Тұжырымдаманы жүзеге асыру орталық пен жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысына негізделген. Экологиялық дағдыларды қалыптастыру, білім, ағарту бағыттарын қамтитын 60 іс-шарадан тұратын жоспар осы мақсатқа қызмет етеді. Бұл – экология мәселесін тек мемлекеттік деңгейде емес, қоғамдық сана арқылы шешуге бағытталған тәсіл.
«Таза Қазақстан» аясында ел көлемінде 1 294 экологиялық іс-шараның өткізілуі қоғамда экологиялық серпіннің бар екенін айқын көрсетті. Баршаны біріктірген бастама барысында әрбір үшінші тұрғынның бой көрсетуі – азаматтардың бейжай еместігін білдіретін маңызды көрсеткіш. Бұл – дұрыс бағытта келе жатқанымыздың дәлелі.
Экологиялық акцияларға 6,4 млн-нан астам адамның қатысуы, оның ішінде 781 мыңнан астам еріктінің болуы қоғамдық жауапкершіліктің жаңа деңгейге көтерілгенін аңғартады. Мұндай белсенділік экологиялық мәдениет біртіндеп қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
844 мың тоннадан астам қалдықтың жиналуы, 1,1 млн га аумақтың тазартылуы – атқарылған жұмыстың нақты нәтижесі. Бұл деректер экология саласындағы бастамалардың сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асып жатқанын дәлелдейді.
Рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою бағытында қабылданып жатқан шаралар да назар аударарлық. 1 300-ден астам мобильді топтың 100 мыңнан аса рейд жүргізуі – экология саласындағы тәртіптің күшейгенін көрсетеді. Ғарыштық мониторинг арқылы заңсыз қоқыс орындарының 25%-ға азаюы бақылау мен талаптың нәтижесі бар екенін аңғартады.
Бұл ретте тазалық тек бақылаумен ғана емес, сана арқылы орнығуға тиіс екені анық. Қоғамда «Тазалық – біреудің міндеті емес, бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз», деген түсінік қалыптасқанда ғана бұл мәселе түбегейлі шешіледі.
@TazaQazBot чат-ботының іске қосылуы мен eGov арқылы миллиондаған азаматты қамтыған хабарламалар халықпен кері байланыстың жаңа деңгейін қалыптастырды. 24 мыңнан астам өтініштің түсуі, олардың басым бөлігінің орындалуы – цифрлық құралдардың тиімділігіне айқын дәлел. Бұл мемлекеттік органдардың халыққа жақындай түскенін, азаматтардың өз ауласы мен көшесіне бейжай қарамайтынын білдіреді.
Биыл 335,6 млн ағаш отырғызылды, бұл – экологиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталған ауқымды жұмыс. Бұл – тек статистикалық көрсеткіш емес, болашақ ұрпаққа қалдырылатын нақты экологиялық капитал.
Қалдықтарды басқару саласындағы жобалар, сұрыптау мен қайта өңдеуді дамыту, қоқыс жағу зауыттарын салу экология мәселесіне кешенді көзқарастың қалыптасқанын көрсетеді. Бұл бағыттағы инвестициялар еліміздің экологиялық қауіпсіздігіне салынған ұзақмерзімді инвестиция деуге толық негіз бар.
«Таза Қазақстан» – экология туралы ғана емес, тәртіп, мәдениет, жауапкершілік туралы тұжырымдама. Табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау, тазалықты сақтау уақытша науқан емес, ұлттың өмір салтына айналуға тиіс құндылықтар. Ортақ үйіміз – еліміздің тазалығы әр азаматтың күнделікті ісінен басталады. Мемлекет пен қоғамның бірлескен әрекеті экологиялық мәдениеті жоғары ел қалыптастырудың берік негізі болады.
Таза Қазақстан – таза болашақ. Сол болашақты қалыптастыруға үлес қосу – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Көшенің тазалығынан бастап, ауланың тәртібіне дейінгі әрбір іс ортақ үйіміздің келбетін айқындайды. Мемлекет пен қоғамның бірлескен қадамы ғана экологиялық мәдениеті жоғары, жауапкершілігі берік ел қалыптастыра алады. Бүгінгі әрекет – ертеңгі ұрпаққа қалатын мұра. Осы тұрғыда «Таза Қазақстан» әр азаматты бейжай қалдырмайтын, елдік сананы нығайтатын маңызды бастама.
Ерлан НЫСАНБАЕВ,
Экология және табиғи ресурстар министрі