Фото: Алматы қаласы әкімдігі
Жұрт жиі баратын жерлер
Қала тұрғындары мен мегаполис қонақтары жиі баратын дәстүрлі нүктелер Абай алаңында, Астана алаңында, Арбат жаяу жүргіншілер аймағында, Панфилов көшесінде, 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта, «Алматы Арена» аумағында және «Атакент» көрме кешенінде орналасқан. Аталған алаңдарда негізгі жаңажылдық іс-шаралар, концерттер, жәрмеңкелер мен отбасылық демалыс бағдарламалары өтеді.
Жаңа локациялар
Биылғы жаңа жыл маусымында қаланың мерекелік картасы кеңейтіліп, 13 жаңа локация көркемдік безендіруден өтті. Олардың қатарында Сайран көлі, «Гүлдер» және «Family» саябақтары, Ганди мен Байсейітова скверлері, «Айнабұлақ», «Жасқанат», «Көкжиек», «Құлагер» шағынаудандары бар. Бұл аумақтар жарық кескіндемелерімен, гирляндалармен және тақырыптық шағын сәулет нысандарымен безендіріліп, тұрғындарға үйінің маңында мерекелік көңіл күй үстеп жатыр.

38 шақырым көше безендірілді
Жаңажылдық безендіру жұмыстары қаланың 38 шақырым көшесін, оның ішінде 12 негізгі даңғыл мен магистральдарды қамтыды. Алматы халықаралық әуежайынан бастап қаланың орталық көшелеріне дейінгі бағытта жүздеген жарық кронштейн мен гирлянда орнатылды. Атап айтқанда, Майлин көшесі, Құлжа тасжолы, Шығыс айналма автожолы, әл-Фараби, Достық, Абай және Назарбаев даңғылдары мерекелік жарықпен көмкерілді.
21 мұз айдыны
Қала бойынша барлығы 21 мұз айдыны безендірілді, 480 шағын сәулет нысаны орнатылды, 2000-нан астам жарық кронштейн пайдаланылды, 47 көпір мен жерүсті жүргіншілер өткелі көркемделді, сондай-ақ шамамен 2200 ағаш мерекелік шамдармен безендірілді. Алматыда 74 жаңажылдық шырша орнатылды, оның 30-ы мемлекеттік, ал 44-сі жеке меншік шыршалар.
Әшекейлер қалпына келтірілді
Биыл жаңажылдық әшекейлердің бір бөлігі қалпына келтіріліп, қайта қолданылды. Атап айтқанда, 56 шағын сәулет нысаны жаңартылды, оның ішінде 4 жаңажылдық шырша, 45 мерекелік ағаш үйшік және 7 ірі жарық құрылымы бар.

Ертегі кейіпкерлері
Қалалық кеңістіктің көркемдік мазмұнына ерекше назар аударылды. Алматының әр ауданында ертегі кейіпкерлерінің жарық мүсіндері, 2026 жылдың символикасымен безендірілген арт-нысандар, қар ұшқыны, сыйлық, бұғы және жаңажылдық шарлар пішініндегі сәндік композициялар орнатылды. Аталған кескіндемелер қала тұрғындары мен туристер үшін танымал фотоаймаққа айналды.
Ағаш үйшіктер
Жаңажылдық безендірудің маңызды элементтерінің бірі - мерекелік жәрмеңке стилінде жасалған ағаш үйшіктер. Олар сауда павильондары, интерактивті алаңдар және қалалық декор элементтері ретінде пайдаланылады.

Шағын сәулет нысандары
Мерекелік көркемдеуде «Таза Қазақстан» тақырыптық шағын сәулет нысандары ерекше орын алады. Аталған нысандар Алматы халықаралық әуежайында және Алматы-2 теміржол вокзалында орнатылған. Олар жаңажылдық дизайнды экологиялық мазмұнмен үйлестіре отырып, қоршаған ортаның тазалығына қамқорлық жасау, табиғатқа ұқыпты қарау және экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру идеясын білдіреді.