Кейінгі айларда академиялық орта мен өндіріс өкілдері осы мектеп Инженерлік факультетке қосылуы мүмкін деген ақпаратқа алаңдап отыр. Ресми түрде бұл оңтайландыру ретінде түсіндірілгенімен, тау-кен саласы үшін мәселе әлдеқайда терең. Еліміз энергетикалық ауысым, критикалық минералдар, жер қойнауын цифрландыру кезеңіне аяқ басып отырғанда, мамандандырылған ғылыми білім беру орталығынан айырылу қаупі туындады.
Тау-кен секторы ел экспортының негізгі бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Ірі халықаралық компаниялар осы салаға инвестиция салады. Мұндай жағдайда кадр даярлау мен ғылыми база стратегиялық маңызға ие. Бұл бағыттарды кең бейінді инженерлік мектеп аясында толық сақтау қиын. Геология мен тау-кен ісі тереңірек оқытуды, ұзақ мерзімді ғылыми дәстүрді және тұрақты зерттеу ортасын талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, құрылымдық біріктіру сапа мен фокусты әлсіретуі мүмкін. Ұлттық геологиялық қызмет басшысы Ерлан Ғалиевтің айтуынша, сала күрделеніп келеді әрі кадрларға қойылатын талап түбегейлі өзгерген.
«Қазіргі геология далалық жұмыс қана емес. Бұл – деректерді кешенді талдау, ықтималдық моделдеу және пәнаралық тәсілдер. Мұндай мамандарды даярлау үшін дербес академиялық орта қажет. Бүгінде геологтар, геофизиктер және цифрлық модельдеу мамандары тапшы. Бұл жерде сан емес, сапа мәселесі маңызды. Профильдік мамандану әлсіресе, кадрларды дайындау мүмкін болмайды. Сондықтан геоғылым мектебін дербес құрылым ретінде сақтау ғылыми сабақтастық пен саланың тұрақтылығы үшін шешуші мәнге ие», дейді ол.
Халықаралық бедел мәселесі де назардан тыс қалмайды. Мұнай инженериясы бағдарламасы 2025 жылы ABET бағалауынан сәтті өтті. Ресми аккредитация 2026 жылы берілмек. Мұндай жетістік тұрақтылықты талап етеді. Ал терең құрылымдық өзгерістер бағдарламалардың дамуын тежеп, тәуекелге айналуы мүмкін.
«Ғылыми әлеует те маңызды. Мектеп заманауи зертханаларға ие, халықаралық компаниялармен жұмыс істейді, цифрлық геоғылым әдістерін енгізіп келеді. Қазіргі геология бұл тек кен іздеу емес. Бұл сейсмика, жерасты сулары, критикалық минералдар және төмен көміртекті болашаққа қатысты шешімдер. Мамандандырылған ортаның жойылуы ғылыми сараптаманың шашырауына алып келеді. Соған қарамастан, әкімшілік шешімдер бұл үдерісті үзіп жіберуі мүмкін. Университеттің жаңа стратегиясында жасанды интеллект пен компьютерлік ғылымдарға басымдық берілген. Ал геоғылым бағытына қатысты нақты бағдар жоқ. Осы белгісіздік мектептің болашағын күмәнді етіп отыр», дейді Е. Ғалиев.
Бұл жерде мәселе жасанды интеллектіге қарсы қоюда емес. Мәселе – геология мен цифрлық технологияларды бір ортада тоғыстыра алатын бірегей мектептің жойылу қаупінде.