Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Еуразиялық интеграция институтының ғылыми-теориялық талдау және әдістемелік қамтамасыз ету департаментінің меңгерушісі Арман Ешмұратовтың айтуынша, институт сондай-ақ азаматтардың елдің қоғамдық-саяси күн тәртібіне, БАҚ-ты тұтыну арналарына, ақпарат көздеріне сенім деңгейіне, олардың қоғамдық-саяси және экономикалық жағдайға берген бағасына, Мемлекет басшысының рейтингі мен қызметіне де зерттеу жүргізген.
Сауалнамаға қатысқандардың 78,5 пайызы кейінгі үш айда Президенттің жұмысы тиімді болғанын атап өткен. Ал «Егер жақын аралықта Президент сайлауы бола қалса, Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасына дауыс бересіз бе?» деген сауалға қатысушылардың 77,3 пайызы «иә» деп жауап берген. 71,5 пайызы алдағы уақытта елде жақсы өзгерістер болатынына сенім білдірген.
Елдегі саяси партиялардың ішінен «Amanat» партиясын 62,4 пайыз қатысушы атап өткен. Одан соң халық «Ақ жол» (29,7 пайыз) мен «Ауыл» (29,3 пайыз) партияларымен жақсы таныс. Ал респонденттердің 17 пайызы Қазақстан Халық партиясын, 15,1 пайызы «Respublica» партиясын, 11,7 пайызы «Байтақ» партиясын білетінін айтқан. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясын қатысушылардың 10,3 пайызы ғана белгілеген.
«Сауалнаманы біз осы жылдың 1-10 қараша аралығында жүргіздік. 17 аудан мен республикалық маңызы бар 3 қаланың 18 жастан асқан 1 467 азаматы қатысты. Олар – қала мен ауыл тұрғындары. Жалпы зерттеуге қатысушылардың 52 пайызы елдің саяси, экономикалық жағдайын қадағалап отыратынын айтады», дейді А.Ешмұратов.
Зерттеуге сүйенсек, елдегі жаңалықтарды тұрғындардың басым бөлігі (52,7 пайыз) теледидардан көреді. Бұдан соң әлеуметтік желілердегі (Instagram – 51,2 пайыз, TikTok – 39,7 пайыз, YouTube – 26,7 пайыз) ақпараттарға көз жүгіртеді. Сондай-ақ респонденттердің 33,5 пайызы WhatsApp мессенджері арқылы, 29,7 пайызы интернет ресурстары мен ақпараттық агенттіктердің жаңалықтарын қарайды. Ал олардың 19,4 пайызы жаңалықтарды отбасы мүшелері мен туыстарынан, 18,7 пайызы әріптес, дос, көршілерінен еститінін айтады. Десе де, халық мемлекеттік БАҚ-қа сенім білдірген. Зерттеу тұрғындардың ақпараттық интернет-порталдарына сене бермейтінін көрсетті.
Облыстардағы қоғамдық-саяси, экономикалық жағдайды қатысушылар тұрақты деп бағалаған. Осылайша 66 пайыз респондент ел дұрыс бағытта дамып жатқанын айтқан.