Аймақтар • Кеше

Семейде ерекше кешен ашылды

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Маусым айында облыс әкімінің бастамасымен «Туған жерге туыңды тік» деген кең ауқымды инвестициялық форум ұйымдастырылып, оған депутаттар, шетелдік, отандық инвес­торлар, осы өңірден шыққан ірі кәсіпкерлер қатысып, Абай облысын дамытудың жоба-жоспары талқыланды. Облыс әкімдігі мен инвесторлар арасында 15 меморандумға қол қойылды.

Семейде ерекше кешен ашылды

«Абай еліне инвесторлар ағылды: 1 мегафорум, 15 мемо­рандум» деген мақаламызда (25.06.2025) еліміздегі «Yokohama», «Triangle» компания­ларының ресми дистрибьюторы, белгілі кә­сіп­кер Сырымбек Тау мырзаның: «Абайдың 180 жылдығына орай Бейжіңде Абай үйін ашамыз. Бұған қоса, Абай елінде өзіміздің «Пана» қонақүй желісін ашуды жоспарлап отырмыз. 500 орындық мәжіліс залы болады. Бес заманауи, стандартқа сәйкес мейрамханалар ашылады. Екінші жобамыз – «Semey Mall» аталып кеткен құрылыс. Көп жылдан бері кезек күтіп тұрғаны белгілі. Екі-үш күннен кейін құрылыс жобасын бастаймыз», деген оймақтай пікірі бар-тын. Міне, жазда айтылған жұмыстардың алғашқы легі жыл соңында нәтиже бере бастағанына куәміз.

Сөйтіп, Семей шаһарында бес жұлдызды қонақүй мен мейрамхана кешені ашылды. «Семей – қазақтың Санкт-Петербургі» деп бекер айтылмаса керек. Расында да, Абай заманындағы, кейінгі Алаш арыстарының ізі қалған тарихи қаланың көне ғимараттары көп. 25 жыл қараусыз, күтімсіз қалғандықтан, біраз төлежіп тұр­ғаны белгілі. Оның бәрін сүріп, жаңа ғимарат салуға болар-ау, алайда осынша архитектуралық естеліктерді бұзу тарихты кү­реумен бірдей секілді. Осы ретте ашылып отырған «Pana Unique Semey» бес жұлдызды қонақүй кешенінің ғимараты 1890 жылы ағайынды Мусиндер салған қаладағы алғашқы меха­никаландырылған диірмен бол­ған екен. Одан басқа да түрлі қызметтер атқарған тарихи нысан уақыттың талай сынақтарына төзе білген, бүгін де сыны кетсе де, сыры кетпеген көне ғимарат 5 айда қайта жаңғыртылды. Әуелгі сәулеттік келбеті сақтала отырып, заманауи қонақүй кешеніне айналдырылды. Бұл жоба қала тарихын құрмет тұтып, жаңа маз­мұнмен дамытудың жарқын үлгісі деуге әбден болады. Ертіс өзенінің жағасында орналасқан 5 қабатты ғимараттың сырты қызыл кірпішпен көмкерілген.

Қонақүй кешені – жалпы құны шамамен 6,5 млрд тең­гені құрайтын өңірдегі ірі инвес­тициялық жобалардың бірі. Жаңғырту жұмыстары қысқа мерзім ішінде аяқталып, құрылыс барысында 250 адам уақытша жұмыспен қамтылған. Кешен іске қосылғаннан кейін 105 тұрақты жұмыс орны ашылады. Қонақүйдің жалпы ауданы 8 300 шаршы метр, сыйымдылығы 180 орын (91 нөмір). Кешен құрамында «Сандық», «Тары» мейрамханалары мен кофеханасы, сондай-ақ «Мадлен», «Итальяно» ресторандары, SPA орталығы мен конференц-зал қарастырылған.

Ерекше кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, Мусин ұрпақтары, туризм саласының мамандары, кәсіпкерлер мен өнер қайраткерлері, жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысты.

Облыс басшысы жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы­на, туризм мен қызмет көрсету саласының өсуіне, кәсіпкерлікті қолдауға, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын құруға серпін беретінін жеткізді. Сонымен қатар бұл бастама туған жерге инвестиция тарту арқылы өңір әлеуетін арттырудың айқын үлгісі екенін айтты.

– Бүгін үлкен тарихи оқиғаның куәгері болып отырмыз. «Pana Unique Semey» – Семейдегі үлкен қонақүй кешені. Мұндай қонақүй қаламызда бұрын-соңды болған емес. 1890 жылы бой көтерген тарихи ғимараттың архитектуралық сәулетін бұзбай қалпына келтіру – инвесторлардың үлкен жеңісі. Семей – қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған Абайдың елі. Ақын-жазушыларымыз алаңсыз шығармаларын жазып, аяқтау үшін қонақүйден бір нөмір арнасаңыз деп Сырымбет Тау мырзаға өті­ніш айтқанбыз. Сол өтінішіміз қанағаттандырылды. Яғни еліміздегі кез келген ақын-жазушы Семейге келіп, 10 күн қонақүйде болып, шығармаларын жазуға мүмкіндік алып отыр. Осы жобаға атсалысқан инвесторлар Қайрат Итемгеновке, Сырымбек Тауға алғыс білдіреміз, – деді облыс әкімі.

Жалпы, облыста жыл басынан бері іске асырылып жатқан жобалар саны 29-дан 97-ге дейін артты. Тартылған инвестиция көлемі 2,2 трлн теңгеден 3,5 трлн теңгеге дейін өсті. Олардың ішінде 50 жоба Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілген.

Әкімнің айтуынша, есепті ке­зеңде облыс экономикасына 495,2 млрд теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 104,6%-ды құрады (оның ішінде жеке инвестиция – 355 млрд теңге, нақты көлем индексі – 98,1%). Жыл соңына дейін 14,2 млрд теңгеге 280 жұмыс орнын құруды көздейтін тағы 4 жоба іске асырылады. Семей қала­сында жаңа шағын ауданның жобасы әзірленіп жатыр. Бұл инфрақұ­рылым тұр­ғын үй құрылысын дамытуға мүм­кіндік тудырып, жа­қын арада 270,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға бері­леді.

Айта кету керек, Абай елінде тек Семей қаласы ғана емес, аудан, қала орталықтарында да қонақүй, мейрамхана, яғни қоғамдық қыз­мет көрсету бизнесін дамыту мақсатында инвестиция тартыла береді.

 

Абай облысы 

Соңғы жаңалықтар