Бүгінгі таңда «кедергісіз орта» түсінігі тек физикалық қолжетімділікпен шектелмейді. Бұл ұғымның мағынасы кең. Ол ақпараттық, цифрлық және әлеуметтік қолжетімділікті де қамтиды. Егер бір оқырман кітапты көзімен оқыса, екіншісі оны құлағымен тыңдайды. Егер біреу экрандағы мәтінді көрсе, екінші адам оны брайль жүйесі арқылы немесе дыбыстық синтезатор көмегімен қабылдайды. Демек, кедергісіз орта – әрбір азаматтың қоғам өміріне толыққанды араласуына мүмкіндік беретін басты шарт.
Кітапханадағы кедергілерді жою жолдары, біріншіден, физикалық қолжетімділік. Кітапхана ғимаратында пандустар мен көтергіш құрылғылар орнату, есіктердің ыңғайлы болуы, залдардың ішінде кедергісіз қозғалу жолдарының қарастырылуы – бұл ең алғашқы және маңызды қадамдар.
Екіншіден, ақпараттық қолжетімділік. Кітап қоры тек дәстүрлі басылымдармен ғана емес, сонымен қатар брайль қарпіндегі кітаптар, тактильді, бедерлі-графикалық құралдар, үлкейтілген қаріпте жазылған басылымдар, дыбысталған кітаптар мен электронды басылымдар қорымен толықтырылуы қажет.
Үшіншіден, цифрлық шешімдер. Кітапханалардың ресми сайттары экрандық оқырмандарға бейімделуі керек. Электронды каталогтардың дыбыстық нұсқасы әзірленіп, қашықтан білім алуға арналған онлайн платформалар іске қосылуы тиіс. Осы қадамдар ақпаратқа қолжетімділікті айтарлықтай кеңейтеді.
Қазір «Кітапханада тең мүмкіндік – тең ақпарат» ұғымы кітапхананың басты қағидатының бірі. Бұл ұғым қоғамның әрбір мүшесіне білім, ақпарат және мәдениетке тең дәрежеде қолжетімділік жасауға бағытталған. Тең мүмкіндік – кітапхананың қызметін пайдалануда ешкімнің құқығы шектелмеуі, жынысына, жасына, әлеуметтік жағдайына, тұрғылықты жеріне немесе денсаулығына байланысты кедергілердің болмауы. Кітапханаға келген әрбір азамат бірдей деңгейде ақпараттық, мәдени және білім беру ресурстарына қол жеткізуге құқылы. Тең ақпарат – әрбір оқырманның өзіне қажетті ақпаратты алуына жағдай жасау.
Бұл бағытта арнайы кітапханар түрлі форматтағы басылымдар мен ақпарат көздерін ұсынады: зағип және нашар көретін азаматтарға брайль қарпіндегі кітаптар, тактильді, бедерлі-графикалық құралдар, үлкейтілген қаріпте жазылған басылымдар, дыбысталған кітаптар мен электронды басылымдар. Осылайша, «тең мүмкіндік – тең ақпарат» қағидаты кітапхана қызметінде кедергісіз орта құруды, инклюзивтілікті қамтамасыз етуді және ақпаратқа қол жеткізуде әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етуді білдіреді. Бұл қағида білімді, ақпаратты және мәдени мұраны барша азаматқа қолжетімді ету арқылы қоғамдағы әлеуметтік теңдікті нығайтуға қызмет етеді.
Анығында, кітапхана тек кітап сақтайтын орын емес, ол – қоғамдағы адамдардың арасын жалғайтын заманауи орта. Егер біз кітапханада кедергісіз орта қалыптастырсақ, онда әрбір азамат өзін қоғамның толыққанды мүшесі сезінеді.
Бүгінде елімізде зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы 19 кітапхана бар. Мұндағы жалпы кітап қоры – 1 008 518 дана, оқырман саны – 51 475, оның ішінде зағип және нашар көретін оқырмандар саны – 15077. Яғни, республика бойынша зағип азаматтарды кітапханалық қызметпен қамту 65 %-ды көрсетеді.
«Білімдіге дүние жарық» дейді халқымыз. Сол білімге апарар жол ешкімге жабық болмауы тиіс. Әрбір азаматқа тең мүмкіндік, тең ақпарат беру – дамыған, әділетті қоғамның басты бөлігі.
Сәулеш НАЗЫРОВА,
Алматы қаласындағы Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған
республикалық кітапхананың библиографы