Экономика • Бүгін, 17:20

Елімізде сиыр еті неге қымбаттады?

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ет пен ет өнімдерінің бағасы айтарлықтай қымбаттады. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, қараша айының қорытындысы бойынша бұл санаттағы тауарлар бір жылда 21,7 пайызға өскен. Баға барлық ет түрінде көтерілгенімен, ең жоғары өсім сиыр етінде байқалды, деп жазады Egemen.kz.

Елімізде сиыр еті неге қымбаттады?

Күздің соңында сиыр еті бір жыл ішінде 31,5 пайызға қымбаттаған. Желтоқсан ортасына қарай өсім біршама баяулағанымен, 26 пайыздан жоғары деңгейде сақталып отыр. Қой еті де едәуір қымбаттап, жылдық өсім 28 пайыздан асты. Жылқы еті 16 пайызға жуық өссе, құс етінің бағасы салыстырмалы түрде баяу – 10 пайыз шамасында көтерілген.

Бағаның шарықтауы көктемнің соңы мен жаздың басынан басталған. Сол кезеңнен бері сиыр еті ай сайын дерлік қымбаттап отырған. Жалпы баға өсіміне де ең көп әсер еткен осы өнім.

Өңірлер арасында айырмашылық бар, алайда ол аса үлкен емес. Алматыда ет бағасы 15 пайыздан сәл асса, Қостанай, Атырау және Ақтөбе облыстарында өсім 17-18 пайыз деңгейінде тіркелген. Ал Ұлытау облысы мен Шымкентте көрсеткіш 30 пайызға жуықтаған. Мұндай айырмашылықтар бағаның жергілікті шешімдерден емес, жалпы экономикалық себептерден өсіп отырғанын аңғартады.

Халықаралық салыстыруда Қазақстан сиыр еті арзан елдердің қатарында. Numbeo деректеріне сәйкес, желтоқсан айында еліміз сиыр етінің бағасы бойынша 100-ден астам елдің ішінде соңғы орындарға жақын тұрған. Бір келі сиыр етінің орташа бағасы шамамен 3,8 мың теңге. Бұл Ресей мен Өзбекстандағы көрсеткіштен төмен. Ал Еуропаның бірқатар елдерінде сиыр еті Қазақстанмен салыстырғанда бірнеше есе қымбат.

Бағаның өсуіне сауда орындары емес, негізінен өндіруші тараптағы шығындар әсер еткен. Статистика ірі қараның бағасы бір жылда шамамен 20 пайызға көтерілгенін көрсетеді. Бұған жем-шөптің қымбаттауы себеп болған. Азықтық дәнді дақылдар мен шөптің бағасы 9 пайызға жуық өссе, жемдік жүгері жыл ішінде 16 пайыздан аса қымбаттаған.

Соған қарамастан, халық еттен бас тартқан жоқ. Үшінші тоқсанда қазақстандықтар бір адамға шаққанда орта есеппен 21 келіден астам ет өнімін тұтынған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Ең көп тұтынылатын өнім – сиыр еті. Одан кейін фарш пен жылқы еті келеді.

Баға өсімі отбасылық бюджетке де салмақ түсіріп отыр. Үшінші тоқсанда қазақстандық отбасылардың ет пен ет өнімдеріне жұмсаған шығыны тоқсанына орта есеппен 180 мың теңгеге жуықтаған. Бұл соңғы екі жылдағы ең жоғары өсім саналады.

Соңғы жаңалықтар

Доллар тағы да көтерілді

Қаржы • Бүгін, 16:35