі эконо­микалық өзгерістерді ескере отырып, кейбір заңдарды, мысалы, Бизнес жүргізу мәселесі туралы заңның және Кәсіпкерлік кодекстің жекелеген нормаларын жаңарту қажет болар деген пікірін ортаға салды.

– Оның ішінде кәсіпкерліктің тиімді дамуына кедергі келтіре­тін ережелер, тосқауылдар мен әкім­­шілік жүктемелер болуы мүм­кін. Мемлекет басшысы алды­мызға нақты міндет қойды. Ол – жеке кәсіпкерлікті қолдауды эконо­микалық өсімнің драйверіне айналдыру. Осы ретте мемлекеттік қолдау жұмыс орындарын құрып, кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашып, отандық өндірісті нығайту­ға ықпал етуі керек, – деп сөзін қорытындылады Е.Қошанов.

Сондай-ақ депутаттар отырыс барысында ара шаруашылығы және баламалы энергия көздерін дамыту туралы екі заң жобасын жұмысқа қабылдады. Ал креативті индустрия­ны дамыту туралы заң жобасын екінші оқылымда қарап, Сенатқа жолдады. 

Соңғы жаңалықтар