Ғылыми жиын басталарда зиялы қауым мектеп ауласында орнатылған қайраткердің бюстін (авторы Талғат Анарбек) салтанатты түрде ашып, гүл шоқтарын қойды. Конференцияның пленарлық мәжілісінде мектеп-гимназия директоры Қарлығаш Жанғазақова, «Қаһармандар» қоғамдық қорының президенті, заңгер-ғалым Сабыр Қасымов, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Гүлнар Мұқанова, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырған профессоры, алаштанушы Қайырбек Кемеңгер, тарихшы-ғалым, қауымдастырылған профессор Күлпаш Ілиясова, РФ Сібір дәстүрлі қолөнер институтының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Қайыртай Әмірғазин, Түркия Мимар Синан өнер университетінің профессоры, тарих докторы Әбдуақап Қара, Қажы Байрам Уәли университетінің профессоры, тарих докторы Гүлжанат Құрманғалиева-Ержиласун, Моңғолияның Байөлке аймағы Білім басқармасы тіл-әдебиет аға әдіскері Әсемгүл Ибрагимқызы, Қырғызстан Қ.Тыныстанов атындағы Ыстықкөл университетінің ғылыми қызметкері Азиз Аубакиров, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Астана филиалы директорының орынбасары Самат Жұматайұлы, Абай атындағы ҚазҰПУ аға оқытушысы, PhD Талғат Жанысбай баяндама жасады. Ғылыми жиынға Астана халықаралық университеті Өнер және гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Саят Ыбырай модераторлық етті.
Халықаралық конференцияның педагогтерге арналған бөлімі мына жүйеде ғылыми-әдістемелік талқылаулар жүргізді: бірінші бағыт – «Смағұл Сәдуақасұлының қоғамдық-саяси қызметі және Алаш ұлттық идеясы» (төрағалары – Ғалия Жәрімбет, тарих магистрі, Ақжол Мешітхан, педагог-сарапшы), екінші бағыт – «С.Сәдуақасұлы мұрасы және заманауи білімді басқарудың жаңа модельдері» (төрағалары – Сәулеш Баймұхан, педагог-зерттеуші, Ернар Оразтай, педагог-модератор), үшінші бағыт – «Алаш қайраткерлері еңбегі және қазіргі орта білім мәселелері» (төрағалары – Мақпал Тоқтасын, педагог-сарапшы, Мағжан Ғылымбек, педагог-модератор), төртінші бағыт – «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы және Смағұл Сәдуақасұлы еңбектеріндегі рухани-мәдени тұтастық идеясы» (төрағалары – Роза Бейбіт, педагог-сарапшы, Мәдина Қабден, мұғалім), бесінші бағыт – «Смағұлтану» зерттеу еңбектерін білім беру үдерісіне ықпалдастыру: ЖИ мүмкіндіктері» (төрағалары – Лена Шәмен, педагог-зерттеуші, Ұлпан Тұрғынбек, мұғалім). Модератордың бәрі – осы мектептің тарих пәні мұғалімдері.

Конференцияның нәтижесінде Смағұл Сәдуақасұлының ағартушылық идеяларының қазіргі білім беру жүйесімен үндестігі талқыланып, ұлттық құндылықтарға негізделген білім берудің өзекті бағыттары ұсынылды. Қатысушылар заманауи мектепте ұлттық-рухани құндылықтарды оқыту әдістері, цифрлық білім беру мүмкіндіктері және педагогтердің кәсіби дайындығын күшейту жолдары жөнінде тәжірибе алмасты.
«Мектебіміздің С.Садуақасұлы мұрасын жаңғыртуына Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлының, танымал смағұлтанушылардың, осы білім ошағының алғашқы жетекшісі Жанар Өмірханқызының, директорымыз Қарлығаш Есімханқызының еңбегі зор. Конференцияның Алаш аманаты мен білімнің жаңашыл басымдықтарына арналуы – тәуелсіздік талабы», дейді осы мектеп-гимназия директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Жұлдыз Көки.
Ескерген Иманбай
Астана